Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тиімді басқару үшін ЖИ дағдыларын дамыту
2026 ж. 8 October
Жасанды интеллект дәрі-дәрмекке сұранысты болжаудан бастап, күнделікті үдерістерді автоматтандыруға және деректерге негізделген шешім қабылдауды нығайтуға дейін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді басқаруды жетілдіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл мүмкіндіктер 2026 жылғы 6–8 қазанда өткен үш күндік практикалық тренинг барысында қарастырылды. Іс-шараны Қазақстандағы БҰҰДБ «СК-Фармация» ЖШС-мен бірлесіп, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының қатысуымен ұйымдастырды.
Бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформацияны жеделдету жөніндегі ауқымды күш-жігерін көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, ЖИ-ді кеңінен енгізу мен цифрлық құзыреттерді дамытуды елдің стратегиялық басымдықтарының қатарына қосты.
«Жасанды интеллект технологиялары мен вайб-кодингті практикалық қолдану» тренингінің бағдарламасы нақты жұмыс міндеттерін шешуге бағытталды. Практикалық сабақтар барысында қатысушылар ЖИ негізіндегі өнімділікті арттыру құралдарымен, промпт-инжинирингпен, жұмыс үдерістерін автоматтандырумен және вайб-кодингпен жұмыс істеді. Бұл тәсіл ЖИ көмегімен цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
«Әрбір технологияның артында оның ықпалы біліміне, дағдыларына және шығармашылық әлеуетіне байланысты адамдар тұр. Жасанды интеллект күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып келе жатқандықтан, адамдардың оны тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану қабілетіне инвестиция салу аса маңызды. Цифрлық дағдыларды нығайтып, практикалық инновацияларды ынталандыру арқылы технологиялық прогрестің мекемелер жұмысы мен адамдарға көрсетілетін қызметтердің сапасын елеулі түрде жақсартуына қол жеткізе аламыз», — деді Қазақстандағы БҰҰДБ тиімді басқару және өңірлік даму бөлімінің басшысы Айнұр Баймырза.
«СК-Фармация» ЖШС өз қызметіне ЖИ технологияларын енгізу, жұмыс үдерістерін автоматтандыру және цифрлық инфрақұрылымды нығайту бағытында жұмыс істеп келеді. Тренинг барысында алынған дағдылар сұрауларды өңдеуді автоматтандыруға, деректерді талдау мен ақпарат іздеуді тиімдірек етуге, сондай-ақ Бірыңғай дистрибьютор қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
«Қазақстан цифрлық трансформация күн тәртібін белсенді ілгерілетіп келеді және біз осы үдеріске үлес қосып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Біз үшін жасанды интеллект — жай ғана жаңа технология емес, жұмысымызды жақсартуға көмектесетін практикалық құрал. Жасанды интеллект пен вайб-кодинг саласында алған біліміміз бен дағдыларымыз сатып алу үдерістерін автоматтандыруға, дәрі-дәрмек жеткізілімдерін бақылауға және оларға деген сұранысты болжауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің мақсатымыз — Қазақстанның дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін тиімдірек, ашық әрі қолжетімді ету. Біз ЖИ-дің осы жұмысты қолдауда және денсаулық сақтау жүйесіне арқа сүйейтін адамдар үшін сапалы нәтижелерге қол жеткізуде айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз», — деді «СК-Фармация» ЖШС Жеткізушілерді мониторингтеу және қолдау департаментінің бас менеджері Әсел Есқараева.
Тренинг барысында қатысушыларға ЖИ-ді нақты кәсіби міндеттерді, соның ішінде тәуекелдерді басқару саласындағы міндеттерді орындау үшін қалай қолдануға болатыны да көрсетілді.
«Мен үшін ЖИ-дің аналитикалық дашбордтар мен интерактивті оқу материалдары сияқты практикалық құралдарды жасауға қалай көмектесе алатынын түсіну аса құнды болды. Тренинг барысында мақсат пен күтілетін нәтижені нақты айқындау арқылы белгілі бір жұмыс міндетін жұмыс істейтін шешімге қалай айналдыруға болатынын көрдім. Тәуекел-менеджер ретінде мен тәуекелдерді азайту шараларын бақылау, мерзімдер мен жауапкершілік аймақтарын қадағалау, сондай-ақ жиынтық есептер дайындау үшін ЖИ-ді пайдаланудың ерекше әлеуетін көріп отырмын. Бұл қолмен атқарылатын жұмыс көлемін азайтып, тәуекелдерді талдауға және ұсынымдар әзірлеуге көбірек уақыт бөлуіме мүмкіндік берер еді», — деді «СК-Фармация» ЖШС Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару қызметінің бас менеджері Сахават Етимова.
Тренинг Қазақстандағы БҰҰДБ мен «СК-Фармация» ЖШС арасындағы институционалдық әлеуетті нығайтуға және цифрлық шешімдерді енгізуді қолдауға бағытталған ынтымақтастықтың бір бөлігі болып табылады. Практикалық дағдыларға және оларды жұмыс міндеттерін шешуде қолдануға баса назар аудару арқылы бастама Қазақстанның цифрлық құзыреттерді дамыту және мемлекеттік мекемелер мен мемлекет қатысатын ұйымдарда ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалануды қолдау жөніндегі ауқымды күш-жігеріне үлес қосады.