Елордада көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуға арналған қаржыландырудың тиімді моделі енгізілді

2023 ж. 14 April
Photo: UNDP Kazakhstan/Juliya Pulatova

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) пилоттық жоба шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлерді энергия тиімділігімен жаңғыртуды қаржыландырудың тиімді моделін ұсынды. Пилоттық жобаға Астана қаласындағы Пушкин мен Жұбанов көшелерінің арасында 1964 жылы салынған бес көппәтерлі тұрғын үй таңдалды.

Қазақстан Республикасындағы көппәтерлі тұрғын үй қорының негізін 1960–1990 жылдары салынған ғимараттар құрайды. Ескі тұрғын үй қорын қолдау, қалпына келтіру және қайта құру қаланы тұрақты дамытудың маңызды аспектісі болып қала береді. Жылу және электр энергиясын тұтыну бойынша бұл сектор энергетика секторы мен өндірістік сектордан кейінгі үшінші орында және электр энергиясының шамамен 11 пайызы мен шығарылатын жылу энергиясының 40 пайызын тұтынады.

«Пилоттық жоба – Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржылық қолдауымен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Астана қаласы әкімдігі мен Байқоңыр ауданы әкімдігінің бейілділігі мен қолдауының арқасында мүмкін болған маңызды бастама. Мен осы көпжақты ынтымақтастықтың нәтижесін мақтан тұтамын және бірлескен жобаларымыздың қолдауымен әзірленіп сыналған сабақтар мен инновациялар кеңінен таралып, Қазақстанның тұрақты әрі төмен көміртекті дамуына жетелейтін оң өзгерістердің қуатты толқынына айналады деп үміттенемін», –
дейді Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Қазақстандағы тұрғын үй қорын жылумен және электр энергиясымен жабдықтау секторындағы парниктік газдар шығарындыларының жартысынан астамы үй-жайларды жылытудан келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, шамамен 60 000 көппәтерлі тұрғын үйдің жылу сипаттамалары заманауи талаптарға сай келмейді және сондықтан энергия тиімділігімен жаңғыртуды талап етеді.

«Пилоттық жобаның нәтижелері көрсеткендей, ТКШ секторында 30%-тен 55%-ке дейінгі энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар», –
дейді ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысы Сәуле Инаханова.
Photo: UNDP Kazakhstan/Juliya Pulatova

Жаңғырту барысында үйдің қабырғалары мен панельдердің арасындағы тігістерді жылылау, суағарлар мен су ағызғыштарды қалпына келтіру, сыртқы есіктер мен балкон құрылмаларын ауыстыру сияқты іс-шаралар жүргізілді. Кіреберістерде ескі жарықтандыру құрылғылары толығымен LED жарықтандырумен ауыстырылды, жылыту, ыстық және суық сумен жабдықтау жүйесі құбырларды ауыстыра отырып жаңғыртылды және автоматтандырылған жылыту пункттері (АЖП) орнатылды. Жаңғырту моделін қаржыландыру бірнеше көзден, соның ішінде пәтер иелерінің өз салымдары есебінен қамтамасыз етілді.

Пилоттық жобаны іске асырмас бұрын сарапшылар әкімдік өкілдерімен бірлесіп көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын өткізді. Сарапшылар тұрғындардың белсенді қатысуы қайта құру мен әртүрлі жақсартуларды жүзеге асыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтеді.

«Мен өзгерістердің артықшылықтары туралы көршілермен әңгімелер жүргіздім. Әрбір тұрғынға, әрбір қарт адамға егжей-тегжейлі түсіндіруге тура келіп, жөндеуді жүзеге асыруға келісім беру туралы қолтаңбаларды өзім жинадым. Тұрғындар мұның бәрі оларға өте қымбатқа түседі деп ойлады. Бірақ нәтижені көріп, бәрі риза, жаңғыртудың артықшылықтарын көріп отыр. Тағы бір үлкен артықшылық – жөндеу жұмыстары мен өзгерістердің арқасында біздің үйдегі пәтерлердің бағасы бір-екі миллион теңгеге өсті», –
деп атап өтті осы үйлердің бірінде тұратын Наталья Поддубная.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды бірлесіп қаржыландырудың ұқсас тетігі Теміртау қаласында да сынақтан өтті. Бірқатар іс-шаралар өткізілді: шатыр, тігістер, жертөле төбесі жылыланды, терезелер мен кіреберіс топтары ауыстырылды, автоматтандырылған жылу пункті (АЖП), теңгерме орнатылды, құбыржол жылыланды және жарықтандыру құрылғылары ауыстырылды. Іс-шаралардың бір бөлігі жаңғыртуға (АЖП, жарықтандыру) инвестиция салған кәсіпкерлерді тарту есебінен іске асырылса, пәтер иелерінің инвестициялары энергосервистік келісімшарт үлгісі бойынша шығындарды үнемдеу есебінен өздеріне қайтарылды.

Айта кететін болсақ, 2017 жылы БҰҰДБ мен Астана қаласының әкімдігі энергия үнемдеу іс-шараларын, «ақылды қала» технологияларын, басқару және қоғамдық қатысу, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу салаларындағы инновацияларды енгізу арқылы қалалық шаруашылықты тұрақты дамыту саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Photo: UNDP Kazakhstan/Juliya Pulatova