Шағын қадамдар, үлкен өзгерістер: ауылдық кәсіпкер әйелдердің өмірінен

2022 ж. 13 October

Әйелдер мен қыздар ауылдық үй шаруашылықтары мен қауымдастықтардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады: ауылшаруашылық жұмыс күшінің едәуір бөлігін құрайтын да, үй және отбасы мүшелерін күту бойынша ақысыз жұмыстың көпшілік бөлігін орындайтын да, үй шаруашылығын жүргізетін де, азық-түлік өндірісімен айналысатын да, сол сияқты басқа көптеген жұмыстарды атқаратын да әйелдер.

Бүгінгі таңда Қазақстанда еліміздегі барлық әйелдердің 11,8%-і ауыл, балық және орман шаруашылықтарында жұмыс істесе де, осы салалардағы барлық шағын және орта бизнес кәсіпорындарының төрттен бір бөлігін ғана әйелдер басқарады. Өндірістік ресурстар мен активтерге қол жетімділіктің теңсіздігі, ауылдағы әйелдерге жұмыс істеуге уақыт бөлуге мүмкіндік беретін әлеуметтік инфрақұрылымның болмауы, қолданыстағы әлеуметтік нормалар мен гендерлік таптаурындар әйелдердің кәсіби қабілеттерін іске асыру мүмкіндіктерін әлі де шектеп келеді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнура Салимбаева

 

2014 жылы БҰҰ Даму бағдарламасы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ынтымақтастығы шеңберінде ауыл тұрғындарына арналған «Эко-Даму» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды. Бағдарламаның мақсаты – ұлттық саябақтар, қорықтар мен табиғи резерваттар маңындағы ауылдық аудандарда «жасыл» бизнесті дамытуға жәрдемдесу.

Бағдарламаның ерекшелігі – оның гендерлік бағдардағы құрамдас бөлігі: негізгі міндеттердің бірі ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту болып табылады. Бастама ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың маңында тұратын әйелдерге баламалы қызмет түрлерін: экотуризмді, орман, балық немесе жайылым шаруашылығын, қонақ үй бизнесін, үй құс шаруашылығын, кәдесый өнімдері өндірісін, омарташылық пен т.б. кәсіпкерлік түрлерін дамытуға төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді.

Әлия

«Эко-Даму» бағдарламасы бойынша қарыз алған кәсіпкер әйелдердің бірі – Алматы облысының тұрғыны Әлия Темірова.  Әлияның отбасы тұратын Саты ауылы Алматы облысының інжу-маржаны Көлсай көлдерінен 10 шақырым жерде орналасқан.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнура Салимбаева
«Біреулер үшін бұл көлдер – киелі жер, біреулер үшін – сенім жері. Қалай болғанда да, Көлсай кез келген адамды, оны тіпті алғаш рет тұманды таңда көрген адамды да бірден баурап алады», –
деп бөліседі Әлия.

Бағдарлама қолдауының арқасында Әлия өзінің отбасылық кәсібін – Көлсай көлдерінің жанындағы шағын қонақ үйін құра алды. Киіз үйлер барлық экологиялық ережелерді сақтай отырып, көлден үш шақырым жерде қойылды. Ата-бабаларымыздың ұлттық ерекшеліктері мен тұрмыс салтын бейнелейтіндіктен отбасы үшін қонақтарға арналған киіз үйлердің ағаштан жасалуы мен олардың интерьері қолөнерші қолымен безендірілуі маңызды болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де келетін туристер үшін қазақ ұлттық тағамдары мен десерттерін Әлияның өзі дайындайды.

 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнура Салимбаева
«Бизнесті күйеуім мен Қазақ мемлекеттік университетінің Туризм факультетін тамамдаған ағам Темірланмен бірге жүргіземіз. Біздің тәжірибеміз, Темірланның білімі бар. Біз осы екі құрамдас бөлікті біріктіріп, туған өлкемізде экотуризмді дамыту жолында тұрақты бизнес құра алдық», -
дейді Әлия.

Людмила

«Зейнетке шыққаннан кейін жұбайым Юрий екеуіміз омарташылықпен айналысуды ұйғардық. Қазақстанда омарташылық Алматы, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында дамыған, оған барлық жағдайлар бар: шөптердің түр-түрі, тау етегіндегі жайылымдар, бақтар, жеміс ағаштары. Бұл тек табыс әкеліп қана қоймай, ауыл шаруашылығына да үлкен пайда әкелетін абыройлы еңбек», –
деп бөліседі Людмила Высоцкая.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

2021 жылы Людмила Түркістан облысының Төле би ауданында орналасқан өзінің омарта шаруашылығын кеңейтуге жеңілдікпен қаржы алды. Қарыз қаражатына отбасы 100 аналық ара мен бизнесті кеңейтуге қажетті жабдықты сатып алды.

