Ақтауда ТДМ-ға қол жеткізу бойынша екінші Ерікті ұлттық шолуды талқылау мақсатында кеңес өтті

2022 ж. 5 April

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бүгін Ақтауда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Тұрақты даму саласындағы мақсаттарға (ТДМ) қол жеткізу бойынша Ерікті ұлттық шолуды талқылау мақсатында сараптамалық кеңес өтті. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, жастар ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ-тың 80-нен астам өкілі қатысты.

Іс-шараны ашқан Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш мыналарды атап өтті: «Ерікті ұлттық шолуды дайындау – бұл қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатқан инклюзивті процесс. Мұндай консультациялар көптеген азаматтардың пікірлері мен проблемаларын ескеруге және ТДМ-ның «ешкімді артта қалдырмау» деген түйінді қағидатын ұстануға көмектеседі. Бүгінгі таңда консультациялар Қазақстанның 11 өңірінде өткізілді».

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

2019 жылы БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Үкіметіне өңір үшін неғұрлым өзекті және басым мақсаттарды айқындау жолымен ТДМ-ны оқшаулауда жергілікті атқарушы билік органдарына көмек көрсету үшін «Миссия-2030» деп аталатын тиімді құралды ұсынды. Бұл құрал Тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізудің маңыздылығы туралы жұртшылықты хабардар етуге де көмектеседі. Ақтауда талқылау барысында қатысушылар өңір үшін бірінші дәрежелі маңызы бар мынадай тақырыптарды анықтады: теңсіздік (ТДМ 1), жақсы денсаулық және әл-аухат (ТДМ 3), сапалы білім (ТДМ 4), таза су және санитария (ТДМ 6), лайықты жұмыс және экономикалық өсу (ТДМ 8).

Талқылау нәтижелері 2022 жылғы шілдеде Нью-Йорктегі БҰҰ-дың жоғары деңгейдегі Саяси форумында, сондай-ақ маусым айында Швецияның Стокгольм қаласында өтетін «Стокгольм+50: жалпыға ортақ өркендеу үшін сау планета - бұл біздің жауапкершілігіміз, мүмкіндігіміз» атты халықаралық кездесуде ұсынылатын Ерікті ұлттық шолуға енгізілетін болады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Ақтауға сапары барысында Виталий Времиш сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратовамен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде жастар мен әйелдерге қолдау көрсетуге ерекше назар аудара отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылады.