29–30 қарашада Петропавлда өткен Urbathon жергілікті дизайнерлердің, инженерлердің, кәсіпкерлердің, зерттеушілердің, IT-әуесқойлардың және қалалардың орнықтылығын зерттейтін студенттердің басын қосып, баршамен қала тұрғындары өзгергенде қала да өзгереді деген сенімдерімен бөлісті.
Urbathon: БҰҰДБ жергілікті инноваторлармен бірге Петропавлды төзімдірек етуге атсалысты
2025 ж. 3 December
Urbathon-ның ұйымдастырушылары: Солтүстік Қазақстан облысы және Петропавл қаласы әкімдіктері, Qyzyljar Creative Center, SKO Hub және Қазақстандағы БҰҰДБ.
Қазақстандағы БҰҰДБ Солтүстік Қазақстан облысы және Петропавл қаласы әкімдіктерімен, сондай-ақ Qyzyljar Creative Center және SKO Hub ұйымдарымен серіктестікте ұйымдастырған Urbathon нақты қалалық проблемаларды шешуге бағытталды. Қатысушыларға Петропавлдың климатқа және табиғи қауіптерге төзімділігін арттыруға және қалада өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесетін практикалық инновацияларды әзірлеу ұсынылды. Тек ақшалай сыйлықтар ғана емес, сонымен қатар толық инкубациялық бағдарламадан өту және өз жобаларын жүзеге асыру үшін БҰҰДБ донорларынан қаржы алуға өтініш беру мүмкіндігі де берілді.
Urbathon-ға қатысушылар.
Ашылу салтанаты бірден шараның шырайын келтірді. Облыстық және қалалық билік өкілдері мен серіктес ұйымдардың құттықтау сөздері қаланың алдында тұрған міндеттер мен оларды шешу үшін қажет жұмыстар туралы ашық айтқан сарапшылардың салиқалы баяндамаларына жол берді.
Бағдарлама ауқымды идеялардан жылдам практикалық құралдарға ойысты: қатысушылар Ұлттық бейімделу жоспарына аймақтық көзқарас туралы білді, жоба идеяларын әзірлеу стратегияларын зерттеді, бизнес-модельдеу және кәсіби питч дайындау бойынша оқуға бар ынтасымен кірісті. Түс ортасына қарай-ақ, лекциялар аяқталғаннан кейін, қатысушылар тұжырымдамаларды талқылап, өз шешімдерін ұсынуға дайындалып, жұмыс орындарына тарқасты.
Urbathon-ға қатысушылар дәріс тыңдауда.
Сол сәт келесі күні туды. Қатысушылар үш минуттық питч ұсынды, содан кейін тәуелсіз сарапшылар алқасы сұрақтарын қойды. Олар су тасқынынан қорғау жүйелері, цифрлық платформалар, шығармашылық білім беру бастамалары және қалалық ортаны өзгертудің жаңа әдіс-тәсілдері туралы ерекше құлшыныспен айтты. Қазылар алқасының мүшелері мұқият тыңдап, қажет жерін түртіп отырды және әрбір идеяның ықтимал әсерін бағалады.
Барлық баяндамалар аяқталған соң, қазылар қатысушыларды оңаша қалдырып, өздері талқылау алаңына кетті. Ақыры жеңімпаздар анықталғанда зал ду қол шапалақтады. Көпшілік үшін байқау марапаттау рәсімімен аяқталмады: таңдалған командалар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жұмыс істейтін инкубациялық бағдарламада өз идеяларын дамытуды жалғастырады, нақты қаржыландыруды тартуға қабілетті ұсыныстарды дайындау үшін тәлімгерлермен жұмыс істейді.
Небәрі екі күннің ішінде Urbathon өзгерістерді бірігуге және әрекет етуге дайын адамдар әкелетінін дәлелдеді. Петропавлда қаланың қалай бейімделуін, дамуын және болашағын қорғай алатынын қайта саралау үшін жас және ынталы таланттардың жеткілікті екенін көрсетті.
***
Urbathon Жапония үкіметі қаржыландыратын Орталық Азиядағы апаттар қаупіне және климаттың өзгеруіне қалалықтардың төзімділігін арттыру жобасының және Жасыл климаттық қор қаржыландыратын Қазақстандағы стратегиялық жоспарлауға климаттың өзгеруіне бейімделуді интеграциялау жобасының аясында ұйымдастырылды.
Urbathon-ның ұйымдастырушылары мен қатысушыларының топтық фотосы.