Климаттың өзгеруіне қарсы күресті жетекшілік ететін әйелдер

2022 ж. 8 March

«БҰҰ-әйелдер» баяндамасына сәйкес, климаттың өзгеруіне байланысты төтенше жағдай гендерлік теңдікке қол жеткізудегі прогреске қауіп төндіреді. Бұл ретте гендерлік тәсілдер қыздар мен әйелдердің алуан түрлі мүдделері мен қажеттіліктерін айқын көрсетіп қана қоймай, климаттың өзгеру салдарын жұмсарту және оларға ден қою жөніндегі шараларды әзірлеуге, жүзеге асыруға және мониторингілеуге олардың қатысуы мен көшбасшылығын қамтамасыз етуі тиіс. Әлемде парламентшілердің 75%-ы, басқарушы қызметкерлердің 73%-ы, климат жөніндегі келіссөздерге қатысушылардың 70%-ы және бітімгерлердің барлығы дерлік ер адамдар.

Халықаралық әйелдер күніне орай климаттың өзгеруі жөніндегі тақырыппен жұмыс істейтін Қазақстанның әйел сарапшылары климаттың өзгеруінің маңыздылығы мен оның қазақстандықтардың өміріне әсерін атап өту үшін әлеуметтік роликке қатысты.

Гүлмира Серғазина, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының климаттың өзгеруі жөніндегі жобалар менеджері:

“Климаттың өзгеруі әйелдер мен ерлерге әртүрлі әсер етеді. Мысалы, табиғи апаттар кезінде әйелдер мен балалар 14 есе жиі ажал құшады. Ал апаттан аман қалған әйелдер мен қыздар үлкен материалдық қажеттілікке тап болады. Қоғам климаттық өзгерістер салдарынан әйелдер мен балалардың осалдығын, сондай-ақ олардың өзгерістердің серігі ретіндегі маңызды рөлін мойындады.”

Жанна Бабағалиева, климат өзгеруінің Қазақстанның су ресурстарына әсерін болжау жөніндегі сарапшы:

“Болжамдық деректерге сәйкес, Қазақстанда барлық су шаруашылығы бассейндерінде температураның жоғарылауы күтіледі. Нәтижесінде, ғасырдың ортасына қарай ел үлкен өзендердегі су шығыны 20-30%-ға дейін қысқарып, ауа температурасының жоғарылауы жағдайында ауыл шаруашылығындағы су тұтыну өскен кезде айтарлықтай су тапшылығына тап болуы мүмкін.”

Пакизат Сайлаубекова, Жоба менеджері, консультант. Тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі маман:

“Жыл сайын әлемде 300 млн.тонна бір ғана пластик қоқысы тасталады. Оның тек 5%-ы тиімді өңделеді: негізінен ол жай өртенеді немесе тасталады. Қоқыстың үштен бір бөлігі табиғатта қалып, мұхитты, топырақты улантып, айналамызды өзгертеді. Соңғы зерттеулерге сәйкес, басқарушы әйелдердің климаттың өзгеруіне қарсы тұру мақсатында халықаралық келісімдерге қол қою ықтималдығы жоғары. Бірақ Қазақстанда әйелдер мемлекеттік басқару мен табиғатты қорғау бастамаларында жеткілікті түрде ұсынылмаған.”

Светлана Долгих, география ғылымдарының кандидаты, «Қазгидромет»РМК климаттық зерттеулер басқармасының бастығы, климат өзгеруінің Қазақстанның су ресурстарына әсерін болжау жөніндегі сарапшы:

“Планетамыздың климаты шұғыл жылынып келеді, ал Қазақстанның климаты жер шарының орташа климатына қарағанда екі есе жылдам жылынуда. Өткен ғасырдың ортасынан бастап елде әр онжылдық бұрынғыға қарағанда жылы болып келеді. Нәтижесінде, Қазақстан мұздықтарының басым бөлігі осы жүз жылдықтың соңына қарай толықтай еруі мүмкін. Олар өзендер, көлдер мен су қоймаларының қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Судың жетіспеушілігі өсімдіктер мен жануарлардың биоалуантүрлілігіне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен бүкіл ел экономикасына әсер етеді.”