Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет: Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі

2021 ж. 29 April

 

 

2021 жылғы 28 сәуірде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс- әрекет: Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі» тақырыбымен халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны  Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған «Жарық сәулесі» аймақтық бағдарламасы Қырғызстандағы БҰҰДБ елдік офисімен, Қырғызстандағы «Жарық сәулесі» ұлттық бағдарламасымен және БҰҰДБ-ның Саясат мәселелері жөніндегі Сеул орталығымен (USPC) бірге ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан мен Қырғызстан құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен БҰҰ жүйесінің агенттіктері қатысты.

«Жарық сәулесі» бастамасының «Өзгерістерді қолдайтын альянстар – Орталық Азия елдері мен Ауғанстандағы сексуалдық және гендерлік зорлық-зомбылықты және зиянды дағдыларды жою» аймақтық бағдарламасының негізгі мақсаттары мен міндеттерін БҰҰДБ тарапынан үйлестіруші Наталья Максимчук таныстырды. Аймақтық бағдарламаның мақсаты – елдер деңгейінде заңнама мен саясаттағы кемшіліктерді анықтау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет жасауға арналған мемлекеттік институттарды нығайту (оның ішінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қызмет көрсету) арқылы гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі қызметті қолдау және күшейту. Аймақтық бағдарлама сондай-ақ гендерлік теңдікті бекітетін әлеуметтік нормаларды ілгерілетуге, жыныс белгісі бойынша бөлінген сапалы статистиканы жасауға және жинауға, сонымен қатар әйелдер қозғалыстарының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама өңірдегі елдерде сексуалдық және гендерлік зорлық-зомбылық пен зиянды дағдыларды болдырмау және оларға қарсы күрес бойынша табысты тәжірибелерді айқындауға және ілгерілетуге және тәжірибе алмасу арқылы олардың ауқымын кеңейтуге және оларды таратуға ықпал етуге арналған. «Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес ісінде өздерінің белгіленген бағытымен ілгерілеп келеді. Біз шет елдердегі көшбасшылардың тәжірибесіне сүйеніп қана қоймай, енді ондағы жетістіктің негізгі факторларын да ажырата алатын болдық, мысалы: сексуалдық және гендерлік зорлық-зомбылыққа ден қоюға ведомствоаралық тәсілді тиімді түрде енгізу, зардап шеккендермен жұмыс істеу кезінде стандартты хаттамаларды жаппай пайдалану, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен қыздар үшін өмірлік маңызы бар қызметтер жиынтығын бюджеттеу және үйлесімді ұсыну және т.б. Шаралар бағдарламаның шеңберінде осы факторларды есепке ала отырып әзірленді», – деп атап өтті Наталья Максимчук.

Орталық Азия елдері соның ішінде Sunflower дағдарыс орталықтарының желісі арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарымен күресу бойынша Оңтүстік Корея тәжірибесінің түрлі аспектілерімен таныс және оларды зерттеуді жалғастыруда. БҰҰДБ-ның Саясат мәселелері жөніндегі Сеул орталығы тәжірибе алмасу, оқу сапарлары, егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен білім өнімдерін жасау арқылы осы тәжірибені кеңінен тарату үшін үлкен жұмыс атқарып отыр. Сеул орталығының саясат жөніндегі маманы Ахжунг Ли: «Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен бір жәбірленушіге көмек көрсетуге жұмсалған қаражаттың орташа сомасын есептеп шығару өте қиын. Sunflower орталықтары гендерлік зорлық-зомбылықтың әртүрлі нысандарымен айналысатындықтан шығындар сомасы нақты жағдайға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қосымша қызметкерлерді тарту қажеттілігіне қарай, мысалы, жәбірленушінің кәмелетке толмағанына немесе басқа себептерге байланысты процестің барлық сатыларында жәбірленушінің қасында қамқоршысы немесе көмекшісі жүретін кездегі сияқты жағдайға қарай өзгеріп отырады». Ол Sunflower орталықтарында зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдармен жұмыс істеуге үйретілген полицей әйелдерді орналастырудың маңыздылығын, сондай-ақ стандартты хаттамалардың және полиция қызметкерлерін айғақтарды сапалы түрде алуға үйретудің маңыздылығын атап өтті, бұл зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың айғақтарын сотта дәлел ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақстандық қатысушылар Оңтүстік Корея полициясының сексуалдық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тәжірибесін бейімдеудің ұлттық тәжірибесін ұсынды. Сондай-ақ, қазақстандық тарап Қазақстанның ІІМ оқу орындарында енгізілген полиция қызметкерлеріне арналған зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдармен жұмыс істеу курсын ұсынды. Өзбекстанның Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды оңалту және бейімдеу мен суицидті болдырмау жөніндегі республикалық орталығының өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті.

Дөңгелек үстел қатысушылары құқық қорғау органдарының зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге құқықтық қорғау, медициналық қызметтер көрсету және оларды әлеуметтік-психологиялық оңалту жөніндегі мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелермен және әлеуметтік қызметтермен өзара іс-қимылын нығайтуға қолдау білдірді.