«Омарташылық оңай шаруа емес. Біз дамып келеміз. Ойымыздағыдай жылдам болмаса да, ісіміз жаймен дамып жатыр. Қазір бізде 50 ара ұясы бар. Ұяларды өсіру үшін тозаң мол болатын тауларға шығарамыз. Ол жұмысшы аралардың жақсы көбеюіне ықпал етеді», –
дейді Людмила.

 

Кәсіпкер әйелдің айтуынша, Қазақстанда омарташылық үшін балдың тек жанама өнім екендігін және оның осы саладағы табыстың 10%-ін ғана беретінін енді ғана түсініп келеді. Омарталар табысты олардың бүкіл әлемдегі басты мақсаты болып табылатын өзінің негізгі қызметінен – күнбағыс, рапс, қарақұмық, мақсары, жеміс ағаштарын тозаңдандырудан табуға тиіс. Бүгінгі таңда қазақстандық омарташыларға ақылы тозаңдандыру қызметтерін қажет ететін ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мен бағбандар тек жекелеген жағдайларда ғана жүгінеді.

«Түркістан облысында омарталар көп, бәсекелестік жоғары, өнімді сату оңай емес. Әйтсе де, адал бәсекеде ең мықтысы жеңеді және бұл әділ болып табылады», –
деп атап көрсетеді Людмила.

 

Айнагүл

Атырау облысы Дамбы ауылының тұрғыны Айнагүл Нұржан 2021 жылы «Эко-Даму» бағдарламасы бойынша қаржы алып, қарыз қаражатын тігін жабдықтарын – өнеркәсіптік және тұрмыстық оверлокты, түрлі функциялары бар тігін машиналарын, дайын бұйымдарға арналған шкафты, манекендерді, айналарды, маталар мен фурнитураларды сатып алуға пайдаланды.

Фото: ПРООН в Казахстане/Максим Стадниченко
«Мен бала кезімнен іс тігуді ұнататынмын. Өзімнің қуыршақтарым мен достарымның қуыршақтарына әдемі көйлектер тігіп, оларды желбіршектер мен бөртпелермен безендіретінмін. Ата-анам осы қызығушылығымды қолдаса да, болашақта тігінші болуымды қаламады. 2000 жылдардың басында «тігінші» мамандығы заңгер, экономист және IT мамандарының жанында абыройын жоғалтқан соң мен ағылшын тілінің мұғалімі болдым. Тігін ісіне деген сүйіспеншілігім кейінге қалды», –
деп бөліседі Айнагүл.

Айнагүл өзінің тігін цехын іс тіге білетін жергілікті әйелдер мен тігін өнерін үйренгісі келетін дарынды жас қыздарға үміт арта отырып, Дамбы ауылында ашты. Өкінішке орай, бәрі ойдағыдай болған жоқ. Ауылда үй шаруаларын шеберханадағы тігінші жұмысымен үйлестіре алатын әйелдер табылмады. Тапсырыстар негізінен Атырау тұрғындары мен қонақтарынан келетіндіктен, Айнагүл цехының қолөнер шеберлері қалада жұмыс істейтіні сирек емес.

 

Бүгінгі таңда «Gazhaiyp» бренді негізінен түйе мен қой жүнінен жасалған көрпелер мен құрақ көрпелер, ұлттық нақыштағы жастықтар мен көпшіктер, жамылғылар, этнографиялық нақыштағы киім мен көптеген басқа бұйымдар шығарады. Өнімдердің барлығы жергілікті тұрғындардың да, Атырауға келетін шетелдік туристердің де арасында сұранысқа ие. Айнагүл туристер үшін арнайы туристік фирмалар сатып алатын ұлттық өрнектермен оюланған шағын қолөнер бұйымдарын жасайды.

«Мен өз ісімнің болашағына сенемін. «Gazhaiyp» бренді туристік бизнестің бір бөлігіне айнала отырып, осы өңірде танымал бола бастады», –
деп мақтанышпен атап көрсетеді Айнагүл.

***

Бүгінгі таңда «Эко-Даму» бағдарламасы (I-II кезеңдер) аясында жалпы сомасы 137,4 млн теңгеге әйелдер басқаратын 43 бастама қаржыландырылды. Жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының екінші кезеңі 2024 жылдың соңына дейін жалғасады.