БҰҰДБ Абай және Ұлытау облыстарында қалдықтарды басқару жүйелерін нығайту және ӨКМ тетіктерін енгізу бойынша семинар өткізді
2026 ж. 11 March
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
2026 жылғы 11 наурызда, Астана қаласында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Абай және Ұлытау облыстарында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйелерін нығайту және өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) тетіктерін енгізуді ілгерілету мақсатында жұмыс семинарын өткізді.
Іс-шараға облыстық әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық ӨКМ Операторы және «Жасыл Даму» АҚ қатысты. Қатысушылар қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жетілдіру, қайта өңдеу деңгейін арттыру және өңірлік деңгейде ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту бойынша практикалық шешімдерді талқылады.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстандағы БҰҰДБ бағдарлама аналитигі Ботагөз Юсупова қалдықтарды басқаруға өңірлік ерекшеліктерді ескеретін кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті және ӨКМ тетіктерін жүйенің орнықтылығы мен тиімділігін арттырудың негізгі құралы ретінде көрсетті.
«Өңірлік деңгейде қалдықтарды басқару жүйелерін күшейту экологиялық орнықтылық пен жергілікті экономикалық дамудың маңызды шарты болып табылады. ӨКМ тетіктерін практикалық қолдануды қолдау арқылы БҰҰДБ өңірлерге бытыраңқы шешімдерден тиімді әрі айналымды қалдықтарды басқару модельдеріне көшуге жәрдемдесуді көздейді»,— деді ол.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Жасыл Даму» АҚ өкілдері Қазақстанның әр өңірінде қолданылып жүрген қолдау шаралары мен енгізу тәжірибелері туралы ақпаратпен бөлісті.
«Қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін дамыту мемлекет, бизнес және өңірлер арасындағы тығыз ынтымақтастықсыз мүмкін емес. «Жасыл даму» АҚ өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі құралдарын жүйелі түрде енгізіп келеді, олар қайта өңдеуді ынталандыруға және экологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бүгінгі семинар сияқты алаңдар өңірлердің тұрақты дамуына арналған нақты практикалық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Кабдолданов.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
Семинар «Орнықты даму: жаңадан құрылған өңірлердегі диспропорцияларды азайту» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба 2024 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты — жергілікті атқарушы органдардың әлеуетін нығайту, азаматтарды тарту тетіктерін дамыту және Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) өңірлік деңгейде ілгерілету.
Семинар барысында қатысушыларға БҰҰДБ сарапшыларының Абай және Ұлытау облыстарында жүргізген талдамалық жұмыстары мен далалық сапарларының нәтижелері таныстырылды. Топтық жұмыс форматында қатысушылар қалдықтарды жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымын жақсарту, қайта өңдеу деңгейін арттыру және мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша басым шараларды анықтады.
Семинар Абай және Ұлытау облыстарында тиімді, экологиялық жауапты және орнықты қалдықтарды басқару жүйесін қалыптастыру бағытында ынтымақтастықты жалғастыру туралы ортақ уағдаластықпен аяқталды.