БҰҰДБ қолдауымен Алматы облысында шаған ағашын отырғызу акциясы өтті
2023 ж. 30 March
Алматы, 2023 жылғы 30 наурыз – БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Халықаралық орман күніне орай шаған ағашының сирек кездесетін түрін отырғызу бойынша табиғатты қорғау акциясы өтті. «Шаған ағашыңды отырғыз» акциясы аясында Алматы облысындағы «Қарадала» орман қорғау мекемесінің аумағында 2000-нан астам Соғды шағанының көшеттері отырғызылды.
Ормандар – экожүйелердің маңызды бөлігі, және көпшілігінің жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлерінің тіршілік әрекетін қолдайтындықтан биоалуантүрлілік үшін шешуші мәнге ие болып табылады.
Ормандардың климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі де маңызды: олар жылына 7,6 миллиард метрикалық тонна СО2 сіңіреді. Алайда, оларды кесу мен жиі орын алатын өрттердің нәтижесінде атмосфераға көмірқышқыл газы шығарылып, ол Жердегі орташа жылдық температураның көтерілуіне себеп болады.
«Жерді тұрақты пайдалану әдістері сияқты табиғи шешімдердің көптеген артықшылықтары бар, мысалы, парниктік газ шығарындыларын азайту, биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелер мен қауымдастықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі БҰҰ онжылдығында (2021-2030 жж.) белгіленген мақсаттарды ұстана отырып, БҰҰДБ Қазақстан Үкіметіне орнықты ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығын дамыту, бағалы ағаш түрлерін өсіру, тозған жерлерді қалпына келтіру, реликті ағаш түрлерін жаңғырту және орман дақылдарын өсіру процестеріне жаңа технологияларды енгізу бойынша орман тәлімбақтарын дамытуда жүйелі қолдау көрсетіп келеді», –деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Табиғи жағдайда Соғды шағаны Алматы облысындағы Шарын мен Темірлік өзендерінің жайылмаларында ғана өсіп, жалпы популяциясының аумағы 2600 га құрайды. Жер шарының басқа бөліктерінде ол кездеспейді.
«Бүгінде Қазақстанда табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ормандарды қалпына келтірудің оң үрдісі байқалады. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ормандар ел аумағының 5% алып жатыр, ал олардың ауданы 13,6 млн га құрайды. Елде бағалы ағаш түрлерінің миллиондаған көшеттері отырғызылып, жүздеген тонна тұқым жиналады», –деп атап өтті Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Орман шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Мәди Нұрпейісов.
«Алматы облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 3,2 млн га құрайды, оның ішінде орман алып жатқан алап – 1,6 млн га. Облыс аумағында «Алматы облысының 2021–2025 жылдарға арналған орманды молықтыру және орман өсіру алаңдарын ұлғайту жөніндегі кешенді жоспарына» сәйкес 23,4 мың гектар алқапқа 50,3 миллион ағаш отырғызылып, өсірілетін болады. Ағымдағы жылы орман қорының аумағында ағаш отырғызу мен тұқым себу алаңы 3,608 га (7,7 млн дана) құрады, облыстың орманды молықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстары толығымен аяқталды. Жоспарланған жұмыстар жүргізілгеннен кейін облыс аумақтарының ормандылығы 14,9%-тен 15,2%-ке дейін артады», –деп атап өтті Алматы облысы әкімінің орынбасары Рауан Рақымбеков.
Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қолдауымен жүзеге асырылатын БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен жобасы шеңберінде Қазақстанда орман ресурстарын сақтау және басқару жүйесін жақсарту, Қазақстан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) желісі шекараларында табиғатты қорғау құндылығы жоғары ормандар мен олармен байланысты экожүйелер мен биоалуантүрліліктің жоғалуы мен тозуын болдырмау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жоба шеңберінде ерекше назар ЕҚТА желісін дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, сондай-ақ қызметкерлерді табиғи аумақтарға мониторинг жүргізуге және табиғат қорғау іс-шараларын жоспарлауға мүмкіндік беретін заманауи технологияларға оқытуға аударылады.