Жаңартылатын энергия көздері Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтайды

2023 ж. 17 May

Сандуғаш пен Жұмабек

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

«Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі ерлі-зайыпты Сандуғаш пен Жұмабекті көпшілік біледі. Олар – Қазақстанның табиғи паркінде Солтүстік Тянь-Шань тауларының бірегей биоалуантүрлілігін қорғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік инспекторлар.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркі – Қазақстанның ең ірі бес паркінің бірі. Ол 161,000 га аумақты алып жатыр және солтүстігінде Қырғызстанмен шектеседі. Өзінің бірегей биоалуантүрлілігінің арқасында парк ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ол өзінің әсем ландшафттарымен, тау пейзаждарымен, биік тау көлдерімен таң қалдырады және Тянь-Шань қоңыр аюы, ақтөс сусар, қар барысы, Тянь-Шань арқары сияқты сирек кездесетін Қызыл кітапқа енген жануарлардың, сондай-ақ сирек кездесетін өсімдіктердің – күнгей қауы, Сиверс алма ағашы, Шренк шыршасы және т.б. мекені болып табылады.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі Көлсай көлі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Парктің нағыз інжу-маржаны – «Солтүстік Тянь-Шань тауының інжу-маржаны» деп аталатын үш биік таулы көл жүйесін құрайтын Көлсай көлдері. Тағы бір табиғат кереметі – су беті ғасырлық шыршалармен безендірілген Қайыңды көлі. Көл XX ғасырдың басындағы жойқын Кемин жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған.

Қайыңды көлі XX ғасырдағы жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болды

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Ұлттық паркте Сандуғаш пен Жұмабек жыл бойы дерлік шалғай учаскеде – № 6 кордонда жұмыс істеп, осында бірге тұрады. Өзі туралы айта келе, Жұмабек Сұраншиев паркте жұмыс істеген 13 жыл ішінде бұл жерлерге бауыр басып қалғанын және әрбір тау баурайын, шатқал мен соқпақтарды жатқа білетінін айтты.

«Сандуғашпен бірге жыл ішіндегі 11 ай бойы кордонда тұрамыз, тәулік бойы дерлік қызмет етеміз. Екеуіміз де табиғат пен ұлттық паркімізді жақсы көреміз, сондықтан жұмысымызды қуана істейміз», – дейді ол.

Жұмабек пен Сандуғаш – «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Әйгілі ұлттық парк Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы көркем ауданда, Жалаңаш, Қарабұлақ пен Саты ауылдарының жанында орналасқан, сондықтан парк қызметкерлерінің басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Штатқа 126 қызметкер кіреді, олардың 71-і табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар. Олардың көпшілігі отбасымен жұмыс істейді, олардың арасында Сандуғаш пен Жұмабек те бар. Үйлері Саты ауылында орналасқан, онда олар балаларымен бірге тұрады. Екеуінің алты баласы бар – төрт қыз бен екі ұл, немерелері де бар.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде 120-дан астам қызметкер бар, олардың көпшілігі – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы ауыл тұрғындары

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Жұмабек ұлттық парктегі жұмысын 2010 жылы табиғат қорғау бөлімінде мемлекеттік инспектор қызметінен бастады. Осы кезде ол шалғай учаскеге – табиғи аумақтарды күзетуге арналған кордонға жіберілді. Сандуғаш та жұбайымен бірге аттануға бел буды. Жеті жылдан кейін ол өзі де парктің мемлекеттік инспекторы болды.

Жұмабек Сұраншиев – «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің мемлекеттік инспекторы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Табиғи учаскеде тағы алты инспектор жұмыс істейді, бірақ кордонда қысы-жазы тұратындары Жұмабек пен Сандуғаш қана. Олар 4650 га аумақты күзетіп, табиғатты қорғау режимінің сақталуын қамтамасыз етеді, ал өрт туындаған жағдайда оны сөндіруге қатысады. Сондай-ақ, инспекторлар жабайы табиғатқа бақылау жүргізіп, Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар әлемдік биоалуантүрлілік үшін ерекше құндылығы бар сирек кездесетін Қызыл кітапқа енген түрлерді қоса алғанда ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдеседі.

№6 кордон ұлттық парктің шалғай учаскесінде орналасқан. Сандуғаш пен Жұмабек осында тұрады және жұмыс істейді

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сандуғаш туристермен жұмыс істеу олардың кордондағы инспектор міндеттерінің бірі екенін айтады. Бүгінгі таңда «Көлсай көлдері» ұлттық паркі – Қазақстандағы ең танымал демалыс орны. Жыл сайын мұнда 200 000-нан астам турист келеді, олардың бір бөлігі кордонның жанындағы өткізу пункті арқылы өтеді, бұл жерде Жұмабек пен Сандуғаш оларға табиғаттағы мінез-құлық ережелерін түсіндіріп, құжаттарды тексереді.

Ұлттық паркте тәулік бойы табиғи аумақтарды күзететін 70-тен астам мемлекеттік инспектор бар

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Алайда, демалушылармен жүргізілетін түсіндіру жұмысына қарамастан, табиғи аумақтарда өрт шығу жағдайлары әлі де жиі кездеседі.

«Өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз. Өкінішке орай, туристердің абайсыздығына байланысты өрт шығу жағдайлары жиі кездеседі. Бірақ біз оларды тез жоямыз», – дейді Сандуғаш.

