БҰҰДБ Петропавлдағы апаттар қаупін азайту және климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі іс-шараларға қолдау көрсетеді
2025 ж. 19 September
Петропавлдағы семинарға қатысушылар.
Орталық Азия аса өткір проблеманы шешуге тырысып жатыр: осы аймақ жыл сайын 10 миллиард доллар шығын шығатын және 3 миллион адамның өміріне әсер ететін табиғи апаттарға жиі тап болады. 75 миллион халық тұратын алуан түрлі аймақ климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның жағдайының нашарлауы салдарынан тек күшейе түсетін табиғи және антропогендік қауіптерге шалдыққыш келеді. Әсіресе халық тығыз қоныстанған, тіршілік қызу жүріп жататын қалалық жерлерге төнетін қауіп орасан зор.
Осыған қарымта жауап ретінде 2024 жылы БҰҰДБ жүзеге асыратын және Жапония Үкіметі қаржыландыратын аймақтық жоба іске басталды. Жобаның миссиясы қандай? Бүкіл Орталық Азиядағы қалалардың апаттар қаупіне және климаттың өзгеруіне орнықтылығын арттыру. Аталмыш серіктестік қиыншылықтарға төтеп бере алатын қауіпсіз және орнықты қауымдастықтар құруға жол ашады.
«Орталық Азия қалаларының апат қаупіне және климаттың өзгеруіне қарсы төзімділігін арттыру» жобасына қол қою рәсімі.
Өткен аптада пилоттық қалалардағы кіріспе семинарлар өз мәресіне жетіп, БҰҰДБ Қазақстандағы қалалардың орнықтылығын арттыру үшін мүдделі тараптардың маңызды кездесуін өткізді. Миссияның шарықтау шегі Петропавлда өткен семинар болды, онда БҰҰДБ қала әкімдігімен апаттар қаупін азайту қағидаттарын қала жоспарлауға енгізуді талқылады.
Петропавл Қазақстан үшін пилоттық қала ретінде таңдалды, себебі, Солтүстік Қазақстанда су тасқыны жиі болып тұрады. 2024 жылы аймақта тарихтағы ең алапат су тасқыны болып, 1000-ға жуық үйді су басып, 5000-ға жуық тұрғын көшірілді. Сонымен қатар Петропавлда биылғы көктемде тағы да су тасқыны орын алып, осы қордаланған мәселені шешу үшін тиімді шараларды жедел қолдану қажет екенін көрсетті. Қала сонымен қатар БҰҰДБ-ның Қазақстанда климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын ұлттық жоспарлауға кіріктіру, азық-түлік жүйелерін нығайту және экожүйелік қызметтерді жақсарту бойынша жұмысының стратегиялық бағыты болып табылады.
Миссия Алматыда Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығы (ТЖАҚАО), ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік банктің қатысуымен екіжақты кездесулерден басталды. Астанада делегация Жапония елшілігімен және Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) кездесті. Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Иидзима Жапонияның Орталық Азияға халықаралық ынтымақтастық арқылы қалалардың орнықтылығын арттыруға көмектесуге бейілділігін ерекше атап өтті:
«Жапония БҰҰДБ-мен бұрыннан ынтымақтасып келеді, біз БҰҰДБ-ның осы аймақтағы орнықтылық пен өркендеуді қамтамасыз етудегі үздіксіз күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Орталық Азия жер сілкінісі сияқты табиғи апаттарға аса ұрымтал. 1948 жылғы Ашхабадтағы жойқын жер сілкінісі, 1966 жылғы Ташкенттегі қатты жер сілкінісі — соның жарқын мысалдары. Жапонияның апаттар қаупін басқарудағы және қала құрылысын жоспарлаудағы тәжірибесі осы салада пайдалы үлгі болады деп үміттенеміз».
БҰҰДБ-ның Стамбулдағы аймайқтық хабынан келген делегация мен Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Иидзима.
Одан әрі Урбанистика орталығымен және Назарбаев Университетімен пікірталас жүргізіліп, онда саясаттарды дәлелді деректер негізінде жасау маңыздылығы атап өтілді. Қорытынды ретінде БҰҰ Апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасымен (UNDRR) кездесу өткізілді.
