Қалай БҰҰ халықаралық еріктісі атануға болады: баршаға және әркімге арналған мүмкіндіктер

2023 ж. 4 December

Фото: Джун Юнның жеке мұрағаты

Қаншалықты оғаш естілсе де, еріктілік айналасында жаңсақ пікір мен қате түсінік көптен-көп. Мысалы, мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасында БҰҰ Халықаралық еріктісі (БҰҰЕ) ретінде жұмыс істейтінімді айналамдағыларға айтсам, көпшілігі менің жұмысым тек әр жердегі гуманитарлық шараларға қатысты деп ойлайды. Бұл, әрине, олай емес. Осы тұрғыда менің аудармашы және зерттеуші ретіндегі тұрақты жұмысымнан еріктілікке ауысып кеткенім көп сұрақ тудырды. Әлгі жорамал-болжамдарға қарамастан, менің БҰҰ еріктісі ретіндегі күнделікті міндеттерім бұрынғы жұмысыма өте ұқсас. Мен БҰҰ үйіндегі кеңсемде отырамын, уақытымның айтарлықтай бөлігін компьютердің алдында құжаттарды дайындауға және талдауға жұмсаймын. БҰҰДБ-да бағдарлама маманы ретіндегі негізгі міндеттерім тұрақты түрде есептерді, аналитикалық жазбаларды, жоба тұжырымдамаларын және т.б. дайындау болып табылады.

Еріктілік туралы тағы бір қате түсінік: еріктілік бірінші кезекте жұмыс тәжірибесі аз жастарға арналған. Мысалы, университет студенттеріне арналған. Алайда бұл пікір де қате. Статистикаға сәйкес БҰҰ еріктілерінің орташа жасы – 34 жас, бұл ретте еріктілердің тек үштен бірі ғана әлі 30 жасқа толмаған. Мысалы, мен отыздан асып кеткенде ғана БҰҰ еріктісі болдым. Жаһандық көрсеткіштерге қарасақ, 2022 жылы 15 жылдан астам жұмыс тәжірибесін талап ететін БҰҰ сарапшы-еріктілерінің саны 38 пайызға артқан. Бұл еріктілік саласында жоғары білікті мамандарға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

Кең таралған пікірге қарамастан, бүгінгі таңда даму саласындағы еріктілік алуан түрлі таланттарды қажет етеді. Әртүрлі қоғам топтарынан шыққан адамдар еріктілер ретінде өз тәжірибесімен және білімімен бөлісіп, күн сайын әлемді жақсы жағына қарай өзгертеді, планетаның әр түкпірінде Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге бір табан жақындатады. Гуманитарлық шараларға қатысу осы игі істің бір қырын ғана көрсетеді. Қазақстанда ерікті ретінде жұмысқа тұрмас бұрын мен еріктілікпен кәсіби түрде, толық жұмыс күні бойы айналыса аламын деп ойлаған жоқпын, бірақ маған керемет мүмкіндік берілді. Соңғы он айда БҰҰДБ-да жұмыс істей жүріп, мен басқа да еріктілермен таныстым, олардың алуан түрлі кәсіби тәжірибесі мен академиялық дайындығы еріктілік әр адам үшін өмірінің мәніне айналатын іс бола алатынын жете түсіндім.

Фото: Джун Юнның жеке мұрағаты

Даму мүмкіндігі

БҰҰ еріктілерінің ең көп саны БҰҰДБ-да қызмет етеді – 2022 жылы жұмысқа қабылданған БҰҰ еріктілерінің жалпы санының шамамен 27 пайызы. Бұл өзара сындарлы іс-қимылға септесіп, БҰҰДБ аясында мықты БҰҰ еріктілер қоғамдастығының дамуына ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар агенттіктің еріктілік қызметті дамыту жобаларында тиімді пайдалануды терең түсінетінін көрсетеді.

БҰҰДБ-ның еріктілерді белсенді тартудағы және олардың білімі мен дағдыларын даму мәселелерінде пайдаланудағы мол тәжірибесі маған бірегей мүмкіндік берді. Менің бұрынғы жұмысымдағы зерттеулер жүргізудегі және есептер мен баяндамалар дайындаудағы біліктілігімді мойындай отырып, жетекшім маған Бас хатшының «Қазақстанның Семей облысының адамдары мен қоршаған ортасын қалпына келтіру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және үйлестіру» есебінің, яғни БҰҰ Бас Ассамблеясына ұсынылатын үш жылдық есебінің, бастапқы жобасын әзірлеуді басқаруды тапсырды. Бұл оңай болған жоқ, бірақ өз әлеуетімді тексеру және біліктілігімді арттыру үшін таптырмас мүмкіндік болды. Жобаның бастапқы нұсқасын әзірлеген соң, есепті толығымен дайындағанға дейін бәріміз бірлесіп жұмыс істедік. Басқа бөлімдердегі әріптестерімнің пікірлерінің, ұсыныстарының және олармен бірлесіп жұмыс істеудің арқасында көп нәрсені үйрендім.

Осы жаһандық ұйымда БҰҰ халықаралық еріктісі ретінде жұмыс істеу маған халықаралық жұмыс ортасына үйлесімді бейімделе білу қабілетімді дамытуға тамаша мүмкіндік берді. Әртүрлі мүдделі тараптармен ұдайы өзара әрекеттесу менің халықаралық даму саласы туралы түсінігімді кеңейтті.

Айта кеткен жөн, еріктілер қызметі кәсіби біліктілікті дамытып қана қоймай, сонымен бірге БҰҰ жүйесінде әрі қарай қызмет бабында өсудің бастапқы нүктесі болып табылады. Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты Өкілі Катаржина Вавьерниа ханымның еңбек жолын БҰҰ жүйесінде ерікті ретінде бастағанын есту мені қатты шабыттандырды.

Менің ойымша, Қазақстандағы БҰҰДБ халықаралық еріктісі ретіндегі мансабым аса қызықты. Ең бастысы, ел мен халық үшін маңызды бір іске өз үлесімді қосып жүргенім күн сайын көңілімді жадыратады. Егер БҰҰ халықаралық еріктісі болу мүмкіндігі туа қалса, оны міндетті түрде пайдалану керек екеніне нық сенімдімін. Бұл мүмкіндік ынта-талпынысы мол, өз ісіне адал кез келген адамға ашық. Бұл  жан-жақты дамудың тамаша жолы.

Фото: Джун Юнның жеке мұрағаты