COVID-19: 1990 жылдан бері алғаш рет адамзат дамуы төмендеу бағытын алады

2020 ж. 20 May

 

Тең құқықтыққа бағытталған келісілген іс-әрекеттер осы бұрын-соңды болмаған дағдарыстың салдарын жеңілдетуі мүмкін: тек сандық алшақтықты қысқарту арқылы мектепке бармайтын балалардың санын үштен екіден артық мөлшерге азайтуға болады.

Нью-Йорк, 20 мамыр 2020 ж. – Білім беру, денсаулық сақтау және өмір сүру деңгейі көрсеткіштері негізінде өлшенетін Жаһандық адам даму индексі, - осы жылы 1990 жылы осы тұжырымдаманы енгізілген сәттен бастап алғаш рет төмендеуі мүмкін, деп атап өтті Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ).

«Соңғы 30 жыл ішінде әлем, 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысын қоса алғанда, көптеген дағдарыстардың куәсі болды. Олардың әрқайсысы адамзат дамуына ауыр тиді, бірақ тұтастай алғанда, бүкіл әлемде қол жеткізілген даму саласындағы жетістіктер жылдан жылға артып келеді», - деп мәлімдеді БҰДДБ әкімшісі Ахим Штайнер. «COVID-19 індетінің денсаулық сақтау, білім және кірістерге жасаған үш ауыр соққысы бұл тенденцияны өзгертуі мүмкін».

 

 

Адамзат дамуының негізгі салаларындағы құлдырау көптеген елдерде және әрбір өңірде сезілуде.

COVID-19 індетінен қаза болғандар саны 300 000 адамнан асты. Биылғы жылы жан басына шаққандағы жаһандық табыстың қысқаруы 4%-ды құрайды деп күтілуде.

БҰҰДБ бағалауы бойынша, мектептердің жабылуына байланысты, Интернетке қолжетімділігі жоқ балаларды есепке ала отырып түзетумен алғандағы есеп бойынша, мектеп жасындағы балалардың пайыздық үлесінің ағымдағы көрсеткіші балалардың 60%-ы білім алу мүмкіндігінен айырылатынын куәландырады. Әлемде соңғы рет мұндай жағдай 1980 жылдары болған.

Осы сілкіністердің жиынтық әсері бүкіл адамзат тарихындағы ең ірі адам әлеуеті дамуының құлдырауына алып келді.

Сонымен қатар, мысалы, гендерлік теңдік жолындағы прогрестің баялауы секілді пандемияның басқа да елеулі салдарларын ескерген жөн. COVID-19 дағдарысының әйелдер мен қыздарға әсері экономикалық салада (табыстың төмендеуі және қаражат жинақтаудың қысқаруы, жұмысқа орналасу тұрақсыздығы), репродуктивті денсаулықта, ақы төленбейтін үй еңбегінің артуы мен гендерлік зорлықтың өсуінен байқалуда.

COVID-19: теңсіздіктің «ұлғайтқыш шынысы»

Адам әлеуетінің даму деңгейінің төмендеуі дамушы елдерде елеулі дәрежеде байқалады деп күтілуде, себебі бұл елдерде дамыған елдермен салыстырғанда пандемияның әлеуметтік және экономикалық салдарларын еңсеру қабілеті төменірек.

Ұйымның бағалауы бойынша, бұл теңсіздік білім беру саласында аса қатты білінеді. Карантинге байланысты әлемнің көптеген елдерінде мектептер жабылып, балалар онлайн оқуға көшкен кезде, адам дамуының төмен деңгейіне ие елдерде оқушылардың 86%-ы біліммен қамтылмай қалды, ал даму деңгейі жоғары елдерде бұл көрсеткіш 20%-ды құрады.

Интернетке әмбебап қолжетімділікті қамтамасыз ету аталмыш теңсіздікті жоюға жәрдемдесе алады.

Теңдікке және әділдікке бағытталған батыл ден қою шаралары COVID-19 пандемиясының ұзақ мерзімді салдарларын жұмсартуға мүмкіндік береді.

«Дағдарыс, егер біз саясат құралдарына теңдік мәселелерін қоса алмасақ, көбісі «шетте қалатынын» көрсетуде. Бұл мәселе қашықтықтан білім алу, телемедицина артықшылықтарын пайдалануға және үйден жұмыс істеуге көмектесетін Интернет желісіне әмбебап қолжетімділік секілді XXI ғасырдың «жаңа қажеттіліктеріне» қатысты айрықша маңызға ие», - дейді БҰҰДБ адам дамуы туралы Есеп беру бюросының директоры Педро Консейсао.

Теңдікке бағдарланған тәсілдемелерді енгізуді жүзеге асыруға болады.  Мысалға, табыс деңгейі төмен және орташа елдердегі барлық адамдарды қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету, бағалаулар бойынша, әлемдік қоғамдастық COVID-19 дағдарысына қарсы күреске бөліп жатқан қаржылық қолдау сомасының не бары бір пайызын ғана алады.

Теңдікті қамтамасыз етудің маңыздылығы Біріккен Ұлттар Ұйымының COVID-19 дағдарысына жауап ретінде шұғыл әлеуметтік-экономикалық шаралар қабылдау жөніндегі Негіздемелік Бағдарламасында атап көрсетіледі. Аталмыш бағдарламада «жасыл», тиімді, гендерлік аспектілерді ескеретін басқарудың базалық принциптері айтылады.

Бағдарлама дағдарысты еңсеру жөніндегі қызметтің бес басым бағытын ұсынады: денсаулық сақтау жүйелері мен қызметтерін қорғау; халықты әлеуметтік қорғауды күшейту; жұмыс орындарын сақтау және шағын және орта бизнеске, экономиканың бейресми секторына көмек көрсету; макроэкономикалық саясатты барлық адамдардың игілігі үшін қолайлы етіп құру; әлеуметтік ынтымақты нығайту мақсатында бейбітшілікке, тиімді басқаруға және сенімге жәрдемдесу.

БҰҰДБ халықаралық қоғамдастықты дамушы елдердің осы іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге жедел инвестиция салуға шақырады.