БҰҰ Даму бағдарламасы мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанның төмен көміртекті даму жолын қолдауға бағытталған ынтымақтастық мәселелерін талқылады

2023 ж. 10 April
Фото: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгін БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменовамен кездесті. Тараптар елдің климаттық өзгерістердің әсеріне тұрақтылығын нығайтуға, «жасыл» экономика құралдарын жетілдіруге және Қазақстанның табиғи ресурстары мен экожүйелерін орнықты пайдалану мен сақтауға инвестиция салуды ынталандыруға ықпал ететін қолданыстағы 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарлама шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қатысты пікір алмасты.

Кездесу барысында БҰҰДБ Тұрақты өкілі БҰҰДБ-ң ел Үкіметінің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы шешімін құптайтынын атап өтіп, сондай-ақ осындай маңызды тұжырымдамалық құжаттың қабылдануымен құттықтады. Вавьерниа ханым, сонымен қатар, осы өршіл мақсатқа жету үшін жеке инвестицияларды тарту өте маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, Вавьерниа ханым БҰҰДБ-ң «жасыл» әрі әділ энергетикалық ауысуға жәрдемдесу және жеке секторды биоалуантүрлілікті орнықты дамыту мен сақтау жөніндегі бастамаларды іске асыруға тарту мақсатында эмиссиялық квоталарды есепке алу, жасыл субсидиялар, кредиттер бойынша жасыл кепілдіктер, жасыл облигациялар және т.б. сияқты бірқатар инновациялық құралдарды енгізетінін хабарлады.

Фото: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі

Сүлейменова ханым БҰҰДБ-ға алдыңғы климат жөніндегі Тараптар Конференцияларына (ТК) дайындық пен келіссөздер кезінде үкіметке көрсеткен техникалық қолдауы үшін алғысын білдіріп, биыл Қазақстан президенті Дубай қаласында өтетін келесі ТК-ға қатысып, онда өзінің көміртекті бейтарап әрі климатқа төзімді болашақты құруға шынайы берілгендігін мәлімдеуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Тараптар, сондай-ақ, Жаһандық Экологиялық Қор, Жасыл Климаттық Қор, Қазақстан Үкіметі және басқа да донорлар қаржыландыратын ағымдағы «жасыл» жобаларды, олардың ішінде климаттық өзгерістерге бейімделу жөніндегі бастаманы, Арал теңізі бойынша өңірлік жобаны, Каспий теңізіне арналған кешенді бағдарламаны, Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жөніндегі жобаны және шағын гранттар бағдарламасын талқылады.

Фото: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі

Тараптар, сондай-ақ, климат өзгеруінің салдарларын жұмсарту жөніндегі бастамаларды іске асыру үшін Париж келісімі шеңберінде қаржыландырудың әлеуетті мүмкіндіктерін талқылады. Олардың бірі – жақында БҰҰДБ қолдауымен ұйымдастырылған Жапонияға барып танысу сапары кезінде Жапонияның ресми өкілдері мен Қазақстан делегациясы арасында талқыланған елдердің климат саласындағы міндеттемелерін орындауға арналған жаңа құрал – «Бірлескен кредит беру тетігі» (БКТ). Вавьерниа ханым БҰҰДБ-ң Қазақстанға көміртегі нарықтарына қол жеткізуге көмектесу үшін тиісті ұйымдастырушылық іс-шараларды, хаттамалар мен нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге көмектесуге дайын екенін растады.

БҰҰДБ елдің дамуына тәуелсіздік алғаннан бері атсалысып келеді; ол ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейлерде суару желілерін жаңғыртудан бастап орман шаруашылығын экологиялық тұрғыдан ұтымды жүргізуге дейін, полицияның жұртшылықпен жұмысының үлгісін сынап көруден бастап халыққа неғұрлым тиімді қызмет көрсету үшін мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің цифрлық трансформациясына дейінгі түрлі салаларда жалпы құны 200 миллион АҚШ долларынан асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асырды. Қазіргі уақытта елдегі БҰҰДБ қызметі ұлттық даму басымдықтарымен байланыстырылған Елдік бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылады.