Қазақстандағы БҰҰДБ-ң жаңа Тұрақты өкілі тағайындалды
2023 ж. 10 February
10 ақпан, Астана қ. – Катаржина Вавьерниа Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі болып тағайындалды.
Вавьерниа ханымның БҰҰ жүйесіндегі, сондай-ақ үкіметтік емес және жеке сектордағы басқару, қаржы және даму саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Соңғы төрт жыл бойы ол Сан-Томе мен Принсипидегі БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі қызметін атқарды. Ол сондай-ақ бір жарым жыл Сан-Томе мен Принсипидегі резидент үйлестіруші қызметін атқарды.
Осы тағайындауға дейін Вавьерниа ханым БҰҰДБ Малавидегі (2013-2018) Тұрақты өкілінің орынбасары болды. 2008 жылдан 2013 жылға дейін Гвинея-Бисаудағы БҰҰДБ Тұрақты Өкілінің орынбасары қызметін атқарды. 2005 жылдан 2008 жылға дейін Вавьерниа ханым БҰҰДБ-ң Анголадағы кеңсесінде оқыту мен әлеуетті арттыруға және сатып алуларға жауапты болды.
Бұған дейін Вавьерниа ханым бес жыл бойы Оңтүстік Африкада және Мозамбикте үкіметтік емес секторда микроқаржы жөніндегі кеңесші болып жұмыс істеді, онда босқындар үшін табыс әкелетін бағдарламаларды басқарды. Вавьерниа ханым еңбек жолын Польшадағы корпоративтік секторда 1996 жылы бастады.
Вавьерниа ханымның Варшава Экономика мектебінде (Польша) банк ісі және қаржы саласында магистр дәрежесі және Бирмингем университетінде (Ұлыбритания) халықаралық даму (мамандық: жанжал, қауіпсіздік және даму) бойынша жоғары білімнен кейінгі білім туралы дипломы бар.
Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа ала отырып, БҰҰДБ Қазақстанға өзінің ұлттық даму басымдықтарын жүзеге асыруда қолдау көрсетеді. БҰҰДБ елдік бағдарламасы экономиканы әртараптандыру, институттарды жаңғырту, теңсіздіктерді азайту және табиғи ресурстарды тұрақты басқару арқылы Қазақстанның өсу траекториясын сақтауға бағытталған.