Идеялар хакатоны: гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі жастар шешімдері

2022 ж. 25 November

 

Бүгінгі таңда технологиялардың дамуы әдеттегі тұрмыс салтына айтарлықтай әсер етеді. Цифрландыру біздің қалай өмір сүретінімізді, достасатынымызды, жаңа нәрселерді танып-біліп, өзімізді алаңдататын мәселелердің шешімін қалай іздейтінімізді түбегейлі өзгертіп отыр.

Мысалы, бүгінде ғаламтор ақпаратқа, білім алуға әділ қолжетімділікті және елдің ең шалғай түкпірлеріндегі азаматтардың қоғам өміріне неғұрлым белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, үкіметке деген сенім деңгейін арттыра алады және мемлекеттік қызметтерге тең қол жеткізуді қамтамасыз ете алады.

Сонымен қатар, жаңа технологиялар бүгінде цифрлық зорлық-зомбылық деп аталатын жаңа қауіптерді де алып келеді. Цифрлық зорлық-зомбылық бір адам басқа адамды айлаға жығуға, қорқытуға және басқаруға, гаджеттердің, қосымшалар мен әлеуметтік желілердің көмегімен оған зиян келтіруге әрекет жасағанда орын алады.

Цифрлық ортадағы гендерлік зорлық-зомбылық әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігіне қауіп төндіру, олардың жеке шекараларын бұзу, психологиялық денсаулығына, өзін-өзі бағалауға және беделіне әсер ету арқылы олардың өміріне үлкен ықпал жасайды. Бір жағынан, бұл патриархалдық қоғамға тән барлық проблемалардың – гендерлік теңсіздік, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің белгісі; екінші жағынан, ол – әйелдердің құқықтарын қорғау мен гендерлік теңдікті ілгерілету саласындағы жетістіктерді жоюға бағытталған жаңа ағымдар мен әрекеттердің көрсеткіші.

Гендерлік кемсітушіліктің нысаны ретіндегі цифрлық зорлық-зомбылық мәселесін шешу «Технологиялар зорлық-зомбылыққа қарсы» атты идеялар марафонының негізгі тақырыптарының бірі болып қабылданды. Бұл іс-шара Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған «Жарық сәулесі» өңірлік бағдарламасының аясында ұйымдастырылып, өңір елдерінің жастарына марафон тақырыбы бойынша өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік берді. 48 сағат ішінде қатысушылар гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ол туралы деректерді жинауға және зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек беруге көмектесетін қосымшалар, веб-қызметтер, чат-боттар форматында елуден астам шешім әзірледі.

Финалда идеялары ең өзіндік, техникалық тұрғыдан жүзеге асырыла алатын және өзекті болған 14 топ жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар арасында қазақстандық үш топ бар.

Фото: Wonder Women «Жарық сәулесі» аймақтық бағдарламасының қолдауымен

Қазақстандық «Ctrl-Alt-Delete» тобы зорлық-зомбылық туралы деректерді жинау және визуализациялау бойынша шешімдер трегінде бірінші орынға ие болды. Жастар бірнеше мәрте IT-технологиялар саласындағы түрлі әлемдік жарыстардың жеңімпаздары, атап айтқанда, мысалы, Сан-Францискодағы «Technovation Challenge» жарысының жеңімпазы атанған. Бұл топ ашық дереккөздерді – чаттарды, әлеуметтік желілердегі мектептердің және мектеп оқушыларының парақшаларын бақылайтын, буллингті танып ажырататын және желідегі зорлық-зомбылық туралы дерекқорды құратын веб-қызметті ұсынды.

«Біз проблеманы шешу үшін оның ауқымын нақты түсінуіміз керектігіне нық сенімдіміз. Біздің ұсынысымыз – ашық көздерден әрбір қаладағы немесе облыстағы әрбір мектеп бойынша деректер жинайтын веб-қызметті құру. Бұл қауіпсіз оқу ортасын таңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар шешім қабылдауға қажетті деректер беру арқылы буллингпен күресуге де серпін береді», –
дейді «Ctrl-Alt-Delete» тобының көшбасшысы Азиза Ибрагимова.

Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан жиналған «Fempowered» атты халықаралық қыздар тобы зорлық-зомбылықтың алдын алу трегінде «Түпнұсқа идея» номинациясы бойынша марапатталды.

