Қазақстан өңірлеріне әлеуметтік жағынан осал халыққа арналған 145 мың дәрі қобдишасы жөнелдтілді

2021 ж. 8 July

2021 жылғы 8 шілде, Нұр-Сұлтан қ. - Қазақстан өңірлеріне әлеуметтік жағынан осал халыққа арналған 145 мың дәрі қобдишасы жөнелтілді. Дәрі қобдишаларын сатып алу және мекенжай бойынша жеткізу  COVID-19-ға дереу ден қою жөніндегі Азия даму банкінің (АДБ), БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) және Қазақстан Үкіметінің бірлескен жобасының шеңберінде жүзеге асырылады. Бастама Жапон Үкіметі қаржыландыратын АДБ жанындағы Азия-Тынық мұхит табиғи апаттарға ден қою қорының (APDRF) қаражатынан бөлінген 3 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі грант арқылы мүмкін болды.

Оның құрамына термометрлер, бетперделер, дезинфекциялық құралдар мен нестероидтік қабынуға қарсы препараттар кіретін дәрі кобдишалары коронавирустық аурудың одан әрі таралуының алдын алуға ықпал ету үшін Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтілді.

«Бұл халықтың ең осал тобын қолдауға бағытталған маңызды және қажетті жоба. Алғашқы медициналық көмек қобдишалары біздің азаматтарға COVID-19 ауруының алдын алуда көмектеседі деп үміттенеміз», - деді Ғалия Жабагина, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары.

«Пандемия басталғаннан бері БҰҰДБ дағдарыс салдарларын жұмсарту мақсатында Қазақстан Үкіметіне жедел көмек көрсетуде. АДБ-мен бірлесіп біз ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің төтенше жағдайларға тұрақтылығын нығайтуға жәрдемдесіп келеміз. Осы жолы біз  Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне дәрі-дәрмек пен жеке қорғану құралдарын сатып алу бойынша қолдау көрсеттік», - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Қазақстандағы АДБ Өкілдігінің басшысы Нариман Маннапбеков былай деді: «Әлемдегі бір де бір ұйым және ел  пандемияны жалғыз өзі жеңе алмайтыны анық болды. БҰҰДБ-мен және басқа да даму жөніндегі серіктестермен тығыз ынтымақтастықта бола тұра, АДБ Қазақстан Үкіметіне пандемиямен күресінде қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Осы жобаның шеңберінде біз Қазақстанға вирустың таралуын тежеуге және пандемияны жеңуге көмектесе отырып, неғұрлым осал отбасыларына қолдау көрсетеміз».

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Гүлнәр Мұқанова өз ведомствосы атынан бүкіл ел бойынша аз қамтылған азаматтарға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеткізу жөніндегі жобаны іске асырған серіктестерге ризашылық білдірді. Оның пікірінше, бұл бастама  мемлекет қабылдаған коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл және экономикалық тұрғыдан қалпына келу жөніндегі іс-шараларға жақсы қосымшаға айналады.

Бұл жобаның іске асырылуы Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ), әсіресе саламатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы аман-саулыққа ықпал ету жөніндегі 3-мақсатқа және олардың «ешкімді артта қалдырмау» деген түйінді қағидатына сай келеді.