Жамбыл облысында «4 тонна құм» арт-инсталляциясы ашылды

2022 ж. 19 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

2022 ж. 19 қазан, Тараз – Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына «4 тонна құм» арт-инсталляциясы ұсынылды. Бұл іс-шара сексеуіл ормандарының жерді тозу мен шөлейттенуден қорғаудағы рөлі туралы халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізетін «Сексеуілді сақтайық» атты жыл сайынғы ұлттық науқанның аясында өткізіліп отыр.

Тұсаукесер рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Төрағасының Орынбасары Данияр Тұрғамбаев және Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов қатысты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

«4 тонна құм» арт-инсталляциясы жақын маңдағы шөлден әкелінген құмға жартылай көмілген үй болып табылады. «Көмілген үй» сексеуілді кесу салдарынан ауылдарға жақындап келе жатқан құмды бейнелейді. Арт-нысанда 4 тонна құмды пайдаланудың нышандық мәні бар, себебі тамыры қалың бір сексеуіл ағашы құмның дәл осындай мөлшерін ұстап қалып, жерді ақ сортаң мен шөлге айналудан сақтай алады.

 

Ормандар Қазақстан аумағының 4,9%-ін ғана алып жатыр, олардың жартысын дерлік сексеуіл ормандары құрайды. Елдегі қолданыстағы заңнамалық мораторийге қарамастан, қазақ шөлдерінің символына айналған сексеуілдің шамадан тыс кесіліп, жергілікті халықтың тамақ дайындау мен үйлерін жылыту үшін отын ретінде пайдаланылуына, орман өрттеріне, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында туындайтын аурулар мен зиянкестерге байланысты оған жойылу қаупі төніп тұр.

Соңғы уақытта Жамбыл облысында жердің тозуы мен шөлейттену проблемалары аса қатты шиеленісіп отыр. Облыс аумағында шөлейттену әсіресе үлкен құмды аймақтары бар Мойынқұм мен Шу аудандарында және Бетпақдала жазықтарында кең қанат жайып келеді. Елдегі қолданыстағы заңнамалық мораторийге қарамастан, осынау қазақ даласының символына жойылып кету қаупі төніп тұр.

«Қазақстан сексеуіл өсетін аумағы бойынша әлемде бірінші орында – 6,7 млн га-ға жуық. Ол көптеген жабайы жануарлар мен өсімдіктердің мекені бола отырып, республикамыздың экожүйелерін сақтауда маңызды рөл атқарады. Жамбыл облысының өзінде ғана 4,5 миллион гектардан астам жерді алып жатқан 15 орман шаруашылығы мекемесі бар. Оның 2,2 миллионын сексеуіл ормандары алып жатыр. Жыл сайын облыстың орман шаруашылығы мекемелері бес – жеті мың гектарға жуық сексеуіл егеді. «4 тонна құм» арт-нысаны арқылы біз қала мен облыс тұрғындары мен қонақтарына сексеуілді кесу нәтижесіндегі шөлейттенудің салдарлары қандай болатынын көрсеткіміз келеді. Ақпараттық науқан – бұл биоалуантүрлілікті сақтаудың барлығымызға ортақ ісінде жасалып отырған шағын қадам ғана, және біз бұл бастама жыл өткен сайын қарқын алады деп үміттенеміз», –
деп атап өтті өз сөзінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.
Photo: UNDP Kazakhstan
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп республиканы ауқымды көгалдандыру бойынша жұмыс жүргізуде, ол үшін өңір-өңір бойынша ағаш отырғызу көлемдері айқындалған. Осылайша, әкімдіктердің табиғатты қорғау және орман қорғау мекемелерінің күшімен 464 мың га аумақта 1,1 млрд ағаш отырғызылып жатыр. Орман ағаштарының ең үлкен көлемдері Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында егілуде. Бұл ретте ағаш көлемдерінің негізгі үлесі сексеуіл егу есебінен, соның ішінде сексеуілді Арал теңізінің құрғаған түбінде егу есебінен жүзеге асырылатын болады», –
деп атап өтті инсталляцияны ашу рәсімі барысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев.
Photo: UNDP Kazakhstan
«БҰҰДБ көптеген жылдар бойы Қазақстан Үкіметінің биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау мәселелеріндегі негізгі әріптесі болып табылады. Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен, сондай-ақ өзінің ұлттық әріптестермен ынтымақтастығының шеңберінде БҰҰДБ ормандарды, оның ішінде елдің биоалуантүрлілігі үшін ерекше маңызы бар сексеуілді қалпына келтіру және сақтау бойынша бірқатар жобалық бастамаларды іске асырады», –
деп атап өтті Сухроб Ходжиматов.