Алматы мен Астанада көрермендердің назарына ерте жүктілік мәселесін көтеретін деректі фильм ұсынылды

2023 ж. 20 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

«Жарық сәулесі» бастамасы аймақтық бағдарламасының қолдауымен «Точка» агенттігі мен «Nukte» YouTube арнасы бірлесіп түсірген «Ерте жүктілік» деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Іс-шараға журналистер, блогерлер, инфлюенсерлер, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Фильмнің авторлары жасөспірімдердің психологиялық жетілмегендігі, олардың жақындары мен қоғам қолдауының болмауы, жүктілік пен ана болу проблемасына тап болған жасөспірімдерге көмек алу үшін қажетті ақпарат пен арналардың жетіспеушілігі тақырыбын көтереді.

Жасөспірімдердің жүктілігі – бұл нақты себептері бар және адам, отбасы және қоғамға медициналық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан әсер ететін жаһандық құбылыс. Сонымен қатар, жасөспірімдердің жүктілігінің жалпы санының астарында жыныстық зорлық-зомбылық жатқанын ұмытпауымыз керек. ДДҰ мәліметтері бойынша, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 24%-ы өмірінде кем дегенде бір рет серіктесінен физикалық және/немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл контрацепцияны қолдану туралы білімнің жетіспеушілігі емес, кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз және қылмыстық жазаланатын әрекеттердің жолын кесу мәселесі.

Қазақстанда 2021 жылы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 5774 баланы 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірім қыз  дүниеге әкелген.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Айыптау мен стигманың ауыртпалығынан басқа, ерте жүктілік көбінесе жасөспірім аналардың физикалық және психологиялық денсаулығына үлкен асқынулар әкеледі. Олардың 50%-дан астамы орта мектепті аяқтамайды. Білім алудан және соның салдарынан еңбек нарығында жарамсыз болып қалу оларды тұрақты табыс алу мүмкіндігінен айырады және гендерлік зорлық-зомбылық қаупі жоғары болатын қарым-қатынасқа әкелуі мүмкін.

Халықаралық тәжірибеде қыздардың білім алуына, медициналық қызметтерге қол жеткізуіне және олардың отбасыларына экономикалық көмек көрсетуге қатысты жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар бар.

Сонымен қатар, сәбидің дүниеге келуі үшін кәмелетке толмаған ата-аналардың бірдей азаматтық жауапкершілік мәдениетін дамыту қоғам үшін маңызды міндет болып табылады, өйткені бүгінгі күні ерте жүктілік үшін жауапкершілік ұғымы ер адамдарға қолданылмайды.

Ерте жүктілік туралы деректі фильмді 2022 жылдың 20 сәуірінде «NE boldy» YouTube арнасынан көруге болады.

Еуропалық Одақ қаржыландыратын БҰҰ-ның әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық пен зиянды тәжірибелердің барлық түрін жою жөніндегі жаһандық «Жарық сәулесі» бастамасы әйелдер мен қыздардың кемсітушіліктен, стигмадан және зорлық-зомбылықтан азат өмір сүруі үшін жағдай жасауға бағытталған. Бастаманың міндеттерінің бірі азаматтық қоғам белсенділерімен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл арқылы елеулі әлеуметтік және экономикалық салдары бар проблемаларға назар аудару болып табылады.