Жылумен жабдықтау, салқындату және ыстық сумен жабдықтауға арналған «жасыл» технологиялар

2022 ж. 19 September
Фото: ПРООН в Казахстане/Махмуд Мирзаев

Жаһандық «жасыл» күн тәртібінің өзекті тармақтарының бірі экономиканың төмен көміртекті дамуы туралы мәселе болып табылады. Қазақстан ЖІӨ бірлігіне парниктік газдар шығарындылары қарқындылығының ең жоғары деңгейі бар әлемнің он елінің қатарында бола отырып, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегияны әзірлейді. «Жасыл» өсудің тиімді моделін қалыптастыру өңірлердің ресурстық әлеуеті мен климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, «жасыл» технологияларды одан әрі жаңғырту, әртараптандыру және бейімдеу үшін өндірістік объектілердің қазіргі жағдайына талдау жүргізуді талап етеді.

ҚР Энергетика министрлігі мен БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) бірлескен жобасы шеңберінде Ғаламдық Экологиялық Қордың (ҒЭҚ) қолдауымен түрлі географиялық аймақтарда жылумен жабдықтау, салқындату және ыстық сумен жабдықтау үшін ЖЭК технологияларын енгізу мүмкіндіктерін зерделеу үшін кешенді зерттеу жүргізілді.

«Әңгіме қазіргі орталық жылу желілерімен бәсекелесу туралы емес, технологияларды аралас пайдалану туралы болып отыр. Қазірдің өзінде күн коллекторларын, жылу сорғыларын, биомассадағы қазандықтарды ыстық сумен жабдықтау және жеке тұрғын үйлерді, көп қабатты үйлерді, сондай-ақ ШОБ пен шаруа қожалықтарын жылыту үшін пайдалану экономикалық тұрғыдан ақталған. Өйткені, ШОБ үшін 1 кВт*сағ электр энергиясының құны тұтынушылардың басқа топтарына қарағанда қымбат», -
дейді ҚР Энергетика министрлігі, ЖЭК департаментінің директоры Абай Құланбай.

Күн сәулесінің қарқындылығын және жұмыс істеп тұрған күн электр станцияларының электр энергиясын өндіруін (белгіленген қуатты пайдалану коэффициентін) талдау күн коллекторларын Алматы, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында пайдалану орынды екенін көрсетті.

Фотоэлектрлік жүйелерді электр энергиясының өтемділігі басталатын ең төменгі тарифін ескере отырып, Қостанай, Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Екібастұз қалаларындағы бюджеттік ғимараттардың шатырларына орнатқан дұрыс. Тұрғын үйлердің де, әкімшілік ғимараттардың да төбелеріне фотоэлектрлік жүйелерді орнату үшін 1 кВт үшін 5 м2 дейін қажет, сәйкесінше қуаты 15-20 кВт қондырғылар 75-100 м2 шатырдың бетін қажет етеді.

Өнеркәсіпте және орталық жылумен жабдықтау жүйелерінде жылыту және ыстық сумен жабдықтау үшін қолданылатын әртүрлі типтегі электр жылытқыштардың 98 МВт-тан астам қуаты қолданылады.

«Қазақстандағы өнеркәсіптік кәсіпорындар орталық жылумен жабдықтаумен қатар көмір қазандықтары, дизель отынындағы қазандықтар, сирегірек электр қазандықтары сияқты меншікті жылу көздерін де пайдаланады. Дизель қазандықтарын ЖЭК пайдаланылатын аралас жүйелерге ауыстыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жұмыс істеп тұрған электр қазандықтары жылу сорғылары немесе күн коллекторлары пайдаланылатын жүйелермен толықтырылуы тиіс», -
дейді БҰҰДБ жобасының сарапшысы Ерлан Дайырбеков.

Бұдан басқа, зерттеу нәтижелері тарифтерді қолмен реттеу жүйесі ЖЭК технологиялық шешімдерінің тартымдылығы мен рентабельділігін төмендететінін және олардың кеңінен қолданылуы мен таралуын тежейтінін көрсетті. Зерттеу аясында энергетик мамандар, энергетикалық ведомствоның мемлекеттік органдарының өкілдері, нарық операторлары мен қауымдастықтар арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері электр энергетикасын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарының жоқтығын анықтады және зерттеушілерге ЖЭК технологияларын пайдалана отырып, техникалық тұрғыдан іске асырылатын және экономикалық тұрғыдан орынды шешімдерді іске асыру үшін үлгілік инженерлік-қаржылық жоспарлар дайындауға мүмкіндік берді.

Зерттеу нәтижелерін мына жерден жүктеп алуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметімен және ұлттық серіктестерімен бірлесіп БҰҰДБ климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласында белсенді жұмыс жүргізуде. Ынтымақтастық аясында таза технологияларды қаржыландыру және жасыл қаржыландыру үдеткішінің көмегімен көміртегі шығарындыларының төмен деңгейі бар бизнесті дамыту тетіктері әзірленіп, кеңейтілуде. Төмен көміртекті бизнесті дамыту жаңартылатын энергия көздері бойынша аукциондар, «жасыл» облигациялар, көміртегі шығарындыларына квоталар саудасы және т.б. сияқты инновациялық тетіктер есебінен ілгерілеуде.