«Қала тынысы»: Алматыға – таза ауа

2023 ж. 14 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Марал Рахымжанова

«Алматыға таза ауаны қалайша қайтаруға болады?» – осы сұрақтың жауабын мегаполисте Қазақстандағы БҰҰДБ Акселератор зертханасы мен «Қалалық эксперименттер қорының» қолдауымен өткен «Қала тынысы» атты алғашқы сессияның қатысушылары іздеді. Кездесуге мемлекеттік сектор, бизнес, коммерциялық емес ұйымдар мен білім беру мекемелері сияқты әртүрлі салалардың 40-қа жуық өкілі қатысты.

Алматы ауасының ластану мәселесі – оны шешу үшін кешенді, жүйелі тәсілді талап ететін күрделі мәселе. Мұнда тек ластану көздерін ғана емес, сонымен қатар қоғам мүдделерін, экономиканы, саясатты, көлік жүйесі мен құқықтық факторларды да ескеру маңызды. Сондықтан бұл тақырып бойынша пікірталас алуан түрлі саладағы сарапшылардың қатысуын талап етеді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Ардақ Сатбаев

Алматыда өткен сессия барлық мүдделі тараптардың өкілдерін жинаған тап осындай алаңға айналып, идеялармен қызу әрі ашық алмасуға және Алматы ауасының ластану проблемасының инновациялық шешімдерін зерделеуге жағдай жасады. Қатысушылар қазіргі сын-қатерлерді талқылап, ықтимал шешімдерді ұсынды және экология саласындағы бірлескен іс-шараларды белгіледі.

Кездесуде БҰҰДБ сарапшылары мен Dark Matter Labs халықаралық консалтингтік компаниясының консультанттары одан әрі талқылау және басымдықтарды анықтау үшін осы саладағы негізгі тұлғалармен жүргізілген зерттеулер мен сұхбаттардың нәтижелерін ұсынды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Ардақ Сатбаев

Іс-шарадағы маңызды сәттердің бірі ауаның ластануы саласындағы әлемдік сарапшы профессор Фрэнк Келлимен тілдесу болды. Ол ауаның ластануымен күресудегі Лондонның табысты тәжірибесі туралы, соның ішінде көлік ең көп жүретін көшелерге қосымша ақы алу және зиянды заттардың аса төмен шығарындылары аймақтарын құру туралы айтты. Сонымен қатар, Dark Matter Labs сарапшылары басқа қалалардың ластану мен экологиялық қауіптермен күресу тәжірибесімен бөлісті.

«Қала тынысы» сессиясы әртүрлі бағыттағы сарапшылар арасында пікір алмасудың тиімді алаңына айналды. Қатысушылардың көбі өзекті экологиялық мәселелер бойынша ашық диалогтың осындай іс-шараларын жиірек өткізу керек десті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Ардақ Сатбаев