Тадамон краудфандинг академиясы Қазақстандағы ҮЕҰ мүмкіндіктерін кеңейтуде

2021 ж. 9 August

Пандемия кезінде краудфандинг көптеген үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) үшін қаржыландырудың балама көзіне айналды. Бұл қуатты құрал әртүрлі қаржы институттарына жүгінбестен неғұрлым икемді, жылдам және сенімді қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бірақ қаржыландыруды тарту үшін краудфандинг принциптері туралы түбегейлі түсінікке ие болу керек. Дәл осы жерде краудфандинг академиялары ҮЕҰ үшін шешуші рөл атқарады, оларға науқанды сәтті өткізуге қажетті дағдыларды дамыту үшін қажетті білім береді.

2021 жылғы мамырдан тамызға дейін 29 ҮЕҰ даму мақсатында Ислам Ынтымақтастық Қоры (ISFD) қаржыландыратын, Ислам Даму Банкі (IsDB) басқаратын және БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) іске асыратын Тадамон краудфандинг академиясында оқыды.

Краудфандинг академиясын аяқтағанға дейін, кейбір түлектер өздерінің науқандарын бастап, қаржыландыруға қол жеткізе алды. Біз осындай қатысушылардың бірі - әлеуметтік кәсіпкер, kishkentai жобасының негізін қалаушы, «Белсен» әлеуметтік бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Пармышевамен әңгімелестік. Оның жобасы kishkentai инклюзивті шеберханасы 2019 жылдан бастап ерекше балаларды оңалту және түзету үшін эко-ойыншықтар шығарады.

Мен әлеуметтік кәсіпкерлікке 3 жыл бұрын жеке тәжірибем арқылы келдім. Баланың сөйлеуін түзету кезінде көптеген проблемалар туындады, мысалы: мамандардың қызметтеріне жоғары баға, кешенді тәсілдің қажеттілігі, оқу құралдарының жетіспеушілігі, әсіресе мемлекеттік тілде, тегін мемлекеттік орталықтарға ұзақ кезектер және тағы басқалар. Мен ерте диагноз қою және балалардағы сөйлеуді уақтылы түзету қаншалықты маңызды екенін түсіндім.

Мен үйде сөйлеуді бастауға арналған алғашқы ойын тренажерлерін жасадым, біз оларды сынап көрдік, күн сайын ұлыммен бірге жаттығып, көп ұзамай алғашқы нәтижелерді көре бастадық. Балалардың өз күштері мен әлеуетіне сеніп, мен басқа ата-аналарға да көмектесуге бел будым. Осылайша менің әлеуметтік жобаны – kishkentai құру идеям пайда болды, ол балаларды түзету үшін ойыншықтар шығаруға арналған.


Отбасының барлық мүшелері өндіріске және құрастыруға тартылған бір бөлмелі пәтерде басталған жоба қазір Алматы қаласының орталығында инклюзивті өндірістік шеберхана түрінде жалғасын табуда. Kishkentai брендімен бүгінде логопедиялық, сенсорлық, тыныс алу жиынтықтары мен тренажерлер шығарылады, жақын арада біздің еліміздің және көрші елдердің (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан) түзету педагогтерінің сабақтарында белсенді қолданылатын мамандарға арналған «Shanyraq» сенсорлық кешені мен логопедиялық жиһазды іске қосамыз.

Біздің инклюзивті шеберханада ақыл-ойы бұзылған және есту қабілеті бұзылған жастар (2, 3 топ мүгедектері) және түзету педагогтары өнім жасайды.

Бүгін біз 3 жасқа толдық және өзімізді отандық өндіруші деп сенімді түрде айтамыз. Осылайша қарапайым ананың идеясы өмірлік іс болды – мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың тілін уақытылы түзету арқылы проблемаларды шешуге көмектесетін әлеуметтік кәсіпкермін. 

Біздің команда үшін Тадамон – бұл ең алдымен тәртіп пен өсу. Академия маған үнемі жаңа тәсілдерді іздеуді және коммуникативтік стратегияны дамытуды үйретті. Спикерлердің кәсіби дағдыларынан басқа, біз өз ісімізге көмектесуге ниет білдірген тәлімгерлер командасынан қолдау алдық. Біздің тәлімгер Айя бізбен бірге 24/7 болды және бізді оқудан тыс уақытта да қолдады. Бұл біздің команда үшін өте құнды. Сондай-ақ, оқу үшін ойластырылған платформаны, нақты жазылған бағдарламаны және қолжетімді материалды атап өткім келеді. Үй тапсырмасын орындау бізді супер қаһарман етті.

Қазіргі уақытта біз алғашқы краудфандинг науқанына дайындалып жатырмыз және жақын арада сіз біздің оң нәтижелерімізді көре аласыз деп үміттенеміз. Тадамонға жеке және кәсіби өсуіміз, мықты спикерлері үшін және өзіміз бен өзіміздің әлеуетімізге сенуге көмектескені үшін алғыс айтамыз. Науқан басталғанға дейін біз қажетті соманың 20%-ын жинадық, болашақта бұл көрсеткіштерді арттырамыз деп үміттенеміз.

Тадамон краудфандинг академиясын өткізудің нәтижесінде бірнеше ұйым өз жобаларына қаражат жинауды сәтті аяқтады. Оқыту аяқталды, бірақ Тадамон командасы тренинг қатысушыларына қойылған әлеуметтік маңызды міндеттерді іске асыру және оларға қол жеткізу жолында қолдау көрсетуді және сүйемелдеуді жалғастыруда.