Қазақстанның ірі кәсіпорындары мен халықаралық ұйымдар декарбонизациялау және көміртегі ізін азайту жолдарын талқылады

2022 ж. 3 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Мырзагелдиев

2022 жылғы 3 маусым, Ақтау – Бүгін Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен кәсіпорындар, халықаралық ұйымдар өкілдерімен экологиялық реттеу және мониторинг, өнеркәсіптік өндірістік процестерден ластаушы заттар мен парниктік газдар шығарындыларын азайту тәсілдері мәселелерін талқылау үшін конференция ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Аманғалиұлы Брекешев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, өнеркәсіп секторының өкілдері, энергия тиімді, төмен көміртекті технологиялар мен шешімдерді өндірушілер мен жеткізушілер, мемлекеттік қызметкерлер, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Мырзагелдиев

Қатысушылар энергия тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға жүктемені азайту үшін озық технологиялық шешімдермен, сондай-ақ «жасыл» жобаларды іске асыру есебінен көміртегі ізін өтеу бойынша қазіргі мүмкіндіктермен таныса алды.

«NCOC», «Теңізшевройл», «ERG», Павлодар мұнай-химия зауыты сияқты ірі кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерді жақсарту үшін орнықты тәжірибелерді енгізу тәжірибесімен бөлісті.

«Өткен жылы уақыт талаптары мен халықаралық тәжірибені ескере отырып Экологиялық кодекс жаңартылды. Ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, қоршаған орта сапасын нормалауға бағдар беру, үздік халықаралық тәжірибелер негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату негізгі бағыттар болып табылады. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық ең озық қолжетімді технологияларды қолдануды негізге ала отырып, қоршаған ортаның ластануын болғызбау қағидатын ұстанады»
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев

Өз кезегінде Якуп Бериш мырза БҰҰДБ Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Азаматтық қоғамдастығының және бизнесінің 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мен декарбонизацияға қатысты іс-қимылдарын қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстандағы БҰҰДБ жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу және қабылдау, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын дайындау, Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын өзектендіру үшін көрсетілген қолдауды, сондай-ақ Париж келісімі және климаттық есептілік шеңберінде халықаралық климаттық міндеттемелерді іске асыруда қолдауды қоса алғанда, елдегі негізгі «жасыл» бастамаларға белсенді қолдау көрсетеді.

«Біз каталитикалық және инновациялық құралдарды орнықты дамуға жеке сектордың инвестицияларын жұмылдыру үшін және олардың көміртегі ізін азайту үшін пайдаландық. Мысалдарға «жасыл» облигациялар және декарбонизацияны экономикалық тұрғыдан өміршең ететін көміртегі шығарындыларын өтеу жатады. Мысалы, 2020 жылы Қазақстан үкіметімен және Bitfury халықаралық IT-компаниясымен бірлесіп, қазіргі ормандарды сақтау және олардың ауданын ұлғайту есебінен көміртегі ізін азайту жөніндегі жобаны іске қостық»
Якуп Бериш, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі

Конференция спикерлері өз баяндамалары барысында Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін (ҰДАҮ) және орнықты дамуға қол жеткізудегі прогресті жеделдетуге ықпал ететін ұлттық деңгейдегі басқа да саясаттар мен шараларды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын және ұсынымдарын атап өтті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Мырзагелдиев

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік қоршаған орта күні (5 маусым) – маңызды халықаралық қоршаған орта күні. 1974 жылдан бастап БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) басшылығымен жыл сайын өткізілетін іс-шара әлемдегі миллиондаған адамдар планетаны қорғауға қатысатын ең ірі жаһандық экологиялық платформаға айналды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Мырзагелдиев