Азаптауларға және қатыгез қарым-қатынасқа қарсы ұлттық алдын алу тетігі – Қазақстандағы жабық мекемелердегі адам құқықтарын қорғаудың негізгі құралы

2021 ж. 10 December

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Жабық үлгідегі мекемелердегі азаптау, қатыгез қарым-қатынас және азаматтардың құқықтарын өзге де бұзу проблемасы құқық қорғаушылардың да, құқық қорғау органдарының да көз қарасында дәстүрлі түрде негізгі мәселелердің бірі болып қала береді.

Қазақстанда 2021 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына 1600-ден астам өтініш келіп түсті. Олардың 163-і медициналық қызмет көрсету, қызмет бабын асыра пайдалану, коммуналдық-тұрмыстық жағдайлардың бұзылуы және азаптауды қолдануды қоса алғанда, түзеу мекемелеріндегі адам құқықтарын бұзу мәселелеріне қатысты болды. «Азаптау» бабы бойынша 2021 жылы іс жүргізуде 655 қылмыстық іс бар, оның 75 пайызы дәлелдемелердің болмауына байланысты тоқтатылған. 

Қазақстанда Азаптауларға және қатыгез қарым-қатынасқа қарсы ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ)

Қазақстанда 7 жыл бойы жабық мекемелерде адам құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтауға бағытталған Азаптауларға және қатыгез іс-әрекеттерге қарсы ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) жұмыс істейді. ҰАТ қызметін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл үйлестіреді және Үкіметтің, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылады. ҰАТ қатысушыларының құрамына қазақстандық азаматтар арасынан іріктеліп алынатын азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер кіреді.

ҰАТ жұмысына тартылған сарапшылардың міндеті – жүйелі, мекемелердің әкімшілігі үшін кенеттен болатын және олардағы адамдардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын мониторингілеу мақсатында адамдарды қоғамнан оқшаулау орындарына жасырын бару.

Жыл сайын ҰАТ қатысушылары бүкіл ел бойынша 3000-нан астам мандатты мекемелерде 500-ге жуық мониторингтік болуды жүргізеді. Мұндай мекемелердің қатарына түрмелерден басқа тергеу изоляторлары, полиция учаскелері, наркологиялық диспансерлер, жетім балаларға арналған денсаулық сақтау ұйымдары, қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары және т.б. кіреді.

2019-2020 жылдары ҰАТ қатысушылары 1012 мониторингтік сапар өткізді, нәтижесінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге келіп түскен сотталған адамдардың өтініштері анықталып, қабылданды. Қамаудағылардың осындай өтініштері Қазақстан оны сақтау бойынша қатысушы мемлекет болып табылатын БҰҰ-дың Азаптауларға қарсы конвенциясының бұзылуы туралы белгі береді.

Пандемия кезінде бақылауды күшейту

Коронавирустық пандемия жағдайында көптеген мемлекеттер жабық мекемелердегі адамдарға баруға шектеулер қойды, осыған байланысты қатыгез қарым-қатынастың қосымша қауіптері пайда болды. Қазақстанда ҰАТ қатысушылары өз жұмысын тоқтатпады және оны бейне қоңыраулардың көмегімен онлайн-режимде жүзеге асырып отырды. 2020 жылы алдын ала бару саны 517-ге дейін ұлғайды, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 22 баруға артық. 2021 жылғы қарашадағы жай-күй бойынша ҰАТ қатысушылары жабық үлгідегі мекемелерге 507 рет барды.

Уәкілетті органдарға арналған ұсынымдар

2021 жылы алдын ала бару қорытындылары бойынша ҰАТ қатысушылары мемлекеттік органдарға адамдарды бағып-күту, медициналық қызмет көрсету, тамақтану, білім беру жағдайларына, қажетті заттай ризықпен және бос уақытын қамтамасыз етуге қатысты 3500-ден астам ұсыным жіберді.

Алайда, ұсынымдардың барлығы емес уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау табады. Мысалы, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 758 ұсынымның 275-ін орындады, 456 ұсыным орындау сатысында, ал 27 ұсынымды бұл ведомство қабылдамады.

Қазақстандағы ҰАТ саласындағы БҰҰДБ қызметі

Заң үстемдігі және адам құқықтарын қорғау тақырыбы елдегі қызметі басталған сәттен бастап БҰҰДБ-ның Қазақстандағы жобалық қызметінің негізгі векторларының бірі болып табылады. Ұлттық заңнаманы адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттармен үйлестіру, БҰҰ шарттық органдарының ұсынымдарын орындау, Азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігін (ҰАТ) қолдау, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері БҰҰДБ-ның мемлекеттік әріптестермен бірлескен жобаларының басты назарында.

Басқа халықаралық ұйымдармен қатар Қазақстанда ҰАТ енгізудің бастамашыларының бірі бола отырып, БҰҰДБ ҰАТ-ты институционалдық нығайтуға және оған қатысушылардың әлеуетін күшейтуге қолдау көрсетеді. Ұлттық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп ҰАТ қызметін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсынымдар әзірленді, ҰАТ-қа жаңа қатысушылар үшін мониторингтік баруларды жүргізу ерекшелігі бойынша оқыту материалдары дайындалды, мониторингтік барулардың нәтижелерін тіркеу, талдау және сақтау үшін цифрлық платформа әзірленді және сынақтан өткізілуде.

Заңнама саласында, атап айтқанда, Үкімет пенитенциарлық жүйенің медициналық қызметтерін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру қажеттілігіне қатысты БҰҰДБ, Penal Reform International және Қазақстанның құқық қорғау қоғамдастығы сарапшыларының ұсынымдарын қабылдады, бұл қамаудағылардың сапалы медициналық қызметтер мен қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізуін жақсартуға мүмкіндік береді. «Нельсон Мандела қағидаларын» немесе олардың адами қадір-қасиетін қамтамасыз ететін тұтқындармен қарым-қатынас жасаудың ең төменгі стандартты қағидаларын одан әрі орындау жөніндегі ұсыныстар қарастырылады.

БҰҰДБ-дың халықаралық және ұлттық сарапшылары жұмысының осы және басқа да нәтижелері мемлекеттік әріптестермен бірлесіп, Қазақстанда адам құқықтарын сақтау және БҰҰ-дың шарттық органдарының ұсынымдарын орындау мәселесін одан әрі ілгерілетуге ықпал етеді.

Жыл сайын әлем жұртшылығы халықаралық Адам құқықтары күнін атап өтеді. Биыл ол 2030 жылға дейінгі Күн тәртібіне және БҰҰ-дың «Ешкімді артта қалдырмау» тәсіліне сәйкес келетін «Теңдік» тақырыбына арналған. Жабық түрдегі мекемелердегі адамдарға қатысты қатыгез қарым-қатынас мәселелері адам құқықтарын қорғаудың түйнді буыны болып табылады және елдің ұлттық басымдықтарына енгізілуі тиіс.