Ешкімді артта қалдырмау: мүгедектігі бар адамдар үшін ғимараттардың қолжетімділігі

2022 ж. 1 February

 
 

Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында біз БҰҰ волонтері және мүгедектігі бар талантты жастарды қолдау жөніндегі БҰҰ Даму бағдарламасының жаһандық бастамасының маманы Мәдина Қарсақпаевамен кездестік. БЦП диагнозына ие болған Мәдина мүгедектігі бар адамдар оқу кезеңінде, жұмыс іздеуде, адамдармен қарым-қатынаста және тіпті қала бойынша қозғалу кезінде оларды қоғамға қосу мүмкіндіктерін шектеуде маңызды рөл атқаратын күн сайын кездесетін кедергілер мен стереотиптер туралы жақсы біледі.

Негізгі кедергілердің бірі – қоршаған ортаға кешенді қолжетімділіктің болмауы екені белгілі. «Дәріханаға немесе кафеге бармас бұрын, мен ол жердің арбамен жүруге ыңғайлы екеніне көз жеткізу үшін қоңырау шаламын», - деп бөлісті Мәдина. Қозғалысы шектеулі көптеген адамдар мұндай проблемаға тап болады. Сонымен қатар, кедергісіз ортаны құру және ілгерілету халықтың басқа топтары үшін де өзекті, мысалы, қарттар, уақытша жарақаттанғандар, арбадағы балалары бар ата-аналар және т. б. үшін.

Қазақстан Үкіметі жан-жақтағы ортаға және көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылдауда. 2015 жылы Қазақстан БҰҰ-дың мүгедек адамдардың құқықтары туралы конвенциясын ратификациялады; 2019 жылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар бекітілді. Құрылыс процесінің әрбір кезеңінде (жаңа объектілерді жобалау және салу кезінде) барлық қажетті қолжетімділік талаптарын қамтитын нормативтік-құқықтық және техникалық база жұмыс істейді. Қолжетімділікке қойылатын талаптардың сақталуын мониторингілеу үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігі, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейі туралы мәліметтерді көрсететін веб-платформалар форматында интерактивті карталар жасалды

Дегенмен, қарапайым пайдаланушылар, ел тұрғындары үшін объектілердің қолжетімділігі туралы ақпараттың болмауы проблемасы бар. Жоғарыда аталған қолжетімділік карталары бұл мәселені шешпейді, өйткені оларда негізінен мемлекеттік мекемелер туралы ақпарат және жеке ұйымдар туралы шектеулі мәліметтер бар. Қазақстанда нарықтық экономикасы бар көптеген елдердегідей қызметтердің көпшілігін жеке сектор ұсынады. Сондықтан елдегі барлық ғимараттардың қолжетімділігін бағалау және ақпаратты қолданушыларға ыңғайлы құралда көрсету маңызды.

Шешімдерді іздеу барысында біз басқа елдердің үздік тәжірибелерін зерттей бастадық. Қырғыз Республикасының тәжірибесі керемет үлгі болды: 2020 жылы ЕҚЫҰ Қызыл Жарты ай еріктілерімен және 2GIS компаниясымен ынтымақтаса отырып, Бішкек қаласында «қолжетімділік картасын» жасау жөніндегі жобаны іске асырды. Бір жыл ішінде қолжетімділік тұрғысынан 3000-нан астам локация тексерілді, ал деректер барлық адамдар үшін ашық қолжетімді 2GIS мобильді қосымшасының базасына енгізілді.

2GIS – штаб-пәтері Новосибирск қаласында (Ресей) орналасқан, 1999 жылдан бастап қалалардың онлайн-карталарын шығаратын халықаралық картографиялық компания. Қолда бар деректер бойынша, ағымдағы күні 2GIS анықтамалық карталары 20,000 елді мекенді қамтиды, оның ішінде әлемнің 11 еліндегі 790 қала. Олардың айлық аудиториясы 55 миллион пайдаланушыдан асады, ал сервис күн сайын 20,5 миллионнан астам іздеу сұрауларын өңдейді. Қазақстанда компанияның өкілдіктері барлық қалаларда дерлік бар.

Эксперимент ретінде әртүрлі деректер көздерін: ашық ресурстарды, 2GIS деректерін, қолжетімділікті зерттеу деректерін және қала тұрғындары ұсынған деректерді пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан қаласының мысалында 2GIS картасын бейімдеу туралы шешім қабылданды.

Эксперимент екі кезеңнен тұрады. Біріншіден, бұл пилоттық аумақтың қолжетімділігіне зерттеу жүргізу және қолжетімділіктің неғұрлым маңызды параметрлерін айқындау. 2GIS қосымшасымен интеграция. Екіншіден, қоғамдық ұйыммен ынтымақтастықта, волонтерлер мен мүгедектігі бар адамдарды тарта отырып, қаланың барлық аудандарының қолжетімділігіне зерттеу жүргізу. Толық деректерді қосымшаға енгізу.