Қыздар қазылар алқасының назарына «SafeBuddy» қосымшасын – онлайн-алымсақтықтың, хат-хабар алмасудағы буллингтің белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін және құрамындағы бот кибер-зорлық-зомбылықты танып ажырату туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, одан қалай қорғануға болатындығы және зорлық-зомбылық орын алған жағдайда қайда жүгіну керектігі туралы ұсынымдар мен кеңестер беретін кибер-зорлық-зомбылықтың алдын алу қосымшасын ұсынды.

«SafeBuddy – бұл, идея бойынша, мессенджерлерге қол жеткізе алатын мобильді қосымша. Бағдарламаның алгоритмі хабарламаларды буллингке тексеретін етіп бапталған. Бұл әлдебір сөздер, сөз тіркестері, тіпті фотосуреттер болуы мүмкін. Жаңа және бейтаныс контактілердің хабарламаларына ерекше назар аударылады. Қосымша тек харассментті танып ажыратуға ғана емес, сонымен қатар ондай жағдай орын алған кезде не істеу керектігі туралы ақпарат беруге арналған. Мұндай жағдайда контактіні бұғаттауға, дағдарыс орталықтарына жүгінуге немесе психологтан көмек сұрауға болады. Сондай-ақ, қосымшада хабарламаларды қабылдайтын адамның жасы ескерілетін болады. Егер ол жасөспірім немесе бала болса, онда ата-анасына немесе жақын ересек адамға жүгіну туралы ұсыным көрсетіледі», – дейді «Fempowered» тобының мүшесі Нұржан Естебесова.

Фото: Wonder Women «Жарық сәулесі» аймақтық бағдарламасының қолдауымен

Сондай-ақ, қосымшада кибер-зорлық-зомбылықты қалайша танып ажырату мен оның алдын алуға болатындығы және сөйтіп желіде қауіпсіздікті қалайша қамтамасыз етуге болатындығы туралы ақпараттық материалдар – қысқа мақалалар, викториналар, бейнелер бар.

Желідегі зорлық-зомбылық – физикалық әлемдегі зорлық-зомбылықтың жалғасы деген пікір бар. Екі жағдайда да зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамның психологиялық тұрғыдан оқшауланбағаны маңызды.

«Адамдар өздерін қобалжытатын ойларымен бөлісуге мүмкіндік алғанда олар жалғыз емес екенін түсінеді», –
дейді идеялар марафонының тағы бір жүлдегері атанған «кОльмары» тобының мүшесі Инсан Айтқожа.

«Біздің қосымша – зардап шеккендерге қажетті көмек пен қолдауды бере алатын платформа. Бұл психологтың кәсіби көмегі, сондай-ақ ұқсас жағдайды бастан өткерген адамдар құрған әртүрлі топтар болуы мүмкін. Қосымшаның басты міндеті – зардап шеккендерге өздерінің қиыншылықтарында жалғыз емес екендіктерін білдіру және оларға көмек қолын созу».

Қазақстандық «кОльмары» тобы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек іздеу және алуға арналған өнімді ұсыну бойынша тректе екінші орынға ие болды. Шешімнің функционалы кең, соның ішінде психологпен және басқа зорлық-зомбылыққа ұшырағандармен чат құру, подкасттар, тақырып бойынша пайдалы материалдар және т.б.

Фото: Wonder Women «Жарық сәулесі» аймақтық бағдарламасының қолдауымен

Жастарды гендерлік және цифрлық зорлық-зомбылықты ұғыну мен ол туралы хабардарлықты арттыруға тарту – бұл неғұрлым тұрақты қоғамды құруға қосылатын үлес. Жастардың дауысын есту, олардың көзқарасын ескеру және олар ұсынған шешімдерді мемлекеттік саясат деңгейінде ескеру өте маңызды. Идеялар марафондары – оларды табуға арналған тамаша алаң.

«Хакатондарға қатысу – бұл өз дағдыларыңызды жақсарту мен пікірлес адамдармен танысу мүмкіндігі ғана емес. Басқа адамдарға көмектесу үшін өз тәжірибесі мен идеяларымен бөлісетін кез келген адам шын мәнінде қоғам алдындағы азаматтық борышын өтейді», – деп атап өтті Түркіменстандағы «Technovation Girls» өңірлік елшісі және «Технологиялар зорлық-зомбылыққа қарсы» идеялар марафонының білім беру интенсивінің спикері Марал Худайбергенова.

***

«Жарық сәулесі» бастамасы (Spotlight Initiative) – Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Одақ қолдайтын жаһандық бастамасы. Бастама әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарын түбірімен жоюға бағытталған.