Адам құқықтары - тұрақты дамудың іргетасы

2024 ж. 10 December
a book on a table
Photo: UNDP Kazakhstan

Адам құқықтары – кез келген елдің тұрақты дамуының іргетасы. Адам құқықтарын құрметтеусіз, жүзеге асырусыз және қорғаусыз әділ, инклюзивті және тең құқылы қоғам құру мүмкін емес. Осы өзара байланыстылықтың өзегінде әрбір адамның қадір-қасиетін және құндылығын мойындау жатыр, онсыз әлеуметтік тұрақтылыққа да, экологиялық тепе-теңдікке де, экономикалық өркендеуге де қол жеткізу мүмкін емес.

Жыл сайын Халықаралық адам құқықтары күні 10 желтоқсанда атап өтіледі. Ол әлемдегі ең маңызды жаһандық міндеттемелердің бірі – Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясы қабылданған күнге орайластырылған. Биылғы Халықаралық адам құқықтары күнінің тақырыбы – «Біздің құқықтарымыз, біздің болашағымыз, дәл қазір». Адам құқықтары қоғамдағы алдын алушы, қорғаушы және өзгертуші күш ретінде шешуші рөл атқара отырып, мәселелерді шешудің жолы ретінде қарастырылады.

Адам құқықтарының алдын алушы функциясы – жаппай қолданылатын құндылықтар мен қағидалардың әмбебап жиынтығын құру, олар құқық бұзушылықтарды, қақтығыстарды және қиянатшыл әрекеттерді орын алғанға дейін болдырмауға көмектеседі; қорғаушы функциясы әр адамға тұрғылықты жеріне қарамастан лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін нормалардан көрініс береді. 
Сонымен қатар адам құқықтарының өзгертуші рөлі бар: елеулі әлеуметтік өзгерістер енгізуге және осал топтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етіп, анағұрлым әділетті қоғам құруға көмектеседі.

Қазақстандағы адам құқықтарын ілгерілетудегі БҰҰДБ рөлі

Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) адам құқықтары жөніндегі күн тәртібін ілгерілетуде Қазақстан үкіметіне қолдау көрсетуге үлкен мән береді. Теңдікті нығайту, халықтың осал топтарын қорғау және халықаралық стандарттарды енгізу — осы жұмыстың басты аспектілері.

Омбудсмен және АҚҰО институтын нығайту

БҰҰДБ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың (АҚҰО) және Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі мүшелерінің жұмысына сарапшылық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының жұмысын Адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттарға қатысты Париж қағидаларының стандарттарымен сәйкестікке келтіру және Жаһандық адам құқықтары институттары альянсындағы аккредиттеу мәртебесін одан әрі көтеру мақсатында өңірлердегі Омбудсмен өкілдерінің әлеуетін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2022 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 20 өкілі (республикалық маңызы бар қалаларда – 3, облыстарда – 17) жұмыс істейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеуге қатысады. Осылайша ҚР Президентінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен қол қойылған Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимылдар жоспарына төрт ұсыным кіріп, оларды іске асыру АҚҰО-ға жүктелді, соның ішінде «еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде «жұмыс орнындағы жыныстық алымсақтық» ұғымына анықтама беру, шағымдарды берудің және қараудың тиімді процедураларын әзірлеу, сондай-ақ құқықтық қорғау құралдарын ұсыну» бар.

Ұлттық алдын алу тетігін (ҰАТ) қолдау

10 жылдан астам уақыт бойы БҰҰДБ азаптау мен қатыгездіктің алдын алу үшін құрылған Ұлттық алдын алу тетігіне (ҰАТ) қолдау көрсетіп келеді. БҰҰДБ бас бостандығынан айыру орындарына мониторинг жүргізумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттыруға қолғабыс етеді. Техникалық және сарапшылық көмек жабық мекемелерде ұсталатын тұлғалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік беретін тренингтер өткізуді, әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді және халықаралық тәжірибе алмасуды қамтиды.

БҰҰДБ жұмысының нәтижелерінің мысалы ретінде сотталғандардың денсаулыққа қатысты құқығын тиімді қамтамасыз ету үшін 2021 жылы Ішкі істер министрлігінен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне берілген пенитенциарлық жүйедегі медициналық қызметтердің жұмысын түрлендіруді келтіруге болады. Медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр, қазіргі уақытта сотталғандарды медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін институционалдық және заңнамалық өзгерістер бойынша ұсынымдар дайындалып жатыр.

