Орталық Азия елдері Алматыда өткен жоғары деңгейдегі саммитте Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті талқылады

2022 ж. 16 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

2022 жыл 16 маусым, Алматы – Бүгін Орталық Азия елдерінің Тұрақты даму саласындағы мақсаттары бойынша «COVID-тен тыс жерде - Орталық Азияда әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» екінші өңірлік Саммиті жұмысын бастады. Саммитті Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) әріптестікте Еуропалық Одақ пен Азия Даму Банкінің (АДБ) қаржылық қолдауымен ұйымдастырды.

Екінші өңірлік Саммитке өңір елдері үкіметтерінің саяси көшбасшылары, халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық топтардың өкілдері, жеке сектордың басшылары және Орталық Азияның азаматтық қоғамының өкілдері қатысады.

Ұйымдастырушылар атынан саммит қатысушыларына Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ Әкімшісінің Көмекшісі Уша Рао-Монари сәлемдеме сөзін сөйледі.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне қол жеткізуді жақтайтынын, мұның дәлелі ретінде ұлттық даму стратегиялары мен бағдарламаларына Тұрақты даму мақсаттарының индикаторларының енгізілуін атап өтті. Елімізде қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыру үшін, Тұрақты Даму Мақсаттары бойынша Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің айтуынша, жаһандық экономикадағы терең құрылымдық өзгерістер аясында, ұлттық экономикалық даму саясатын орта мерзімді кезеңге бейімдеу қажет болды.

«Осыған байланысты біз бизнес-қауымдастық пен халықаралық ұйымдар сарапшыларының белсенді қатысуымен Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік. Осы құжат аясында инвестициялық ахуал мен бизнес-ортаны жақсарту, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, инновациялар мен баламалы энергияны енгізу, жасыл қаржыландыруды кеңейту бойынша жаңа шаралар әзірленуде»
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бейне үндеу форматында Еуропалық Одақтың халықаралық әріптестік жөніндегі комиссары Ютта Урпилайнен Саммит қатысушыларына жолдау арнады.

Комиссар Урпилайнен ЕО-тың Орталық Азияға ТДМ-ға қол жеткізу ісінде көмектесуге бейілділігін атап өтті: «Біз неғұрлым тұрақты және инклюзивті болашақ құру мен аймақтық диалогты ілгерілетуде Орталық Азияны қолдауға дайынбыз. Біздің жаңа «Global Gateway» атты стратегиямыз тұрақты әрі жоғары сапалы инфрақұрылым, жастардың инклюзивті дағдыларын дамыту және аймақтың денсаулық сақтау жүйелерінің төзімділігін нығайтуға инвестиция салу арқылы Еуропа мен оның серіктестерін біріктіруге септігін тигізеді».

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

 

Министрлер Кабинетінің Төрағасы, Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов және Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Мұхамметгулы Мұхаммедов та Саммитке қатысушыларға сәлемдеме сөздерін жолдады.

Бүгінгі таңда COVID-19 пандемиясы секілді жаңа жаһандық сын-қатерлер прогрессті кері қайтарып, халықтың барлық топтарына, әсіресе ең осал топтарға әсер етті. Еңбек нарығындағы тұрақсыздандыру, өндірістік-сату тізбегінің тұрақсыздығы, жергілікті қауымдардың өміршеңдігіне қауіп төңдіруі сияқты сын-қатерлер өңір мемлекеттерінде  теңсіздіктің өсуіне себеп болуы мүмкін.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Постпандемиялық кезеңде тұрақты дамуға қол жеткізу үшін ұлттық, сондай-ақ өңірлік деңгейде сындарлы диалог, әріптестік пен батыл іс-қимыл қажет. Мемлекет, жеке сектор, ғылыми топтар және халықаралық ұйымдар сынды барлық мүдделі тараптар тұрақты дамуға қол жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауды қамтамасыз етуде өз рөлін атқаруға тиіс.

«ТМД-ға табысты қол жеткізу даму жолдарын түбегейлі өзгертуді талап етеді. 2030 жылға дейін небәрі сегіз жыл қалды, біз дамуды қалпына келтіру және алға жылжу үшін көбірек күш салуымыз керек. Бұл адамға инвестиция салуды, әлеуметтік қорғауды жақсартуды, сапалы білім беруді, лайықты жұмыс орындарын құруды, жаңартылатын энергия көздеріне көшуді және барлығына цифрландыруды қамтамасыз етуді талап етеді. Мұндай батыл әрекеттер ТДМ қаржыландыру жүйесін қайта қарауды талап етеді».
Уша Рао-Монари, БҰҰ Даму бағдарламасы Әкімшісінің Көмекшісі
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Саммитте әлемдік деңгейдегі бірқатар сарапшылар, соның ішінде белгілі экономист және Колумбия университетінің (АҚШ) Тұрақты даму орталығының директоры Джеффри Сакс, Брукингс институтының (АҚШ) «Жаһандық экономика және даму» бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Йоханнес Ф. Линн, Нью-Йорктегі Колумбия университеті (АҚШ) және Sciences Po университетінің (Франция) профессоры Шив Сомшвар, БАӘ Бәсекеге қабілеттілік және статистика федералды орталығының директоры Ханан Ахли, Эстония электрондық басқару академиясының атқарушы директоры және Басқарма төрағасы Ханнес Асток және т.б. тақырыптық баяндамалар жасайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Саммиттің сессиялары Орталық Азиядағы өңірлік даму сын-қатерлерін және "жасыл" экономика мен климаттық күн тәртібі бағытталған пандемиядан кейінгі қалпына келтіру стратегияларын талқылау үшін алаң ұсынады. Қала әкімдерінің қатысуымен өтетін арнайы дөңгелек үстелі шеңберінде Орталық Азиядағы ірі және шағын қалаларды дамыту үшін жергілікті шешімдерді және ТДМ-ды оқшаулау арқылы олардың тұрақты дамуға көшуі талқыланады.

Сонымен қатар, жекелеген сессиялар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, тұрақты даму үшін әйелдер мен жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, ТДМ-ды қаржыландыру мен климаттық күн тәртібімен синергиясын қамтамасыз ету, сондай-ақ ТДМ-ға қол жеткізуді жеделдету үшін жаңа әріптестіктерді құру мәселелеріне арналады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сондай-ақ саммит аясында А.Смайылов пен У.Рао-Монаридің екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан Үкіметі мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықтың күн тәртібін талқылады, оның негізгі бағыттары экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесу, институттарды жаңғырту, теңсіздікті азайту және табиғи ресурстарды тұрақты басқару болып табылады. Тараптар сондай-ақ Қазақстанның ТМД-ға қол жеткізудегі ілгерілеуін, оның ішінде ағымдағы жылдың шілде айында БҰҰ штаб-пәтерінде жоғары деңгейдегі саяси форумда ұсынылатын жаһандық мақсаттарға қол жеткізу бойынша екінші ерікті ұлттық шолуды дайындауды талқылады.

ТДМ бойынша бірінші өңірлік Саммиті 2019 жылдың қараша айы, Алматы қаласында өтіп, ТДМ қаржыландыру мәселелеріне арналған.