Әйелдер кәсіпкерлігі: сапалы өнімге тең қол жеткізу жолында

2022 ж. 18 November

Жамбыл облысының тұрғыны Назгүл Насиева өз ісін дамытуды шындап қолға алған – оның компаниясы мүгедек балаларға арналған жаялықтар шығарады. Бүгінде өнім Тараз қаласы мен облыстың бірнеше аудандарында сатылады. Кәсіпкер әйел жақын арада жаялықтар Қазақстанның басқа өңірлерінде де қолжетімді болады деп үміттенеді.

«Компанияның миссиясы – импортталған аналогтардан кем түспейтін сапалы және қолжетімді өнімді ұсыну», – дейді ол.

Жамбыл облысының тұрғыны Назгүл Насиева 2022 жылдың көктемінде мүгедек балаларға арналған жаялықтар шығаратын компания ашты

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан

Назгүл кәсіпкерлікке жаңа ғана келген жоқ – бұрын жұбайының ата-анасымен бірге ол көтерме-бөлшек сауда және мейрамхана бизнесімен айналысқан.

«Мен ес білгелі қашанда бизнесте жұмыс істедім, бірақ өз ісімді енді ғана ашуға бел будым. Бұған мені Әйелдер кәсіпкерлігі орталығында оқу мен өзімнің өмір тарихым итермеледі», – деп әңгімелейді ол.

2022 жылдың басында Назгүл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізінде бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары туралы білді. Сол жерде ол Жамбыл облысы бойынша кәсіпкер әйелдерге кеңес беретін Гүлмира Метеровамен танысты. Осы уақытқа дейін өңірдегі 400 дерлік әйел бизнес жүргізу бойынша кеңес алды – олардың көпшілігі тәлімгерлік, қаржыландыруды тарту, бизнесті бағалау, қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша тренингтер мен мастер-кластардан өтті.

Гүлмира мен Назгүл Жамбыл облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында танысты

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан

Бүгінгі таңда БҰҰДБ қолдауымен ашылған орталықтар Қазақстанның 14 облысында, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Қабылдау статистикасы көрсетіп отырғандай, көмек алған әйелдердің үштен бірі халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады, олардың 20%-і дерлік – көп балалы аналар. Көмек алғандардың әрбір бесіншісі – ауыл тұрғыны.

Әйелдер кәсіпкерлігі орталықтары 2021 жылдың қараша айында ашылды.

Әйелдер кәсіпкерлігі орталықтарында әйелдер әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша тегін кеңес ала алады

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан

Назгүлдің айтуынша, қарқынды тренингтер мен семинарлардың бірнеше айында ол әлеуметтік кәсіпкерлік дағдыларын игеріп қана қоймай, маркетинг және қаржы сияқты салаларда да білім алған.

«Орталық маған кәсіпкер әйел ретінде өз қабілетімді іске асыра білудің жаңа көкжиектерін көруге мүмкіндік берді», – деп бөліседі Назгүл.

2022 жылы, Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына жүгінген 8,705 әйелге бейіндік оқыту, кәсіпкерлік, кооперация, краудинвестинг, тәлімгерлік, бизнесті бағалау, әйелдер қауымдастықтарына қатысу бойынша тренингтер, сондай-ақ жабдықтарды іріктеу бойынша кеңес беру сияқты қызметтер көрсетілді.

Назгүлді өз ісін ашуға жеке өмір тарихы алып келді – бес жыл бұрын дәрігерлер оның ұлы Әлиханға «балалар милық салдануы» (БМС) диагнозын қойды. Оңалту кезінде Назгүл мүгедек балалардың ата-аналары күнделікті көретін қиындықтарды жеке тәжірибесінен сезінді.

Назгүл бес жасар ұлы Әлиханмен

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан
«Әлихан –  екінші баламыз. Ол БМС диагнозымен мерзімінен бұрын дүниеге келген. Кейінірек дәрігерлер оның есту мүкістігі бар екенін хабарлады. Ұлымның сөйлеу мүмкіндігі жоқтың қасы болатын. Алғашқы екі жыл жұбайым екеуіміз үшін оңайға түскен жоқ. Мен депрессияға түсіп, баламның ауыр сырқат екендігін мойындамадым. «Бізде бұл қалайша болуы мүмкін?» деп ойладым», – деп еске алады Назгүл.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан

Назгүлге күйзелісін жеңуге жұбайының, жақын адамдарының қолдауы, сондай-ақ психолог маманның терапиясы көмектесті. Кішкентай Әлиханды оңалтумен айналысқан дәрігерлер де жігерлендірді.

