Солтүстік Қазақстан облысында өңірлік орнықты даму бойынша стратегиялық сессия өтті

2025 ж. 22 August
A speaker in a blue shirt stands in front of a presentation screen with graphics and text.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Андрей Воловик

2025 жылғы 21 тамызда Солтүстік Қазақстан облысында 2026–2030 жылдарға арналған Өңірлік даму бағдарламасын әзірлеуге қолдау көрсету мақсатында стратегиялық сессия ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық әкімдік, мәслихат, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, азаматтық қоғам және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысты. Сессия БҰҰДБ-ЖЭҚ «Солтүстік Қазақстан ландшафтысында ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жүйесін және экожүйелерді сақтауды ілгерілету» атты жобасы аясында өткізілді (FOLUR).

Сессия барысында қатысушылар функционалды-кеңістіктік аймақтау әдістемесін сынақтан өткізіп, көрсеткіштер жиынтығының қолдану мүмкіндігін бағалап, Бағдарлама жобасына енгізуге арналған ұсыныстар әзірледі. Даму әлеуеті мен шектеулері бар аймақтар, сондай-ақ ішкі теңгерімсіздіктер анықталды. БҰҰДБ сарапшылары алдын ала аналитикалық деректер мен көрсеткіштер жүйесін ұсынды. Топтық жұмыс форматы қатысушыларға негізгі тақырыптық бағыттар бойынша даму сценарийлерін әзірлеуге мүмкіндік берді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Андрей Воловик

Сессияның өзектілігі өңірдің экологиялық және экономикалық сын-қатерлерімен байланысты. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 75%-дан астамы деградацияға ұшыраған, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, аграрлық сектордың орнықтылығын төмендетеді. Солтүстік Қазақстан ұлттық ауыл шаруашылығы өндірісінде маңызды рөл атқарады және FOLUR жобасы қамтитын төрт өңірдің бірі — Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарымен қатар. 2023 жылы осы өңірлердегі егістік жерлердің жалпы ауданы 17 миллион гектардан асып, Қазақстандағы барлық егістік жерлердің 71%-ын құрады.

FOLUR аумақтық дамуға ғылыми негізделген тәсілді ұсынады. Бұл тек картография мен цифрлық құралдардан ғана емес, жер деградациясы деңгейі, биоалуантүрлілік, су ресурстары және климаттық тәуекелдер ескерілетін экономикалық және экологиялық талдауды қамтиды. Мұндай тәсіл жерді тиімді пайдалануға, салалық қайшылықтарды азайтуға және экожүйе қызметтерін сақтауға көмектеседі.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Андрей Воловик

Жұмыс біріктірілген жер пайдалану жоспарлау әдістемесіне негізделген. Бұл тәсіл салалар арасындағы үйлесімділікті арттырып, табиғи ресурстарды орнықты басқаруға және климатқа бейімделуге ықпал етеді.

Солтүстік Қазақстандағы сессия Қазақстанның басқа өңірлеріне таратуға болатын орнықты шешімдерді іске асыру жолындағы маңызды қадам болды. Ол саларалық ынтымақтастықты нығайтып, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік өлшемдерді біріктіретін кешенді даму бағдарламасының негізін қалады.

A group of seven professionals posed together in a modern, well-lit setting.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Андрей Воловик