БҰҰДБ және Азия даму банкі COVID-19 пандемиясы уақытында Қазақстандағы медициналық қалдықтарды басқару ісін жетілдіру мақсатында күш біріктіруде

2020 ж. 21 July

--- Image caption ---

БҰҰ Даму бағдарламасы және Азия даму банкі COVID-19 пандемиясына ден қою жөніндегі ұлттық шараларды қолдау үшін 128 мың АҚШ доллары мөлшерінде қосымша қаражат бөлу жөнінде келісімге қол қойды. Бастама ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің төтенше жағдайларға төзімділігін нығайтуға бағытталған, атап айтқанда, денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық қалдықтармен жұмыс жасау мәселесін қамтиды.

COVID-19 пандемиясы басталғалы медициналық қалдықтардың көлемі кенет арта түсті, бұл жайт, өз кезегінде, емдеу мекемелерінде қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі қосымша шараларды енгізуді талап етті. Медициналық қалдықтарды сол сәтте, соның ішінде жеке қорғаныс құралдарын (қолғаптар, маскалар және т.б.)  қауіпсіз жинау, сақтау және тез арада кәдеге жарату инфекцияның ауруханалардан тыс жерлерге таралуының алдын-алуға және денсаулық сақтау қызметкерлері арасында жұқтыру жағдайларының санын азайтуға көмектесетіні анық.

Осы бастама шеңберінде мынадай іс-шараларды іске асыру жоспарлануда:

• Медициналық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша медицина қызметкерлеріне арналған стандартталған рәсімдер мен нұсқаулықтарды әзірлеу – ауруханаларда медициналық қалдықтарды тиісінше жинау, сұрыптау, тасымалдау, кәдеге жарату және мониторинг жүргізу.

• Медициналық қалдықтарды басқару бойынша тиімді деректер базасын әзірлеу: медициналық қалдықтарды өңдеу бойынша кіріктірілген деректер базасы бар бағдарламалық жасақтаманы құру.

• Денсаулық сақтау қызметкерлеріне, жұқтырылған медициналық қалдықтарды тасымалдауды қоса алғанда, медициналық қалдықтарды тиісті өңдеу және сақтау арқылы пандемияға ден қою шараларын үйрету.

Осы іс-шаралармен бірге, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға стационарлық жәрдем көрсететін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қалалық фтизиопульмонологиялық орталығында медициналық қалдықтарды кәдеге жарату үшін арнайы жабдық – автоклавты орнату жоспарлануда.