ТК 27-де бастысы не?

2022 ж. 10 November

 

 

Тараптардың Климаттың өзгеруі туралы конференциясы (ТК 27) 2022 жылдың 6-18 қарашасы аралығында Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдер климаттық сын-тегеурінге жаһандық жауап беру жағдайын және осы экзистенциалды дағдарысты шешудің келесі қадамдарын талқылау үшін жиналды.

ТК 27 нақты прогресс пен нәтижелерге қол жеткізу үшін, сондай-ақ климаттық күн тәртібі мәселелерінде табанды түрде алға жылжу үшін маңызды кезең болуға арналған.

Климаттың өзгеруінің ең нашар әсерін болдырмау үшін біз жаһандық температураның көтерілуін индустрияға дейінгі базалық деңгейден Цельсий бойынша 1,5 градусқа дейін шектеп, 2050 жылға қарай жаһандық нөлдік шығарындыларды қамтамасыз етуіміз керек. Алайда Цельсий бойынша 1,5 градус мақсатына жету үшін терезе тарылып, әлем шұғыл түрде бірігуі керек. Үкіметтер, сондай-ақ азаматтық қоғам, қалалар мен аймақтар, жеке сектор және қаржы қоғамдастығы қазірдің өзінде өршіл, бірақ орындауға болатын климат саласындағы әрекеттерді қабылдауы керек.

Климаттық төтенше жағдай біздің заманымыздың айқындаушы проблемаларының бірі болып қала беруде және, өкінішке орай, Қазақстанда да ерекшелік болып табылмайды. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай елдегі температура 2-3° Цельсийге, ал ХХІ ғасырдың аяғына қарай 3-6° Цельсийге көтерілуі мүмкін. Қазіргі мұздық массасының 50 пайыздан астамы 2100 жылға қарай жоғалады деп күтілуде, сел, су тасқыны және құрғақшылық сияқты климатқа байланысты табиғи апаттар жиілігі мен ауқымы бойынша артып келеді және бұл үрдіс алдағы онжылдықта жалғасады деп күтілуде. Климаттың өзгеруі 2100 жылға қарай су ресурстарының күрт төмендеуіне (22 пайызға дейін) әкеледі деп болжануда, бұл елдің барлық сегіз бассейнінде су тапшылығының нәтижесі болады. Қазақстан бидайдың ірі жеткізушісі болып табылады, бірақ 2050 жылға қарай өнімділік 13-49 пайызға төмендейді деп күтілуде.

Бұл сандар елдің бүкіл экономикасы мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді, ол ұлттық деңгейде шұғыл және кешенді іс-қимылды ғана емес, сонымен қатар халықаралық климаттық күш-жігерге белсенді қатысуды талап етеді.

Климаттың өзгеруі жөніндегі келіссөздер өте күрделі және қиын, өйткені олардың шешімдері бір жағынан адамзаттың өмір сүруіне, екінші жағынан экономикалық даму құқығына әсер етеді. 2022 жылдың қазан айында Қазақстанның келіссөз жүргізушілерін ТК 27-ге дайындауды қолдау мақсатында Қазақстандағы БҰҰДБ бірқатар тренингтер ұйымдастырды, олардың негізгі түрткісі ұлттық деңгейде Париж келісімін толық іске асыра отырып, жылдам алға жылжу қажеттігі болды. Әлемнің төмен көміртекті және климаттық тұрақты даму жолына көшуге және ғасырдың ортасына қарай таза нөлдік көміртекке қол жеткізуге 86 айдан аз уақыты бар екенін есте ұстаған жөн.

Бүгінгі таңда климаттық апаттардың өршуіне және жедел, өршіл әрекеттер туралы бұлтартпас ғылыми деректерге қарамастан, климаттық дағдарысқа қарсы жаһандық жауап беру шаралары барлық деңгейлерде кейінге қалдырылғаны алаңдаушылық туғызады. ТК 27 импульсті жандандырып, ТК 26-да қол жеткізілген прогресті дамытып, климаттың өзгеруінің алдын алу, бейімделу, қаржыландыру, шығындар мен залалдар саласындағы іс-әрекеттерді жеделдетіп, олқылықтарды жоюы керек.

Шығарындыларды азайту бөлігінде елдердің қазіргі міндеттемелері шындыққа жанаспайтынын мойындай отырып, 1,5 градус Цельсий мақсатын қолжетімді жерде ұстау маңызды. Негізгі эмитенттер Жаһандық қорытындылау қарсаңында ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар (ҰДАС) деп аталатын Париж келісіміне сәйкес салдарларды жұмсарту бойынша өздерінің нысаналы көрсеткіштерін айтарлықтай арттыруы тиіс. Елдерге Глазгодағы ТК 26-да қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес ҰДАС-ты қарау және қайта қарау ұсынылды.

Климаттық сілкіністердің күші мен ауырлығын ескере отырып, климаттың өзгеруіне бейімделу алдыңғы қатарға шығады. Дамыған елдер Глазгодағы тараптар конференциясының қорытындыларына сәйкес бейімделуді қаржыландыруды жылына 40 миллиард АҚШ долларына дейін екі есеге арттыруға қалай ниетті екендігі және ұлттық бейімделу жоспарларын жүзеге асыруға қалай қолдау көрсетілетіні туралы мәселені нақтылауы керек.

Кейбір салдарлардың жойқын болғаны соншалық, оларға бейімделуге болмайды, мысалы, бір кездері өнімді фермаларды құнарсыз фермаларға айналдыратын құрғақшылық немесе ойпат алаңдарды үнемі су басатын теңіз деңгейінің көтерілуі. Бұл салдар «шығындар мен залал» ретінде қарастырылады. Көптеген елдерде болып жатқан катаклизмдерге қарамастан, тараптардың алдыңғы кездесулерінде шығындар мен залалға аз көңіл бөлінді.

Шығындар мен залал мәселесін тікелей шешу және оларды қаржыландыру тетігін құру Мысырдағы ТК 27 табысының орталық көрсеткіші болады. Бүгінгі таңда жылына 100 миллиард долларлық мақсатқа сенімді түрде жету қажеттілігі бар. Кедергілерді жою және климаттық қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдету, сондай-ақ оның сапасын арттыру үшін нақты шаралар қажет. Бұл тұрғыда біз көпжақты даму банктері мен халықаралық қаржы институттарының дамушы елдерге олардың жаңартылатын энергия көздеріне және климаттық тұрақты болашаққа көшуін жеделдетуде қолдау көрсетудегі маңызды рөлін көріп отырмыз.

Климаттық дағдарыстың жаһандық сипаты халықаралық ынтымақтастықты қажет ететіні сөзсіз. Алдағы ТК 27 конференциясы - бұл елдердің климаттың өзгеруіне қатысты батыл әрекеттерді шұғыл түрде жүзеге асыруда берік және өршіл екенін көрсетудің тағы бір мүмкіндігі.