Жауапты бизнес және адам құқықтары

Бүгінгі таңда бизнестің заманауи әлемдегі өзгерістердің жаһандық катализаторы ретіндегі рөлі барған сайын мойындауға ие болып жатыр. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге, соның ішінде адам құқықтарын қорғауға шынайы қызығушылық танытатын және тиісті шара қолданатын жауапты бизнес нарықта бәсекелестік артықшылыққа ие болады. 

Қазақстанда БҰҰДБ жауапты бизнес жүргізу қағидаларын енгізуде жетекші рөл атқарады. Осы бағыт аясында Адам құқықтары тұрғысынан кәсіпкерлік қызметтің жетекші қағидалары (немесе БҰҰ Жетекші қағидалары) сияқты бүкіл дүние жүзінде мойындалған халықаралық стандарттарды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. БҰҰДБ оқыту шаралары, вебинарлар, мақалалар, екіжақты және көпжақты кездесулер арқылы БҰҰ Жетекші қағидаларын іске асыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, компаниялар, құқық қорғаушылар және мемлекеттік органдар арасындағы диалогты қолдап отыр.

2023 жылы БҰҰДБ Қазақстандағы БҰҰ Жетекші қағидаларын іске асырудың елдегі бірінші Ұлттық базалық бағалауын жүргізді, оған ұлттық заңнаманы, жауапты бизнес стандарттарын енгізудегі компаниялардың тәжірибесін, соның ішінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін қолжетімді құқықтық қорғау құралдарын талдау кірді. Әзірленген ұсынымдар мемлекеттік органдардың, бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың және халықаралық ұйымдардың өкілдеріне ұсынылды.

БҰҰДБ адам құқықтары саласында тиісті сақтық процедураларын енгізу мәселелерінде корпоративтік сектормен белсенді жұмыс істейді. 2022 жылдан бері бүкіл Қазақстан бойынша ірі, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі осындай оқуды аяқтады. БҰҰДБ мемлекеттік деңгейде БҰҰ Жетекші қағидаларына сәйкес кәсіпкерлікте адам құқықтарын қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеу бойынша Ведомствоаралық жұмыс тобына техникалық қолдау көрсетеді.

Экологиялық әділеттілік: жаңа сын-қатер

Климат барған сайын өзгеріп бара жатқан қазіргі жағдайда экологиялық әділеттілік мәселелері Қазақстандағы БҰҰДБ жұмысының маңызды бағыттарының біріне айналды. БҰҰДБ экологиялық құқық бұзушылықтармен күресуге, соның ішінде мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыстандыруға, сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі.

Жақында өткен Орталық Азия үшін қылмыстық сот төрелігі бойынша сарапшылар форумы аясында БҰҰДБ Ыстамбұл аймақтық хабы мен Қазақстандағы БҰҰДБ «Қылмыстық құқық арқылы ауыр экологиялық құқық бұзушылықтармен күресу және ұлттық құқық қолдану әлеуетін арттыру: қиындықтар мен мүмкіндіктер» тақырыбында арнайы сессия өткізді. Сессияда сарапшылар климаттың өзгеруі, ауаның ластануы және биоалуантүрліліктен айырылу сияқты үш еселенген ғаламдық дағдарысқа оның адам құқықтарына тигізетін әсерін ескере отырып, жедел құқықтық шаралар қолдану қажеттілігін талқылады. 

Қазақстаннан және Орталық Азияның басқа да елдерінен келген қатысушылар экологиялық құқық бұзушылықтарды қылмыстандыру үрдісі артып келе жатқанын, сондай-ақ қоршаған орта саласындағы халықаралық сот төрелігі стандарттарына сәйкес аймақтағы құқық қолдануды күшейту үшін сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың маңыздылығын қарастырды.

Осындай іс-шаралар экологиялық қылмыстармен күресу және елдің тұрақты дамуы үшін жауапкершілігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастық пен тиімді құқықтық тетіктердің артып бара жатқан маңыздылығын айқын көрсетеді.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы жұмысы адам құқықтары тек құндылық қана емес, сонымен бірге тұрақты дамуға қол жеткізудің басты құралы екенін көрсетеді. Әрбір адамның құқықтарын қамтамасыз ету, сақтау және қорғау арқылы теңдікке, әділдікке және өрлеуге орын бар қоғам құруға болады.