Эксперименттің бірінші кезеңінің нәтижелері Нұр-Сұлтан қаласының Сулы-жасыл бульвары бойындағы қаланың орталық бөлігіндегі 100-ден астам нысанды бағалау болды. Бұл жаңа құрылыс болғанына қарамастан, нысандардың 80 пайыздан кемі қолжетімділік талаптарына сай келді. Онда ғимаратқа қозғалысы шектеулі адамдар үшін кедергісіз кіру сақталған әртүрлі мақсаттағы 18 нысан ғана жіктелді. Барлық деректер тиісті ұйымдардың карточкаларына енгізілді және енді 2GIS Нұр-Сұлтан қосымшасында қолжетімді.

Халықтың қолжетімділік туралы хабардар болуын арттыру үшін бағалаудан өткен ұйымдардың кіру есігінде орналасқан арнайы жапсырма-маркерлер әзірленді. Сондай-ақ, қосымшада сіз «Қолжетімді орта» таңдауын таба аласыз, онда 18 компанияның әрқайсысы туралы толығырақ ақпарат бар немесе керекті орынды тез табу үшін «Мүгедектігі бар адамдар үшін» сүзгісін қолдана аласыз. 

Біздің бақылауларымыз:

Біріншіден, елдік кеңсе мен БҰҰДБ-ның әлеуметтік қорғау жөніндегі жобасын қолдау осы бастаманы іске асыруда маңызды рөл атқарады. Инклюзия және қолжетімділік саласында терең кәсіби білімі бар әріптестер дұрыс бағыт және сараптамалық кеңес бере алады. Сондай-ақ, олар мүгедектігі бар адамдар мәселелерімен айналысатын ҮЕҰ мен басқа да ұйымдар кіретін экожүйе туралы ақпаратпен бөлісе алады

IT өнімін иеленетін жеке компаниямен серіктестік құру осы бастаманың тұрақтылығына ықпал етеді. Қолжетімділік туралы ақпарат өзекті болып қалуы үшін бүкіл қаланың қолжетімділігіне жылына кемінде 1 рет бағалау жүргізу қажет. Бұл эксперимент әдіснаманы құруға және бастапқы деректерді біріктіруге мүмкіндік береді, алайда тек жүйелік тәсіл бұл тәжірибенің одан әрі өмір сүруіне мүмкіндік береді. 2GIS басқарушы компаниясы «қолжетімділікті» барлық филиалдардағы қосымшада көрсетілген міндетті критерийлердің бірі ретінде жасау ресурстары мен ниеттеріне ие.

Нысандарды бағалау кезінде алдымен кіру тобын бағалау керек, өйткені лифттерге, жуынатын бөлмелерге және басқа үй-жайларға ғимаратқа кіру мүмкін болған жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Құрылыс нормалары пандустар мен тұтқалардың параметрлерін, өлшемдері мен биіктігін белгілейді. Алайда, объектілерді бағалау кезінде біз еркін кіруге кедергі келтіретін басқа да кедергілерге тап болдық. Олардың ішінде жиі кездесетіні - қозғалыс жолында бөгде заттардың болуы( урна, постер, декор заттары), ғимараттың өзіне кіре берістегі жоғары табалдырық, тар есіктердің болуы, пандустардың тайғақ беті, жабық немесе тік пандустар.

Қолжетімділіктің кейбір элементтері функционалды емес. Мысал ретінде ғимараттың қасбетінде орналасқан қоңырау батырмасы болады. Мұндай батырма мүгедектігі бар адамға көмек қажет болса, мысалы, баспалдаққа көтерілу үшін маңызды. Алайда, іс жүзінде, көп жағдайда бұл батырмалар жоқ, егер бар болса, олар жұмыс істемейді. Немесе бұрышы 30-45 градус жиі кездесетін пандус – ол бар сияқты, бірақ қолдануға жарамсыз және тіпті қауіпті. 

Эксперименттің келесі кезеңі 2022 жылдың бірінші жартысында іске асырылады деп жоспарлануда. Біз қаладағы объектілердің қолжетімділігіне кәсіби бағалау жүргізетін қоғамдық ұйыммен ынтымақтасатын боламыз. Сондай-ақ біз волонтерлік ұйымдарды тартамыз, мүгедектіктің әртүрлі нысандарының өкілдерімен фокус-топ құрамыз. Ойлау дизайны элементтері мен ұжымдық интеллект құралдары бар жұмыс пікірсайыс сессияларын өткізу жоспарлануда. Біз үшін әртүрлі пікірлер, тілектер мен идеяларды қосу және ескеру маңызды. Халықтың кеңінен қатысуы үшін біз адамдарды қосымшаға қолжетімділік туралы ақпаратты өз бетінше енгізуге ынталандыруды, сондай-ақ ұйымдарды бизнес қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ынталандыруды жоспарлап отырмыз.

Бұл шағын эксперимент стереотиптер мен кедергілерге орын жоқ, «ешкім артта қалмайтын» неғұрлым инклюзивті және тең құқықты қоғамға тағы бір қадам жасауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.