Білім апталығы: сұранысқа ие мамандықтар бойынша Ұлытау облысының жастарына арналған тренингтер

2022 ж. 5 December
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Жезқазған, 2022 жылғы 5 желтоқсан – Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) «Білім апталығы 2022: Өзгерістер толқынында» науқанының аясында Қазақстанда іс-шаралар топтамасын бастады. Білім апталығының мақсаты жаңа технологиялық трендтердің, білім берудің өзгермелі сипатының ықпалы мен осынау жылдам өзгерістердің тұсында Қазақстан экономикасының негізгі секторларының болашағын талқылауға арналған платформа ұсыну болып табылады.

Білім апталығының ашылуы 5 желтоқсанда Жезқазған қаласында өтті, мұнда екі күн ішінде Ұлытау облысының жастары сұранысқа ие кәсіптер мен көшбасшылық қасиеттер бойынша тренингтерге, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша практикалық мастер-кластарға, сондай-ақ АТ, шешендік шеберлік, эмоционалдық интеллект саласындағы дағдыларды жетілдіруге арналған тренингтерге қатысты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Мереке Мырзабекова өзінің құттықтау сөзінде:

«Қазіргі таңда еліміз, облысымыз үшін сіздердің білімдеріңіз, таланттарыңыз бен күш-қуаттарыңыз аса қажет. Сіздердің отансүйгіштік, азаматтық және адамгершілік қасиеттеріңіз еліміздің зияткерлік, мәдени және экономикалық гүлденуінің кепілі болмақ.»
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Білім апталығы 7-8 желтоқсанда Алматы қаласында өтетін «Skills Up» жастар хакатонының финалымен жалғасады, мұнда Ақтау, Өскемен, Түркістан және Қарағанды қалаларында өткен өңірлік хакатондардың финалистері өздерінің инновациялық стартап жобаларының идеяларын таныстырады.

«Білім апталығы – бұл негізгі дағдыларды, технологиялық трендтерді, инновацияларды, сондай-ақ білімге негізделген экономиканы құруға бағытталған білім беру қызметтерін ұсынудың жаңа тәсілдерін талқылау үшін БҰҰДБ ұлттық әріптестермен бірлесіп өткізетін бес күндік іс-шара. Қазіргі уақытта білімге негізделген өсу адам дамуының негізі, жаңалық ашу мен өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады», –
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.

Білім апталығының қорытынды іс-шарасы 14 желтоқсанда Астана қаласында өтетін «Адамдар мен ғаламшар үшін цифрлық қайта жүктеу» конференциясы болмақ. Тұрақты даму саласындағы цифрлық шешімдерге арналған бұл іс-шараның барысында Қазақстандағы БҰҰДБ қолдауымен ұлттық әріптестер әзірлеген технологиялық шешімдер ұсынылатын болады.