Қазақстан Республикасының сот жүйесінің кадрлық саясатын жетілдірудегі заманауи цифрлық және HR-технологиялар

Posted 2020 ж. 25 November

2020 жылдың 25 қарашасында сот болып істеушілерге кандидаттарды іріктеу кезінде, сонымен қатар сот болып істеушілерді алға жылжыту және жұмысын бағалау үшін қолданылатын заманауи цифрлық және HR-технологияларды талқылау жөнінде Халықаралық дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шара заң шығару жұмысы саласында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-әрекеттер процестерін жетілдіру бойынша Әділет министрлігімен бірлескен жобаның шеңберінде Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі және Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму Бағдарламасымен ұйымдастырылды. Жоба Дүниежүзілік банк Қарызы есебінен қаржыландырылады.

Дөңгелек үстелдің жұмысына 100-ден астам адам қатысты, олардың ішінде мемлекеттік органдардың және еліміздің судьялар қоғамдастығының өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар, Еуропа және Орталық Азия елдері судьялық Кеңестерінің, халықаралық институттардың, оның ішінде Еуропа Кеңесі Венеция Комиссиясының, Испания Судьялар мектебі, Франция Ұлттық әділ сот мектебінің өкілдері бар.   

Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Донақов Талғат коронавирус пандемиясы жағдайында 2020 жылы цифрлық коммуникациялық технологиялар қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған кезде, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу жөніндегі жұмысты орнықтыру аясында өткізіліп отырған іс-шара тақырыбының аса маңыздылығы мен өзектілігін атап айтты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында айтқандай, жалпы сот жүйесіне сенім судьяларды іріктеу кезеңінде-ақ қалыптаса бастайды, сондықтан заманауи HR-технологияларды пайдалану лайықты кандидаттарды іріктеуге, іріктеу ашықтығы мен әділдігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Донақов мырза.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар судья қызметіне кандидаттарды іріктеу процесіне, сондай-ақ олардың құзыреттерін бағалау үшін озық цифрлық және HR-технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, сот болып істеушілердің жұмысын бағалау және мансаптық өсуі сияқты сот кеңестерінің қызмет аспектілері қозғалды.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Якуп Бериш өз сөзінде Жоғары Сот Кеңесінің озық сот жүйелерімен бір деңгейде болуға және персонал іріктеудің заманауи тәсілдерін енгізуге бағытталған күш-жігерін БҰҰДБ-ның қолдайтындығын айтты, сонымен қатар алдағы бес жылдық кезеңде заң ұлықтылығы мен әділ сот саласындағы алдағы реформалар БҰҰДБ мен Қазақстанның ынтымақтастық стратегиясының басымдықтары болып табылатындығын атап өтті.


Жүргізілген іс-шараның нәтижелері бойынша іс-шара барысында ұсынылған материалдар жинағын шығару жоспарланып отыр.

Дөңгелек үстелдің бейне трансляциясын мына жерде көруге болады.