Қазақстан бидайының климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыру және Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту

2020 ж. 28 January

 

 

 

Орталық Азия елдері – Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның теңізге шығу мүмкіндіктері жоқ және олар табиғи ресурстарға тәуелді. Кеңес дәуірінен бұл елдерге мұраға жоғары интеграцияланған инфрақұрылым мен азық-түлік өнеркәсібі мен сонымен бірге аймақтық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін шиеленістер де қалып отыр. Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі осал, ал аймақ тарихында қақтығыстар мен саяси тұрақсыздық кезеңдері бар.

Орталық Азия республикалары үшін негізгі дақыл Қазақстанда өсірілетін бидай болып табылады. Қазақстан әлемде бидай өсіруден 9-шы және оны экспорттаудан 7-ші орында. Орталық Азияның басқа төрт республикасы мен Ауғанстан Қазақстан бидайының ең ірі импорттаушылары болып табылады және бұл елдердегі импорт 2004 жылдан бері екі еседен астам өсті. Мысалы, Тәжікстан мен Қырғызстанда бидай күнделікті калория тұтынудың 60%-тен астамын құрап, бұл бидайдың едәуір бөлігі Қазақстаннан импортталады. Азық-түлік бағаларының күрт өсуі Тәжікстан мен Орталық Азияның басқа республикаларында азық-түлік қауіпсіздігі болмауының негізгі себептерінің бірі болып табылады.

Өкінішке орай, Қазақстанның бидай секторы климаттың өзгеруіне өте осал. 2030 жылдан кейін климаттың өзгеруіне байланысты жаздық бидай өндірісі 25-70%-ке қысқарады деп күтілуде. Бидай өндіру азаятын болса, бұл бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді.

1 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі USAID грантының қолдауымен БҰҰДБ «Қазақстан бидайының климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыру және Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту» жобасын іске асырды. Жобаның мақсаты – қазақстандық бидай секторында бейімделу процесіне жағдай жасау, сондай-ақ климат өзгеруінің Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігіне әсеріне қатысты өңірлік диалог құру. Жобаның үш негізгі компоненті:

1. Қазақстандағы климаттың өзгеруіне бидай өндірісінің төзімділігін арттыру үшін ақпарат жинау. Климаттық өзгерістердің теріс әсері туралы ақпараттың жоқтығы бейімделу процестеріне кедергі келтіреді. Сондықтан бұл компонент Қазақстанда бидай өсіруге климаттың күтілетін әсерін түсінуді жақсартуға және осы ақпаратты негізгі мүдделі тараптарға үздіксіз жеткізу жүйесін дамытуға бағытталған.

2. Қазақстандағы бидай өндірісінің климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру – үкімет, өндірушілер және ғылыми қоғамдастық бидай өндірісінің төзімділігін арттыру үшін бірқатар шаралар қабылдады. Бұл компонент қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді бейімделу әрекеттерін анықтап, содан кейін оларды шешімдер қабылдаудың қолданыстағы процестеріне ендіру үшін мүдделі тараптарды біріктіруге бағытталған.

3. Бидай, климаттың өзгеруі мен аймақтық азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты аймақтық диалог. Қазақстан бидайының негізгі импорттаушылары болып табылатын Орталық Азияның басқа төрт республикасы мен Ауғанстан бидайдың болуы мен оның бағасының ықтимал ауытқуларына дайындықты бастады. Бұл компонент аясында осы елдер мен Қазақстан өздерінің аймақты климат өзгеруінің бидай өндірісіне деген ықтимал әсерінен қорғау үшін ұлттық және аймақтық деңгейде қабылданған қауіп-қатерлерді азайту стратегияларын талқылау үшін бірікті.