Мамандар даярлаудағы университеттердің рөлі
Қазақстанды климаттың өзгеруіне бейімделуге кім үйретеді?
2026 ж. 14 October
Қазақстан өңірлерінің тыныс-тіршілігіне құрғақшылық, тасқын, сел және аптап ыстық әсер етуде. Олар ауыл шаруашылығын жүргізу жағдайларын өзгертеді, су ресурстарына қосымша жүктеме түсіреді және аумақтарды дамытуды жоспарлаудың жаңа тәсілдерін талап етеді. Негізді шешімдер қабылдау үшін өңірлерге климаттық тәуекелдерді бағалай алатын және ықтимал залалды азайтуға көмектесетін шараларды анықтай алатын мамандар қажет.
Бірақ мұндай мамандарды қайда және қалай даярлау керек? Бұл сұраққа жауаптардың бірі – өңірлік университеттер. Мұнда болашақ экологтардың, зерттеушілердің, мемлекеттік қызметшілердің және басқа да мамандардың білімі мен кәсіби дағдылары қалыптасады, олардың шешімдері өңірлердің климаттың өзгеруіне төзімділігіне ықпал етеді. Алайда, климаттық тәуекелдерді бағалау университетте білім берудің және ғылыми жұмыстың бір бөлігіне айналуы үшін оқытушылардың өздерін даярлау қажет. Олар заманауи талдау әдістерін меңгеруі, осы білімді студенттерге жеткізе білуі, оларды зерттеулерде қолдануы және жергілікті билік органдарымен ынтымақтастық орнатуы керек.
Осындай сараптаманы дамыту үшін Қазақстандағы БҰҰДБ Петропавл, Қызылорда, Семей, Ақтау және Астана қалаларында университеттердің өкілдері мен басқа да мүдделі тұлғаларға арналған практикалық семинарлар сериясын ұйымдастырды. 12 жоғары оқу орнының 100-ден астам өкілі, соның ішінде оқытушылар, зерттеушілер, білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерінің әзірлеушілері, экология, климат және орнықты даму саласындағы бейінді кафедралардың басшылары мен қызметкерлері оқытудан өтті. Кейбір семинарларға облыс әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Оқыту жалпы шолудан басталды. Қазақстандағы БҰҰДБ климаттық жобаларының талдаушысы Сәулет Сәкенов бейімделудің Қазақстан үшін климаттық саясаттың жаңа саласы екенін еске салды. Ұзақ уақыт бойы климаттық күн тәртібі шығарындыларды азайтуға және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталып келді. Бейімделудің бастауы басқада: қазіргі кезде климат өзгеру үстінде және оның салдарына дайын болуымыз керек.
Бұл тәсіл заңнамада да бекітілген. Жақында Қазақстан Республикасының Экология кодексіне дәл осы климаттың өзгеруіне бейімделуді климаттық саясаттың жеке бағыты ретінде реттейтін арнайы баптар енгізілді. Ауыл шаруашылығы, су ресурстары, орман шаруашылығы және төтенше жағдайлар секторы бейімделу үшін елдегі басым секторлар деп айқындалды. Қазақстанның облыстары осы төрт сектор бойынша климаттық тәуекелдерге бағалау жүргізіп, іс-шаралармен жеңілдетілуі керек тәуекелдерді анықтауға тиіс.
Бейімделу іс-шараларын әзірлеу алгоритмі келесідей: Бейімделу іс-шараларын әзірлеу облыстар деңгейінде төрт басым сектор: су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және азаматтық қорғау бойынша жүргізілетін, климаттық тәуекелдер мен осалдықты бағалаудан (КТОБ) басталады. Бағалау нәтижелері нақты өңір үшін қандай климаттық қауіптердің ең өзекті екенін, қандай салалар мен объектілердің ең осал екенін және климат одан әрі өзгерген жағдайда қандай салдарлар туындауы мүмкін екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде анықталған тәуекелдер негізінде өңірдің осалдығын азайтуға бағытталған бейімделу іс-шаралары әзірленеді. Мысалы, егер бағалау суармалы егіншіліктің дамуын шектейтін суарушы су тапшылығының жоғары тәуекелін анықтаса, су тұтынуды есепке алу жүйелерін жетілдіру, арналарды бетонмен қаптау және булану мен сүзілу салдарынан суды тасымалдау кезінде оның шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін технологияларды енгізу сияқты шаралар ұсынылуы мүмкін.
Содан кейін ұсынылған іс-шаралар шығындар мен пайда талдауын (Cost-Benefit Analysis, CBA) қолданып бағаланады, бұл оларды іске асыруға кететін шығындарды күтілетін нәтижелермен салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл іс-шаралардың басымдығын айқындауға және тиісті облыс әкімдігінің қарауы үшін ұсыныстардың негізделген тізбесін қалыптастыруға көмектеседі. Іс-шараларды таңдау және оларды өңірлік бейімделу жоспарына енгізу туралы түпкілікті шешімді облыс деңгейінде қабылдайды.