Миссияның басты шарасы Петропавлда өткен семинар болды, оған БҰҰДБ-ның аймақтық және жергілікті ұжымдары, қалалық әкімдік өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика басқарма басшысының орынбасары Әйгерім Айтжанова және БҰҰДБ өкілдері сөз сөйледі.
«Солтүстік Қазақстан облысы БҰҰДБ-мен өңірдің орнықтылығын арттыру және климаттың өзгеруімен күресу мүмкіндіктерін күшейтуге байланысты бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық құрып отыр. Петропавл қаласы БҰҰДБ қолдауымен апат қаупіне және климаттық сын-қатерлерге төзімділігін арттыру мүмкіндігіне ие болғанын бағалаймыз. Табиғи апаттар алдын ала ескертпейді, сондықтан да біз дайын болып, әлеуетімізді арттырып, халықты қорғауымыз керек», —деді Әйгерім Айтжанова.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің экономика басқарма басшысының орынбасары Әйгерім Айтжанова.
Семинарда қаланың қауіп-қатерлер профилі және апаттар қаупін басқаруды қала жоспарлауға енгізуге арналған жаңа өзін-өзі бағалау құралы ұсынылды. Қатысушылар аталмыш құралды сынап көрді, Апаттар қаупін қабылдау индексін (DRPI) зерттеуге қатысты, сонымен қатар жаңа жұмыс тобында рөлдерді анықтады. Іс-шаралар мүдделі тараптарға Петропавлдың төтенше жағдайларға дайындығын бағалауға, осалдықтарды анықтауға, бірінші кезектегі шараларды айқындауға мүмкіндік берді. Семинар Петропавл қаласының даму стратегиясында қала орнықтылығы мәселелерінің ескерілуін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеумен аяқталды.
«Қаланың урбанистік жоспарына климаттың өзгеруі мен апаттарға қарсы төзімділік қағидаттарын енгізу жөніндегі жоба мақсаттары Петропавлдың даму басымдықтарымен толық сәйкес келеді. Жұмыс тобы барлық мүдделі тараптардың басын қосып, практикалық алаң ретінде қызмет етеді», —деп атап өтті БҰҰДБ-ның Ыстанбұлдағы аймақтық хабының климаттың өзгеруі мен табиғи апаттарға қарсы төзімділік жөніндегі аймақтық тобы жетекшісінің м. а. Хусрав Шарифов.
БҰҰДБ-ның Ыстанбұлдағы аймақтық хабының климаттың өзгеруі мен табиғи апаттарға қарсы төзімділік жөніндегі аймақтық тобы жетекшісінің м. а. Хусрав Шарифов.
Кіріспе семинарлар Жапония қаржыландыратын Орталық Азиядағы апаттар қаупі мен климаттың өзгеруіне қалалардың орнықтылығын арттыру жөніндегі БҰҰДБ аймақтық жобасының негізін қалады. Жобаның пилоттық іс-шаралары Петропавл (Қазақстан), Ош (Қырғыз Республикасы), Душанбе (Тәжікстан), Ашхабад (Түркіменстан) және Наманган (Өзбекстан) қалаларында жүргізіліп жатыр, осылайша жобаны ұлттық деңгейде іске асыруға және аймақтық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізіп отыр.
«Тәуекелдерді азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу қағидаттарын стратегиялық жоспарлауға енгізу — жалпы басымдықтарды нығайту жолы. Жобамыз өз жұмысын Петропавл мен басқа да пилоттық қалалардағы ұлттық және жергілікті мақсаттармен үйлестіре отырып, ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді», —деп хабарлады БҰҰДБ-ның Ыстанбұлдағы өңірлік хабының өңірлік жоба менеджері Сардор Кодиров.
Апаттар қаупін азайту жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарламасына және Париж келісіміне негізделген жоба мүше мемлекеттерге өздерінің даму тұжырымдары шеңберінде апаттармен, климаттың өзгеруімен байланысты мәселелерді шешуде қолдау көрсетеді, осылайша аймақтағы қауымдастықтардың жақсырақ қорғалуын және болашақ қауіптерге орнықтырақ болуын қамтамасыз етеді.