«Өмірінің алғашқы жылдарында бала ата-анасының қолдауына өте мұқтаж. Сондықтан мен қолымды суға малып отыра алмадым – ананың сүйіспеншілігі мен оның ниеті – баланы сауықтыру жолындағы ең алғашқы әрі маңызды қадам», – дейді Назгүл.

Баласының «мама» деген сөзді алғаш рет айтқан сәті Назгүлдің есінде анық сақталды. Бұл екі жыл бұрын дәрігерлер Әлиханға кохлеарлық имплант қойғаннан кейін болды.

«Ұлымның «мама» деген күні мен үшін бақытты да маңызды күн болды. Мен өмірді қайтадан сезініп, мүгедек балаларға көмектесудің жолын қайтсем де табамын деп уәде бердім», – деп ағынан жарылады Назгүл.

 

Оңалтудың арқасында Әлихан жетістіктерін көрсетіп отыр - екі жыл бұрын ол алғаш рет "мама" деді

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан

Әлиханды оңалту барысында Назгүл балаларында ұқсас диагноз бар әйелдермен танысты. Оның айтуынша, жаялықтардың жетіспеушілігі, сондай-ақ олардың жоғары құны немесе сапасының төмендігі – мұндай жағдайларда жиі кездесетін мәселе. Осы себепті Назгүл Қазақстан нарығында қолжетімді баға мен жоғары сапа стандарттарымен ерекшеленетін жаялықтар өндірісін ашуды ұйғарды.

Назгүл компаниясы жеке гигиена құралдарын өндіру бойынша әлемдік көшбасшымен ынтымақтасады

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан
«Жаялықтар жапон технологиясы бойынша шығарылады. Өндіруші зауыт Қытай Халық Республикасында орналасқан және Еуропалық Одақ елдерімен ынтымақтаса отырып, жеке гигиена тауарларын өндіру саласында әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады», – дейді кәсіпкер әйел.

Бүгінде кәсіпкер әйел әлеуметтік жауапты бизнесті дамытуға және мүгедек балалары бар отбасыларға қолдау көрсетуге ниеттеніп отыр.

Кәсіпкерліктен бөлек Назгүл мүгедек балалардың аналарына психологиялық қолдау көрсетеді

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан
«Біздің әлеуметтік желідегі парақшамыз компанияның өнімі туралы емес, ол балаларының ауыр диагнозы бар ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған. Мен мұны өз басымнан өткердім емес пе, сондықтан балаң ауырған кезде абыржымаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін», – деп әңгімелейді Назгүл.

Қазіргі уақытта Назгүл мамандармен бірге балаларында мүгедектіктің әртүрлі нысандары бар аналарды әріптестікке тартуға мүмкіндік беретін мобилді қосымшаны әзірлеу үстінде. Оның көмегімен әйелдер кәсіпкерлікпен айналысып табыс тауып қана қоймай, маркетинг негіздері мен қаржы мәселелері бойынша оқудан өтеді.

Бизнесте Назгүлге оның жұбайы Нұрлан белсенді қолдау көрсетеді. Олар бірге екі бала тәрбиелеп, ұлын емдеуді жалғастыруда. Мамандармен күнделікті сабақтардың арқасында Әлихан сөйлеп үйренді. Ол өз уақытын жиі әпкесі Айарумен және басқа балалармен өткізеді.

Балаларды тәрбиелеу мен Әлиханды оңалту Назгүл мен оның жұбайы Нұрлан үшін басымдық болып табылады

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан
«Ұлымды емдеп шығару – мен үшін басымдық. Болашақта ол тәуелсіз, лайықты өмір сүріп, өз кәсібін таба алатынын қалаймын. Бизнеске келсек, мен елдегі әрбір бала жоғары сапалы өнімге қол жеткізе алатындай нәтижелерге жеткім келеді. Оған жететінімізге кәміл сенімдімін!», – дейді Назгүл.

Кәсіпкер әйел балалардың сапалы және қауіпсіз өнімге тең қол жеткізе алатынын қамтамасыз ету үшін өз ісін әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Анастасия Хан