Туристік маусымның басталуымен байланысты тағы бір өзекті мәселе – демалушылар табиғатта қалдыратын қалдықтар, сондықтан мемлекеттік инспекторлар ұлттық парктің аумағында қоқыс жинау шараларын өткізуге мәжбүр болады.

Сандуғаш Ақынова – мемлекеттік инспектор

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сандуғаш кордондағы өмірінің бірінші жылы ол үшін оңай болмағанын есіне алады. Үйде электр қуаты жоқ болды, бұл тұрмыс пен жұмыс жағдайларына әсер етті. Электр қуатының жетіспеушілігі қыс түскенде әсіресе қатты сезілетін.

«Біз кордонға көшкен кезде электр қуаты тек рацияларды қайта зарядтауға жеткілікті болды – күніне 1-2 сағат. Ең қатты қиналғанымыз қыс мезгілінде болды: күннің қысқа болуына байланысты біз күні-түні электр қуаты мен жарықсыз өмір сүретінбіз. Пешті шам жарығымен жағатынбыз, тамақты шам жарығымен дайындап ішетінбіз, жұмысқа қараңғыда жиналатынбыз», – дейді Сандуғаш.

Инспекторлар кордонда жылына 11 ай тұрады

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Шалғайдағы кордондарда жұмыс істеудің қиын жағдайлары туралы Жұмабек те әңгімелейді. Кейде ол және оның әріптестері қажетті жабдықтарды, соның ішінде радиобайланыс құралдарын зарядтау үшін ауылға баратын. Сонымен бірге, әсіресе ұлттық парктің кең алқапты әрі жетуге қиын аумақтарын патрульдеу кезінде рациялар мемлекеттік инспекторлар мен орталық кеңсе арасындағы байланыстың маңызды және кейде жалғыз көзі болып табылады.

«Біз қызметімізді кез келген ауа райында: қарда да, бұршақта да атқарамыз. Температура мен атмосфералық қысымның күрт өзгеруіне алып келетін 3500 метр биіктікте орналасқан жетуге қиын аудандарға 2-3 тәулікке баратынымыз да сирек емес. Сондықтан байланыс өте маңызды, кейде адамдардың өмірі, соның ішінде біздікі де соған байланысты», – деп түсіндіреді Жұмабек.

Жұмабек пен Сандуғаш күнде 4,650 га табиғи аумақты күзетеді

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Электр қуатына қатысты бұл жағдай 2023 жылдың басында ұлттық паркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) бастамасымен заманауи жел-күн электр станциялары орнатылған кезде өзгерді. Жоба шеңберінде «Көлсай көлдері» паркінің шалғай табиғи аумақтарында қуаты 2 кВт-қа тең үш жел-күн жүйесі орнатылды, олардың бірі Сандуғаш пен Жұмабек тұратын кордонда орын тепті.

Сандуғаш жұбайын кейде 2-3 күнге созылатын табиғи аумақтарды патрульдеу үшін кезекшілікке шығарып салып жатыр

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазір ерлі-зайыптылар жарты жыл бұрын ғана электр қуатын үнемдеу қажет болғандығын таңдана естеріне алады. Осы күні олар электр қуаты мен жарыққа тәулік бойы қол жеткізе алады, теледидар жұмыс істейді, бірақ ең бастысы – тұрақты радио байланысының болуы. Оның үстіне, жел-күн жүйесі ауа райына қарамастан тоқ алуға мүмкіндік береді, бұл аймақтың күрт континентальды климатында өте маңызды.

«Станцияны орнатудың арқасында отбасымыздың өмір сүру жағдайлары жақсарды. Теледидар көруге мүмкіндік туды, әр бөлмеде жарық бар, орталық кеңсемен тұрақты радиобайланыс бар. Біз ауыр кезекшіліктен кейін күшімізді қалпына келтіре аламыз. Көңіл-күй жақсарды!», – деп бөліседі Жұмабек.

Бүгінде үйде үздіксіз электр қуаты бар, теледидар жұмыс істейді

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Электр қуатының жетіспеушілігі Қазақстанның шалғай өңірлерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда кездесетін өзекті мәселе болып табылады. Оның шешімі – атмосфераға көмірқышқыл газы мен басқа да ластаушы заттар шығарындыларының көлемін азайтудың арқасында оларды пайдалану экологиялық таза болып табылатын жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) енгізу.

Электр станциясын орнатқаннан кейін кордондағы өмір сүру жағдайлары өзгерді, бұл табиғи аумақтарды бақылауға оң әсер етеді

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазіргі уақытта БҰҰДБ-ЖЭҚ жобасы аясында Қазақстанның 18 ерекше қорғалатын табиғи аумақтары мен орман шаруашылықтарының шалғай аудандарында 28 жел-күн жүйесін орнату жұмыстары жалғасуда.

Табиғатты қорғау ұйымдарының әлеуетін арттыру мен шалғай аудандардағы жергілікті қауымдастықтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту біздің экономикалық және әлеуметтік амандығымыздың негізін құрайды және планетамыздың биоалуантүрлілігі мен экологиялық жүйелерін сақтауға оң әсер етеді.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркі Қырғызстанмен шекарадағы Күнгей Алатау тау жотасының жанында орналасқан

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