БҰҰДБ Қазақстан өңірлерінде жастар хакатондарының топтамасын өткізеді

2022 ж. 8 November
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Ақтау, 2022 жылғы 08 қараша – Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанда SKILLS UP деп аталатын өңірлік жастар хакатондарының топтамасын өткізе бастады. Хакатондардың мақсаты – ХХІ ғасырдың дағдылары мен құзыреттері туралы хабардарлықты арттыру, жастарды STEM (жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия және математика) мамандықтарына тарту, цифрлық және кәсіпкерлік дағдыларды дамыту, сондай-ақ өмірдің оң сценарийлерін іске асыруға ынталандыруды арттыру.

Жаһандық білім индексіне сәйкес, бүгінде Қазақстан 154 елдің ішінде 78-ші орында тұр. Елде біліммен қамтудың деңгейі жоғары болса да, ҒЗТКЖ мен инновациялар бойынша көрсеткіштер төмен (154-тен 124-ші орын). Қазақстанда салалар мен компаниялардың дағдыларға деген қажеттіліктері мен жастардың қандай білімді игеретіні арасындағы алшақтық айқын көрінеді. Үнемі өзгеріп отырған әлемде еңбек нарығын қазіргі сын-тегеуріндердің инновациялық және технологиялық шешімдерін ұсына алатын мамандармен қамтамасыз ету міндеті Қазақстан үшін өзекті болып табылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Бүгінгі таңда білімге негізделген өсу адам дамуының негізі, жаңалықтар мен инновациялардың қозғаушы күші болып табылады. Міне, сондықтан ұлттық әріптестерімен бірге БҰҰДБ басты дағдыларды, технологиялық беталыстарды, инновацияларды, сондай-ақ білімге негізделген экономиканы құру үшін білім беру қызметтерін ұсынудың жаңа тәсілдерін талқылау үшін Білім апталығы платформасын құрып отыр», –
деп атап көрсетті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

SKILLS UP жастар хакатоны ағымдағы жылдың желтоқсан айында БҰҰДБ қолдауымен өтетін 2022 Ұлттық білім апталығының негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. Бірінші өңірлік хакатон Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде өтті; келесі үшеуі Түркістан (10 қараша), Қарағанды (14 қараша) және Шығыс Қазақстан облыстарында (16 қараша) өтеді. Әрбір хакатонда үш жеңімпаз топ анықталады. Іріктелген 12 топ Алматы қаласында өтетін шешуші сайыс кезінде бас жүлде – стартапты іске асыруға арналған грант үшін күресу мүмкіндігіне ие болады.

Өңірлік хакатондар қарсаңында тіркелген 500-ден астам қатысушы онлайн қарқынды білім беру апталығына қатысты. Олар үшін идеялар мен гипотезаларды тексеруден бастап бизнес-модельдер мен прототиптер жасауға дейін нөлден бастап стартап құру бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, интенсив кезінде монетизация стратегияларын құру, no-code әзірлеу және Arduino-да прототиптеу бойынша сабақтар өткізілді.