Бейімделу шараларын практикалық іске асыруды қамтамасыз ету үшін оларды өңірлік жоспарлаудың қолданыстағы тетіктерімен байланыстыру маңызды. Облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуы облыстардың даму жоспарларына сәйкес жүзеге асырылатындықтан, осы құжаттарға бекітілген бейімделу іс-шараларын енгізу ұсынылады. Мұндай тәсіл өңірлік басымдықтарды айқындау кезінде климаттық тәуекелдерді ескеруге, қажетті ресурстарды жоспарлауға және әрі қарай іс-шаралардың орындалуын қадағалауға және қол жеткізілген нәтижелер туралы есеп беруге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыстық әкімдіктердің алдына осындай міндетті қойып отыр, ал олар мұндай бағалауды нақты қалай жүргізу керектігі жөнінде жиі сұрауда. БҰҰДБ ол үшін жергілікті университеттерге жүгінуді ұсынып отыр. Бұл үшін әрбір ЖОО-да климаттық тәуекелдерге бағалау жүргізе алатын зерттеушілер тобын құру ұсынылады. Оларғы осыны үйрету және әрі қарай бұл білімді студенттер арасында тарату – семинарлардың басты мақсаты.
Сарапшы Гульжан Ермекова ендігі кезекте өңірлер басшылыққа алуы керек, климаттық тәуекелдерді бағалаудың ұлттық әдіснамасының құрылымын түсіндірді. Қатысушылар уақыттың көп бөлігін сарапшы Әділет Ткеновпен бірге топтарда жұмыс істеуге арнады. Бірте-бірте олар бүкіл рәсімнен өтті: бағалауға дайындалды, тәуекелдерді анықтады, оларды талдап, бағалады.
Әсер ету тізбегі басты құралға айналды. Ол климаттық қатердің – құрғақшылықтың, тасқынның немесе аптап ыстықтың – нақты жүйенің осалдығы арқылы экономика, табиғат және адамдар үшін салдары қалай болатынын көрсетеді. Тәуекел буындар бойынша жіктелгенде, қай тұста араласуға болатыны және ең алдымен не істеу керектігі айқын болады.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қолданбалы зерттеулер және талдау институтының директоры Гульнара Джунусбекова осы тәжірибенің ауқымын кеңейтуді ұсынды: «Аграрлық сектор, экология және жалпы бүкіл ел үшін меңгерілген білімнің маңызы зор, сондай-ақ ол мемлекеттік басқару мен бейіндік кадрларды даярлау үшін айрықша құнды. Осы климаттық тәуекелдерді бағалау жөніндегі оқыту модулін Қазақстан Республикасының барлық жоғары оқу орындарына енгізу қажет. Семинар барысында біздің ойымызға оны ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тұрақты бағдарламасына енгізу идеясы келді, бұл үшін алдын ала тиісті оқу-әдістемелік кешенді (ОӘК) әзірлеу қажет болады».
Мұндай оқу-әдістемелік кешен климаттық тәуекелдерді бағалауды ЖОО студенттеріне де, өңірлердің дамуы туралы шешім қабылдайтын мемлекеттік қызметшілерге де бірыңғай стандарттар бойынша оқытуға мүмкіндік берер еді. Қатысушылар бірлесіп зерттеулер жүргізуде ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін де білдірді. Бұл әртүрлі университеттердің сараптамасын біріктіруге және климаттық тәуекелдерді бірден бірнеше қырынан зерделеуге мүмкіндік береді.
«Климаттық тәуекелдерді бағалау климаттың болжамды өзгерістерінің әсерін анықтауға көмектеседі және қоршаған ортаға, экономикаға және қоғамға әсерін болдырмау немесе азайту үшін алдын ала шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шаралар адам құқықтарын қорғау үшін ерекше маңызды, себебі климаттың өзгеруі балаларды, қарт адамдарды, мүгедектерді және әйелдерді қоса алғанда, осал топтарға шамадан тыс әсер етеді. Сондықтан халықтың әртүрлі топтарының осалдық деңгейлеріне қарай бейімделу шараларының ең қауіпті деңгейдегі адамдарды тиімді қорғауын қамтамасыз ету маңызды», - деп атап өтті Мақсұт Нәрікбаев Университетінің Халықаралық құқық білім беру бағдарламасының басшысы Айман Смағұлова.
Қатысушылар бірлесіп зерттеулер жүргізуде ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл әртүрлі университеттердің сараптамасын біріктіруге және климаттық тәуекелдерді бірден бірнеше қырынан зерделеуге мүмкіндік береді.
Семинарлар сериясы көрсеткендей, университеттер жаңа рөлді атқаруға дайын. Даярланған мамандар – университеттердің түлектері мен қызметкерлері тәуекелдерді бағалауды оқу курстарына енгізуге, студенттердің зерттеулеріне жетекшілік етуге және жергілікті билік органдарына бейімделуді жоспарлауға көмектесуге мүмкіндік алады. Өңірлер үшін бұл жергілікті жағдайларды білетін және бірыңғай әдіснама бойынша жұмыс істейтін өз мамандарын даярлауға берілетін мүмкіндік. Ел үшін – климаттық тәуекелдерді ескеруді дамуды жоспарлаудың әдеттегі бөлігіне айналдыру жолындағы қадам.