Қазақстан фермерлері Германиядағы алдыңғы қатарлы ауылшаруашылық кәсіпорындарға барып қайтты

2023 ж. 27 March
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Астана, 2023 жылғы 27 наурыз – Қазақстандық фермерлер ауыл шаруашылығында «жасыл» технологияларды енгізудің экономикалық пайдасын зерттеп білу мақсатында Германияға барды. Бұл сапар климаттық оңтайландырылған агротехнологияларды енгізу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру шеңберінде БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), «Атамекен» ҰКП мен Жапония Үкіметінің қолдауымен өтті. Қатысушылардың қатарына жаңартылатын энергия көздерін (жел мен күн) пайдалану жөніндегі шешімдерді пилоттық сынақтан өткізген фермерлік шаруашылықтар кірді.

Фермерлер пеллет (престелген ауылшаруашылық өндіріс қалдықтары мен ағаш қалдықтарынан жасалатын қатты отынның цилиндр тәріздес түйіршіктелген түрі), биогаз қондырғыларын шығаратын зауыттарға, сондай-ақ сүт фермасы мен бүгінде толығымен «таза» күн энергиясымен жұмыс істейтін ауылға барып көрді. Қатысушылар «жасыл» технологиялар мен одан әрі өңдеу үшін биошикізатты қолданатын шаруашылықтардың экономикалық тиімділігі мен тұрақтылығына көз жеткізуге мүмкіндік алды.
 

«Біздің фермамыз қорыққа жақын, жетуге жолы қиын өңірде орналасқан, сол себепті электр коммуникациялары фермаға тартылмаған. Жобаға қатысу арқылы менің қожалығымда суды жылытуға арналған гелиожүйе мен электр қуатын өндіруге арналған күн панельдері орнатылды. Осында, Германияда біз «жасыл» энергияны пайдалану мен қалдықтарды қайта өңдеудің барлық артықшылықтарын анық көрдік. Қазақстанның басқа өңірлерінен келген фермерлермен танысқан соң бізге болашақта тәжірибе алмасу үшін өз шаруашылықтарында осындай технологияларды енгізетіндердің қауымдастығын құру идеясы келді», – .
деп бөлісті Риддер қаласынан келген фермер Татьяна Поспелова.

Айта кететін болсақ, Германияда 90-шы жылдардың аяғынан бастап энергия тиімділігін арттыру мен жел, күн, су және биомасса сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды барынша жылдам кеңейту мәселелеріне басты назар аударылып келеді. 2030 жылға қарай Германияда тұтынылатын электр энергиясының кем дегенде 80%-і жаңартылатын көздерден өндірілуге тиіс. Энергиямен жабдықтау жүйесін осылайша түбегейлі қайта құру Германияның 2045 жылға қарай климаттық бейтарап өнеркәсіптік дамыған елге айналуының басты шарты болып табылады.

«Біз неміс әріптестеріміздің тап осы табиғи ресурстарды үнемдеу тұрғысынан қаншалықты алға кетіп қалғанын анық көріп отырмыз. Шаруа қожалықтарында қалатын барлық қалдықтар электр энергиясы мен тыңайтқыштар өндірісінде пайдаланылады. Осы тәжірибені Қазақстандағы жағдайға бейімдеп енгізу қазақстандық кәсіпкерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе бізде де табысты түрде іске асады деп үміттенеміз», –
деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Ербол Есенеев.

 

Жапония Үкіметі қаржыландыратын БҰҰДБ жобасы шеңберінде қуаңшылықты болжау мен оның алдын алуға арналған жабдық сатып алынып, «Қазгидрометке» берілді. Жаңа жабдық қолданыстағыға қосымша болып табылады және өңірлік билік органдары мен фермерлік шаруашылықтарды хабардар ету үшін қуаңшылықтың басталуы туралы болжамдарды жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жапония Үкіметі БҰҰДБ-ң «Климаттық уәде: уәдеден – іс-қимылға» атты жаһандық бастамасын іске асырудағы ең ірі әріптесіне айналды. Бұл бастама БҰҰДБ-ң климат пен даму саласындағы Париж келісімі бойынша елдердің ұлттық міндеттемелерін орындауда оларға қолдау көрсету жөніндегі жаһандық ұсынысы болып табылады.