Қазақстан ормандары: Болашақ ұрпақ үшін табиғи қазына

2022 ж. 17 March

Фото: ПРООН в Казахстане

Ормандар экожүйелердің маңызды бөлігі және Жер бетінде өмір сүру шарты болып табылады. Олар биоалуантүрлілік үшін өте маңызды, көпшілігінің жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлерінің тіршілік әрекетін қолдайды. Сонымен қатар, ормандар миллиондаған адамдардың өмір сүруінің негізгі көзі болып табылады, бұл экономикалық өсу мен жұмыспен қамтуға ықпал етеді.

Неліктен ормандар маңызды?

Сау ормандар маңызды экожүйелік қызметтерді ұсынады. Мәселен, табысы төмен елдерде ормандар кедейлік пен аштыққа қарсы күресте маңызды одақтас болып табылады. Ауыл халқының экономикасы мен әл-ауқатының өсуі орман ресурстарын ұтымды пайдалануға: азық-түлік, жемшөп, тұрғын үй, дәрілік заттар өндіруге тікелей байланысты. Экотуризмде орман биоалуантүрлілігін пайдалану ауылдық қауымдастықтардың әл-ауқатына да оң әсер етеді. Мысалы, әлемдегі қорғалатын табиғи аумақтарға 8 миллиард келушілер орманнан тұратын жерлерге барады. Сонымен қатар, ормандар миллиондаған жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасы болып табылады.

Негізгі қауіптер

Соңғы 20 жылда ормандар ауданы қысқаруда. 2020 жылы тропиктер 12 миллион гектардан астам ағаш жамылғысын жоғалтты, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 12%-ға көп.  Негізгі қауіптер әлі де адамның антропогендік белсенділігімен байланысты. Әлем халқының өсуі, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды кеңейту үшін орманды кесу, сондай-ақ жиі өрттер ормансыздану мен ормандардың құлдырауының және орман биоалуантүрлілігінің жоғалуының қозғаушы күші болып табылады.  Бүгінгі таңда жердің тозуы бүкіл әлемде 3,2 миллиард адамға әсер етеді, әлем халқының ең кедей топтарының 40%-ы деградацияға ұшыраған деп жіктелген жерде өмір сүреді. Бұл адамдардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді және өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлеріне қауіп төндіреді.

Қазақстандағы ормандар

Қазақстан аз орманды елдерге жатады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ормандар ел аумағының 5%-ын алып жатыр, ал олардың ауданы 13,6 млн га құрайды. Олардың жартысына жуығы сексеуілге тиесілі.

Тұтастай алғанда, ормандарды қорғауға, оларды қалпына келтіруге және ұтымды пайдалануға бағытталған күш-жігердің арқасында соңғы жылдары Қазақстанда орман алқаптарының ұлғаю үрдісі байқалады.

Ормандар – климаттың өзгеруіне қарсы күресте құнды ресурс

Бүгінгі таңда ормандар планетадағы көміртектің маңызды қоймасы болып табылады. Алайда, олардың жойылуы және жиі өрттер атмосфераға көмірқышқыл газының көп мөлшерін шығарудың себебі болып табылады, бұл климаттың өзгеру процестерін және Жер бетіндегі орташа жылдық температураның жоғарылауын тудырады. 

Global Carbon Project халықаралық зерттеу жобасының баяндамасына сәйкес, 2021 жылы әлемде көмірқышқыл газының шығарындылары 4,9%-ға артып, 36,7 млрд тоннаны құрады.

Парниктік газдарды сіңіруден басқа, ормандар табиғи апаттардан табиғи қорғаныс тосқауылы болып табылады, су режимін реттеу және топырақ эрозиясының алдын алу арқылы тұрақты ландшафттарды қалыптастыруға көмектеседі.

Қазақстандағы «көміртегі ізін» қысқарту

Париж келісіміне сәйкес, қатысушы елдер парниктік газдар шығарындыларын азайту, сондай-ақ климаттың өзгеру салдарына бейімделу жобаларын жүзеге асыру бойынша міндеттемелерді өз мойнына алды.

Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуға ниетті. 2020 жылы Қазақстан Үкіметі БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) және Bitfury Халықаралық IT-компаниясымен бірлесіп қазір бар ормандарды сақтау және олардың ауданын ұлғайту арқылы «көміртегі ізін» қысқарту жөніндегі жобаны іске асыруға кірісті. 2020-2021 жж. жобамен Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында 67 мың га есепке алынбаған ормандар және Павлодар облысында 47 мың га есепке алынбаған ормандар анықталды, оларды мемлекеттік және жеке орман иеленушілер қорғау үшін мемлекеттік орман қорына енгізу жоспарланып отыр.

Бастаманы іске асырудағы қосымша қадам Павлодар облысында жасыл желектер алаңын құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметін тоқтату нәтижесінде пайда болған орман алқаптарын, сондай-ақ мемлекеттік орман қорынан шығарылған орман алқаптарын қалыптастыру жолымен СО2 жұтуға бағытталған көміртегі жобаларын әзірлеу болады.

Сарапшылардың алдын ала есептеулері бойынша 1990-2020 жылдар кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының есепке алынбаған ормандары СО2-баламасының 6 млн тоннасын жұтып қойды, ал СО2 сіңірілуінің 2020-2070 жылдарға арналған бағасы СО2 баламасының 4,6 тоннасын құрайды.

Болашақ ұрпақ үшін орманды қорғау

Бүгінгі таңда Қазақстан елдің «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдама шеңберінде ормандарды қалпына келтіру үшін елеулі қадамдар жасауда. Осындай бастамалардың бірі БҰҰДБ, Жаһандық экологиялық қор және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ормандардың кесілуі мен тозуының алдын алу, оларды өрттен және басқа да табиғи және антропогендік қауіп-қатерлерден қорғау жөніндегі бірлескен жобасы болып табылады.

Жоба ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін дамытуға, табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын күшейтуге ерекше көңіл бөледі. 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін еліміздің табиғат қорғау ұйымдарын арнайы өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде 16 УАЗ патрульдік автомашинасы, «Фермер» УАЗ 4 шағын орман өрт сөндіру кешені, 3 квадроцикл қауіп-қатер туындаған жерлерге жедел жетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, дрондар сияқты заманауи технологиялардың арқасында 14 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман шаруашылығының қызметкерлері табиғи аумақтарға мониторинг жүргізуге және табиғатты қорғау іс-шараларын жоспарлауға мүмкіндік алады.

Бүгінгі таңда ормандарды қорғаудың көптеген себептері бар. Олар табиғи әлемнің қаншалықты әдемі және нәзік болуы мүмкін екендігі туралы маңызды ескерту ретінде қызмет етеді. Ормандарды сақтау және оларды қалпына келтіру бірлескен күш-жігер мен батыл іс-қимылды қажет етеді, сондықтан адамзат бүгінде барлығына тұрақты болашақ үшін табиғатқа қысымды азайтуы керек.