БҰҰДБ Нұр-Сұлтандағы жаңа ауруханаға медициналық қалдықтарды кәдеге жарататын автоклавты табыстады

2020 ж. 25 August

 

25 тамыз 2020, Нұр-Сұлтан қ. – Бүгін БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) COVID-19 науқастарына қызмет көрсету үшін қайта бейімделген Қалалық фтизиопульмонологиялық орталығына инфекцияланған қалдықтарды залалсыздандыруға арналған жабдықты (автоклав), сондай-ақ қалдықтарды қауіпсіз жинауға арналған контейнерлерді ресми түрде табыстады.

Жабдықтарды табыстау шарасы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің төтенше жағдайларға тұрақтылығын нығайтуға, атап айтқанда емдеу мекемелерінде медициналық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жақсартуға бағытталған БҰҰДБ мен Азия даму банкінің (АДБ) бірлескен бастамасының бірінші кезеңі шеңберінде жүзеге асырылды. Жаһандық деңгейде БҰҰДБ қазірдің өзінде 80 млн. АҚШ долларынан астам сомаға жеке қорғаныс құралдары мен медициналық тауарларды сатып алу үшін 88 елге қолдау көрсетті.

«Біз медициналық қалдықтарды басқарудың қауіпсіз жүйесін құруда Қазақстанға қолдау көрсетуге қуаныштымыз. Адамдарды қорғау және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты және экологиялық қалпына келтіру мен дамуды қолдау біздің АДБ-мен қалыптастырған серіктестігіміздің негізі болып табылады», - деп атап өтті Якуп Бериш, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі.

COVID-19 пандемиясының басталуымен медициналық қалдықтардың көлемі күрт өсті.  Медициналық мекемелердің қабырғасында медициналық қалдықтарды дереу кәдеге жарату инфекцияның ауруханалардан тыс жерге таралуына жол бермейді және медицина қызметкерлері арасында COVID-19 індетімен ауыру деңгейін төмендетеді.

«Коронавирус пандемиясы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне қатты қысым жасады және қауіпті медициналық қалдықтарды дұрыс басқару маңыздылығын айқындады. АДБ мен БҰҰДБ өздерінің тығыз серіктестіктеріне сүйене отырып, вирустың одан әрі таралуын болдырмау және халықты қорғау үшін медициналық қалдықтарды басқаруды жақсарту бойынша бірлесіп жұмыс істейді», - деді Джованни Капаннелли, АДБ-нің Қазақстандағы өкілі.

БҰҰДБ мен АДБ-нің жаңа бастамасы шеңберінде медицина қызметкерлеріне арналған стандарттар мен нұсқаулықтар әзірленіп, олардың емдеу мекемелерінде медициналық қалдықтарды дұрыс жинау, сұрыптау, кәдеге жарату, тасымалдау және мониторинг жүргізу дағдылары жақсара түседі деп күтілуде. Сондай-ақ, жоба шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық қалдықтарды тиімді басқару үшін цифрлық деректер базасы әзірленетін болады. Бұл бастама медициналық қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесінің негізін қалайды, және де COVID-19 пандемиясы кезінде, сондай-ақ пандемия аяқталғаннан кейін де пайдасын тигізеді.

Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қалалық фтизиопульмонологиялық орталығы емдеу мекемесінің базасында пилоттық Инфекцияланған медициналық қалдықтарды қауіпсіз жинау және залалсыздандыру орталығының ашылуына ұштастырылып отыр. Орталықтың ашылуына БҰҰДБ, АДБ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.