Астанада өңірлік әкімдіктер үшін креативті индустрияларды дамыту бойынша оқыту бағдарламасы басталды
2025 ж. 12 May
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы өкілдігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Мемлекеттік басқару академиясының ұйымдастыруымен «Креативті Қазақстан: өңірлерде креативті индустрияларды дамыту» атты оқыту бағдарламасының ашылу рәсімі өтті.
Үш күндік бағдарламаға елдің барлық 20 өңірінің әкімдіктеріндегі креативті индустрияларды дамытуға жауапты басқарма басшылары қатысты. Бағдарламаның мақсаты — заңнамалық өзгерістер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылау, тәжірибе алмасу, креативті индустрияларды басқарудағы халықаралық тәжірибемен танысу және Қазақстанда орнықты креативті экожүйені қалыптастыру үшін өңірлік бастамаларды әзірлеу.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов және Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов сөз сөйледі.
«Оқыту бағдарламасының басты мақсаты — аймақтардан келіп жатқан қатысушылардың басқарушылық құзыретін арттыру, сондай-ақ олардың арасындағы орнықты кәсіби байланыстарды және жалпы креативті экономика саласында стратегиялық тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту», —деп атап өтті Евгений Кочетов.
Өз сөзінде Сухроб Ходжиматов креативті индустриялардың орнықты даму үшін маңыздылығын атап өтті:
«Креативті индустриялар әлемдік экономиканың қуатты драйвері болумен қатар, кедейлікті азайтуға, жастарға жұмыс орындарын құруға, сапалы білім беруді ілгерілетуге және тұрақты қалаларды қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл секторды дамыту Қазақстан өңірлерінде адами капиталдың өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады».
Бағдарлама аясында стратегиялық сессиялар, жобалық жұмыстар, практикалық тренингтер және жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасу қарастырылған. Қатысушылар креативті хабтарды дамытудың заманауи тәсілдерін, импакт-инвестицияларды тарту жолдарын, креативті индустриялардың Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізудегі рөлін зерделейді және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Бағдарлама БҰҰДБ Акселератор-зертханасының Қазақстандағы креативті индустрияларды дамыту және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған кешенді жұмысының бір бөлігі болып табылады.
Оқыту 2025 жылғы 14 мамырға дейін жалғасады.