Фатиманың қалыптасуы
2022 ж. 22 June
Бір күні анам менің таңдауларымды жақтырмайтынын және менен көңілі қалғанын айтқаны есімде... Бұл менің жүрегімді жаралады.
Менің атым Фатима. Мен Ауғанстаннанмын. Ал бұл менің хикаям.
2019 жылы мен Еуропа Одағының және БҰҰ Даму бағдарламасының шәкіртақысына ие болып, Қазақстанға оқуға келдім. Мен өте қуанып, өз бағыма сене алмадым.
Мен Иранда дүниеге келдім. Менің бес ағам және бір сіңлім бар. Менің әкем шағын дүкеннің иесі болған, ал үлкен ағам жөндеу шеберханасында жұмыс істеген. Иранда өткен балалық шағым туралы көптеген бақытты естеліктерім бар.
2005 жылы біз Ауғанстанға оралдық.
Мен Иранда тоғыз сынып оқып, Ауғанстандағы мектепті бітіргім келді. Анам мен ағаларым мектепте оқу қыз үшін қауіпсіз емес деп сендіруге тырысып, менің қалауымды мақұлдамады. Ішінара, олардікі дұрыс болды, бірақ мен жас және ынталы болдым. Менің оқығым келді.
Анам маған бурка кию шартымен ғана мектепке баруға рұқсат берді. Оны кигенде айналада ештеңе көрмейтінмін, сондықтан мен бетімді ашық ұстадым (Фатима күледі). Анам қарсы болмады.
Біз Ауғанстанға оралған босқындарға арналған арзан баспаналы ауданда тұрдық, сондықтан біздің аймақта электр қуаты болмады. Мектептен кейін мен білім беру орталығында менен кіші балаларға математика пәнінен сабақ беріп, сол жерде үй тапсырмаларын орындадым. Үйде мен қараңғыда қол шаммен оқыдым.
Мен 12-ші сыныпта болғанда, бір отбасы анама мені ұлына тұрмысқа шығаруға ұсыныс жасады. Күйеуімнің менің университетте оқуыма рұқсат беруі күмәнді екенін түсінетінмін. Мен «жоқ» дедім.
Сол күні анам маған жақсы қыз емессің деп айтты. Мен кішкентай сіңлім сияқты сабырлы және мойынсұнғыш емеспін. Мен тек қиындықтарды тудырамын. Ол мені ешқашан кешірмейтінін айтты. Оның сөздері менің жүрегімді жаралады.
Сүйікті анам мен білімнің арасында таңдау жасау керек сияқты болды. Бұл оңай таңдау емес еді.
Сіңілімді сол адамға үйлендірді. Ол тек жеті сыныпты бітірді. Ол 14 жаста еді.
Мектепті бітіргеннен кейін мен университетке түсуді жоспарладым. «Саған оқу не үшін керек?», - мен бұл сұрақты қанша рет естігенімді санауды тоқтаттым. Біз әр кеш сайын дауласатынбыз.
Ағам менің университеттегі оқуымды төлеуге қатысты шығындарды отбасым көтере алмайтынын айтты.
Ақырында мен оларды көндіре алдым да, Қабұлға оқуға кеттім. Мен жұмыс істедім, інім де жұмыс істеп, маған қаржылай көмектесті. Осылайша мен бакалавриат бағдарламасындағы оқуымның ақысын төлей алдым.
Әкем ешқашан менің оқуыма қатысты отбасылық дауларға араласпады. Мен университетке түскенде, ол менен оқуым ұнай ма екенін, не оқып жатқанымды және басқа сұрақтарды қоя бастады. Осылайша ол өзінің қолдауын білдіргенін түсініп жүрдім.
Менің сіңілімнің күйеуі оған мектепте оқуды жалғастыруға рұқсат бермеді. Некенің алғашқы жылдары ол үшін қиын сынақ болды.
Үйдегі ауыр жұмыс – жасөспірім қыз үшін оңай емес. Ол тұңғышынан 18 жасқа дейін көтере алмай айырылды.
Бұл менің анам үшін қатты соққы болды. Ол бұған өкінетін. Оның дәстүрлі көзқарастары шайқалды. Ол қатты өзгерді. «Сенікі дұрыс болды», - дейді маған қазір анам. Оның сөздері жүрегімді жылытады. Бұлттан күн шығып, ұзақ қараңғылықтан кейін жарқырай бастаған сияқты.
Мен сіңіліммен жылы қарым-қатынасты бар күшіммен сақтауға тырысамын. Мен оның мектепте оқуын жалғастырып, білімін балаларға бере алуын қалайтынмын. Бірақ ол маған құлақ аспайды. Сіңілім барлық қиыншылықтары үшін мені кінәлайды.
Мен Қазақстан-Британ техникалық университетін қаржы саласындағы магистр дәрежесімен бітірдім.
Маған Алматыда тұру өте ұнайды, жаңа достарды таптым. Мұнда мейірімді және ықыласты адамдар көп. Қазақстандықтардың қонақжайлылығы мен ерлер мен әйелдер арасындағы құрмет маған қатты әсер етеді.
Маған зерттеу жұмыстарымен айналысу ұнайды, мен сондай жұмыс табамын деп үміттенемін. Сондай-ақ маған әңгімелер жазған ұнайды. Көбінесе әңгімелерім әйелдер туралы. Әрбір әйелдің хикаясы - ерекше. Бұл өзгерістер хикаясы. Батылдық хикаясы. Қалыптасу хикаясы.
Менің атым Фатима және бұл менің хикаям.
Жалпы алғанда, Ауғанстаннан келген 155 әйел 2027 жылға дейін Орталық Азия университеттерінде Еуропа Одағы қаржыландыратын және БҰҰДБ іске асырылатын шәкіртақы бағдарлама шеңберінде білім алады.
Ауғанстанның қырық миллион тұрғындарының жартысы – әйелдер, бірақ аз ғана пайызы жоғары білім алады.
***
Жарияланым Еуропа Одағының қаржылық қолдауымен шығарылды. Мазмұны БҰҰДБ-ның Қазақстандағы айрықша жауапкершілігі болып табылады және оны Еуропа Одағының көзқарастарының көрінісі ретінде қарастыруға болмайды.